Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 6630 0 пікір 1 Қыркүйек, 2016 сағат 12:31

ПРОФЕССОРДЫҢ СОҢҒЫ МАХАББАТЫ

Профессор Мәдіхан Шәнкібаев төсегінде қаншалықты дөңбекшігенімен кірпіктері айқаспай-ақ қойды.  Жасы жетпістен асса да  сырт көзге  алпыстың о жақ, бұ жағында көрінетін, ұйқы мен тамаққа, тіпті басқа жағына да құдайға шүкір жарап тұр.  Жастыққа басы тисе болды «қор» ете түсіп, ертеңіне жаратылған жүйріктей ширығып жүреді.

Бүгінгі ұйқысыздықтың жөні бөлек, сағатқа қараса түнгі үшті көрсетіп тұр екен.  Ас үйге шығып, есігін жауып алып, балаларды оятып алмауды ойлап, абайлап жүріп, мұздатқыштан ашыған көже құйып ішті.  Онан соң, ұйқы бермеген тәңір алғыр хатты тағы  қайталап оқымақшы болды.

Хаттың мағынасы көңілінде сайрап тұр, оны қайталап оқығысы келсе де батылы жетпейтіндей.  Хаттың ішінде жазылғандардың бәрі шындық, оны бұның көлеңкесі болып жүрген екінші Шәнкібаев жазған сияқты.  Өзінің өмірін, тіпті көлеңкелі жақтарын да өзінен басқа адам біледі деп, соның ішінде «соңғы махаббатым» деп атайтын сол әйел біледі деп ойламайтын, оның өміріндегі кейбір жағдайларды  елу жыл бірге отасып келе жатқан кемпірі де білмейтін.  Ал мына әйел тура ішіне кіріп шыққандай болыпты, жазған хаты мақтамен бауыздағаннан бетер, тура қара құсынан тапаншамен басып салғандай.  Орнынан тұрып өмірі істемеген нәрсесін істеп, жарықты өшіріп,  терезені ашып, түнгі көрініске көз салды. Ай сүттей жарық болғанымен ауада ызғар бар, иә бірде ол әйел «ағай бірталай жасқа келген адамсыз, қылтың - сылтыңызды қойсаңызшы»-дегенде, «сен менің соңғы махаббатымсың ғой» - деген сөз аузынан шыққан.

Сол әйелді неге жақсы көргенін өзі де түсінбейді. «Аттас зарядтар бірін-бірі тебеді»-дегендей ол әйел бұған түгелімен қарама-қарсы тұлға  болған соң шығар, тартатын да тұратын.  Ол кәдімгі қарапайым ғана әйел болатын, жұрттан асып бара жатқан  еш нәрсесі жоқ.  Бір ғана ерекшілігі – шыншыл, тіпті ол әйелдің адалдығы мен шыншылдығынан, жан дүниесінің тазалығынан және жәй ғана шегелеп сөйлеп, «ақты ақ, қараны қара»-дейтін мінезінен әрине, түзу жолмен жүретін адал адамдарға ешбір қорқыныш жоқ. Қарапайым сөзінен, жүріс тұрысынан бір шуақ төгіліп тұрады, басқа планетадан келген адам секілді. Өтірік сөйлеп, өтірік күлуді де, қорқуды да білмейді. 

Одақ ыдырағаннан кейін облыс орталығы болып табылатын жасыл желекті, күн шуақты қалада қаптаған жеке жоғары оқу орындары ашылды да, олардың арасынан қазіргі жастар жаппай баратын мамандықтағы сирек кездесетін ғылым докторы болғандықтан, Алматыдан келген профессор Шәңкібаев қолдан қолға тимей кетті.

