Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3358 0 пікір 5 Қыркүйек, 2016 сағат 11:53

Шардарада екі жаңа білім ошағы ел игілігіне берілді

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 мектеп! Облыстағы пайдалануға берілген осы білім нысандарының екеуі Шардара ауданына тиесілі. 

Жаңа оқу жылында ауданның Қ.Тұрысбеков ауылындағы Абылай Әлімбетов атындағы және қаладағы Құрманғазы атындағы жалпы орта мектептеріне қосымша салынған екі қабатты 200 орындық жаңа мектеп ғимараттары салтанатты түрде ашылып, оқушылардың игілігіне берілді.

Екі мектептегі шараға облыстық мәслихаттың хатшысы Қамытбек Айтөреев пен аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысып, тұрғындардың қуаныштарын бөлісті. Елбасы саясатының арқасында пайдалануға берілген қос ғимаратқа құтты болсын айтысты. 1 сыныпқа қабылданған оқушыларға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің Отаным – Қазақстан» атты кітаптарын салтанатты түрде табыстап шықты.

Абылай Әлімбетов атындағы білім нысаны аудандағы қарашаңырақ мектептің бірегейі болып саналады.Іргетасы 1928 жылы қаланған мектеп-интернатта, негізінен, жетім балалар мен малшы балалары білім алған екен. Ескі нысан 1974 жылы әбден тозығы жетіп, құлаған. Осы жылдары мектептің тізгінін ұстаған ардагер ұстаз Ақылбек Оспановтың айтуынша содан бері қаншама жерге өтініш білдіргенімен жаңа ғимарат салуға ешқандай мүмкіндік болмаған. Кеңестік дәуірде сәті келмеген білім ордасының бағы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында жанып отыр. Жиында А.Оспанов интернат үлгісінде салынған қарапайым ғимаратта қырық жылдан астам уақыттан бері тығылысып бала оқытып келген ұстаздар қауымын қуаныштарымен құттықтады.

Қаладағы Құрманғазы атындағы жалпы орта мектеп ұжымының да қуаныштарында шек болған жоқ. Ардагер ұстаз, ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Мұхамбет Мұңалбаев жаңа мектеп салу жөніндегі тұрғындардың өтінішіне оң көзбен қарап, соңғы үлгідегі екі қабатты ғимарат салуға қол ұшын берген бұрынғы аудан әкімі Қамытбек Айтөреевке алғысын жеткізді.

А. Әлімбетов атындағы орта мектептің табалдырығын биылғы жылы 47 бүлдіршін аттаса, Құрманғазы мектебінде 82 оқушы 1 сыныпқа барып отыр. Ал, аудан бойынша 1985 оқушы мектеп босағасын жаңадан аттады.

Білім саласындағы мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, жаңа жылға дейін қаладағы Мұнай базасы ауылында 60 орындық, Алатау батыр ауылында 900 орындық жаңа мектептің құрылыстары басталмақ.

Abai.kz  

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578