Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ханталапай 3253 0 пікір 14 Қыркүйек, 2016 сағат 20:05

МАТАЕВ ІСІ ҺӘМ 143 МЛН. ТЕҢГЕ

Астанадағы №2 Есіл аудандық сотында Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, «ҚазТАГ» халықаралық ақпараттық агенттігінің бас директоры Әсет Матаевтың қылмыстық ісі бойынша куәгерлерден және зардап шеккен тарап өкілдерінен жауап алу одан әрі жалғасуда.

Соттың бүгінгі отырысында зардап шеккен тарап – «Қазақтелеком» АҚ Сейітқазы Матаевтан 143 млн. теңге өндіріп беруді өтінді. Зардап шеккен тараптың шағымын «Қазақтелеком» АҚ-ның қызметкері Айгүл Даирова оқып берді. Тергеудің нұсқасы бойынша, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Сейітқазы Матаев 2011-2013 жылдар аралығында қызмет түрлерінің құнын көтеру жолымен «Қазақтелеком» АҚ-на жарнамалық-ақпараттық материалдарды орналастыруға бөлінген 398 млн. теңгенің 143 млн-ын ұрлаған. Мұндай алаяқтықты іске асыруға «Қазақтелеком» АҚ-ның стратегиялық басқару жөніндегі бас директоры Батыр Маханбетажиев көмектеседі. Ол куәгер ретінде сотқа берген түсінігінде өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің мүддесіне қызмет еткенін жасырмай айтқан болатын.

«Сейітқазы Матаев үш жыл бойы «Қазақтелекомға» әдейі көтерілген баға бойынша есеп-шоттар мен атқарылған жұмыстар туралы актілерді тапсырып келген. Бұл әрекетін қылмыстық істің материалдары растайды. Осылайша С. Матаев «Қазақтелеком» АҚ-ын қызмет құнына қатысты шатастырып, материалдық шығынға ұшыратты. Қылмыстық істің материалдарында дәлелденгендей, «Қазақтелеком» АҚ-ның жарнамалық-ақпараттық материалдарын іс жүзінде компанияның өз қызметкерлері шығарып келген. Олар баспа БАҚ-тармен өздері келіссөз жүргізіп, материалдар шығаруға өтініш берген»,- делінген шағымда.

Тергеу барысында анықталғандай, Сейітқазы Матаев өзінің беделін пайдалана отырып, Батыр Маханбетажиевке компанияның қызметін жарнамалауға қатысты тендерді ұтып алуға көмектесуді өтінеді. Атап айтарлығы, С. Матаев жарнамалық материалдарды БАҚ-тарға орналастыруда газеттер мен компанияның арасындағы делдал ретінде әрекет еткен. Ал Батыр Маханбетажиев мемлекеттік сатып алу ережелері бойынша қосалқы мердігерлікке беруді ықшамдау қажеттігін алдын ала білсе де, Сейітқазы Матаевтың ұсынысымен келіседі. Сөйтіп ол өз қызметкерлеріне тендерлік құжаттарды белгіленген тәртіпке сәйкес дайындауға С. Матаевқа қол ұшын созуға тапсырма береді.

Сотқа дейінгі тергеуден мәлім болғанындай, Сейітқазы және Әсет Матаевтарға «алдау мен сенімді теріс мақсатқа пайдалану жолымен бюджеттің 300 млн. теңгесін ұрлады», сондай-ақ «200 млн. теңгеден астам соманың салығын төлемеген» деген айыптар тағылып отыр.

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1502
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3273
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5696