Оқу орындарының докторлары «балаларыңызды, немерелеріңізді

әншейін оқытамыздан» бастап, «үй береміз, қосымша қомақты көлемде жалақы тағайындаймыздан» аяқтап,  тіпті «сабақ беруге қолыңыз тимесе, анда-санда төбе көрсетіп, жалақы алуға келіп тұрсаңыз болды, сабақты орныңызға басқа оқытушылар өткізе береді ғой» дегенге көшіп, профессордың басын айналдырып алған.   Профессор бұдан отыз жыл бұрын докторлықты жетектеп жүріп қорғатқан бажасына риза болып, докторлық атағының арқасында аспаннан жауған жемістерді тере берді. Өзін жеке оқу орындарының басшылары тіпті еркелетіп жіберді.  Бір университеттің  қаржы бөлуінің арқасында жиырма жыл бұрын  шыққан кітабына бір аспирантына аз өзгерістер енгіздіріп шығартып, студенттерге алдыруға кафедраларға бөліп берді. Алматы мен Қарағандының  оқу орындарында  орташа оқып жатқан немерелері мен жиендерін өзі істейтін осы облыстағы мемлекеттік оқу орындарына ауыстырып «өте жақсы» оқытып қойды.  Әр жердегі  оқу орындарында бұрыннан істеп жүрген оқытушылар, оқу шеберлері, қызметкерлер мен  лаборанттар «қысқартуға» түсіп,  орындарын «заңды» түрде профессордың туысқандары мен сүйіктілеріне босатты.  Оңтүстіктегі қаптаған жеке оқу орындарының ректорларының мысы құрыса да профессордың айтқанын істеуге мәжбүр болды. Өздеріндегі заң факультеттерінде сабақ береді дейтін ғылым докторы атағы бар профессор сабақ өткізсін, өткізбесін өте керек еді. 

Бірақ, бұның барлығы профессор үшін аз көрінгендей.  Сүйекке сіңген әдет қалады ма, профессордың сол сүйекке сіңген  басты екі жағымсыз әдеті бар еді, жаңа жерге келгеніне бірнеше ай өтпей жатып, сол жаман әдеттері  бас көтере бастаған.  Оның бірі орынды, орынсыз жерлерде сөйлеп қалу, өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысу болатын. Жиналыс, кеңес, конференция, кездесулер болса, профессор  міндетті түрде сөз алып,  өз өмірін жарнамалап, қандай атақты адамдармен кездесіп, қандай дарындармен табақтас болғанын, қандай  шет мемлекеттерде симпозиумдарға қатысқанын айтып, мінбелерден түспей тұрып алатын болды.  Біреулер оған іштей күлсе, екіншілері «енді жетпістен асты, алжи бастаған шығар»-десті, оған бір жағынан профессордың жауап беретін нәрсе болса, «е-е, ұмытып кетіппін, кәрілік қой, жұмысты қояйын десем, өздерің болмайсыңдар» - деп, талап еткіштердің өздеріне жабысатын. Жоғарыдағыларға өздері басқаратын оқу орындарының жақсы жақтарының бірі-ең жоғарғы кәсіби білікті, таңдаулы профессор оқытушылар құрамы жұмыс істейтінін дәлелдеп, «оқытушылардың  пәлен пайызы доктор, пәлен пайызы ғылым кандидаты»-деп есеп беретін оқу орындарының басшылары сирек кездесетін заң ғылымының докторы, профессор Шәңкібаевқа  қарсы келе алмай іштерінен тынатын.

Ал екінші жаман әдеті – жас қыздарға, әйелдерге қырындау, реті келсе етектіні құр жібермеу.  Ондай кезде профессор «Олар әдемі, олар қылықты, олар тартымды болмаса, мен де қырындамас едім» -деп, бір жағынан оларды кінәләса, екінші жағынан, өзінің осы жасқа келгенше аттан түспей, өзінің айтуынша  «байталдарға шабатын  жүйрік» екенін мақтан тұтатын. Өткенде бір медик профессор қазіргі ахуал мен экологияның кесірінен қырыққа жетпеген еркектердің пәлен пайызы бала туғызуға қабілетсіз болса, пәлен пайызы төсек қатынасына жоқ екен деген.  Жетпіске келгенше жарап тұрғаны - бұл да бір құдайдың берген несібесі болса керек. Кемпірі болса анау, бес баланы туып, «мені әбден шаршаттың, тоқал аласың ба, нақсүйерің бола ма, не істесең оны істе, диабетім бар, денсаулығым жоқ, маған жақындама, алпыстан асқанша тыныштық таппайтын қандай сорлысың, келін, немере бар, ұят емес пе?»-деп, қасындағы орнынан  оншақты жыл бұрын қуып шыққан.   Бірақ, профессордың «жүйрігі» ұятпен де, «әжем мен атамның қасына жатам» - дейтін немерелермен де санаспады.  Жымиған қыз көрсе де, ұрынуға қара таппай, бірдеңе іздегендей болып, омырауын ашып жүретін сары қарын әйел көрсе де, сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпеген кемпір көрсе де, «атойлаған жүйрігі» профессордың дегбірін алатын. Тек соңғы кезде ғана профессорды қараптан қарап тер басып, жиі шаршайтын болғалы «жүйрігі де» жүрісінен жаңылғандай болып жүр, ұйқыға кетіп бара жатқан мысықтай басын марғау ғана анда-санда бір көтереді. Бойында неше жыл бойы жолдас болып, не бір тәтті сәттерді сыйлаған күштің кетіп бара жатқанын байқаған ол, оның барынша рахатын көріп, пайдаланып қалуға тырысты.

Осы қара торы, дөңгелек жүзді Әсемді кездестіргелі профессордан шынымен маза кетті.  Сыртынан байқап жүретін профессор бір күні оның отыратын жеріне барып, оқуды қай жерде, қашан бітіргенін сұрап алды. «Мен сабақ бердім бе?»-деп сұрап еді, ол көңілсіздеу ғана «жоқ» деді.  Бірақ, профессор Әсемнің бұнымен кездесуден қашатынын ғана емес, көздері ойнақшып тұрған жас қыздарға да «пас» жүйрігінің тек Әсемді көргенде ғана «бас көтеретінін» байқап үлгірген. Профессор  ойына алған істеріне қандай жолдармен болса да жетіп тынатын.  Қырықтың қырқасынан асқан Әсем атағы мен ақшасы үшін аяғына оратылған он сегіздегі қыздармен салыстырғанда кім дейсің, аз-ақ күнде қолыма түсіремін - деп ойлаған ол,  өзіне өзі сенімді еді.

«Жүйрігі» де  марғау, өткенде сессия кезінде, емтихан тапсыруға келген сары қыздың әдемі жүзін көргеннен-ақ, ойына жас кезінде жиі қолданатын қулығы сап ете қалды. Қолындағы билеті бойынша жауап беруге кіріскен студент қызды сөзін бөлместен тыңдады, бірінші сұрағына жауап беріп, «сұрағыңыз бар ма?» дегендей жәудірей қараған қызға «жауабыңды айтып болдым деп ойласаң, келесі сұрағыңа көше бер» - деді салқын ғана.  Қанша жақсы жауап берсе де баға қоймайтынын біледі, себебі, профессор Шәңкібаев  солай шешіп қойған. Студент қыз жауап беріп болғанда «шырағым келесіде дайындалып кел»-деді. Түк түсінбей қалған қыздың жүзі күреңітіп кетті, емтиханнан соң, жақсы оқитын студент еді, не болды?-деп,  қақылдап сұрап қоймаған топ тәлімгеріне: «ол қызың басқа нәрселерді айтып лағып кетті»-деді. Басқа нәрселерді айтып, лағып кетпегенін дәлелдеп көрсін! Ерке профессордың ол қызбен оңаша кездескісі келсе қайтеді енді. Қайта емтихан тапсыратындарды біраз әуреге салды, екі-үшеуін қабылдап, қалғандарын «жиналысым бар»-деп қайтарып жіберді.  Тек өзі ғана білетін қитұрқылыққа салып, сол әдемі студент қызбен оңаша жолықты-ау,  әйтеуір. Әдемі қыздың алдында профессор өзін үлкен тұлға ретінде сезінді. «Қай облыстансың?»-деп әңгімеге тартып еді, әңгіме  өрбімеді.  Бар кітапты жаттап алған ба, қойған сұрақтарына автоматтан жаудырған оқтай, тарсылдатып жауап береді. Ақыры, ретін тауып қыздың білегінен ұстады, өлі жанның денесіндей мұздай екен. «Жүйрігі» бас көтермек түгел, қыбырламады да, өзіне-өзі сенбей тұр.  Қыздың көңіл-күйімен еш шаруасы жоқ.  Орнынан тұрып, бір-екі қадам басып, орнынан тұрған студент қыздың  қасына келді, мүмкін ыстық демі шарпыса, бір әдемі күйге енер? Жоқ, еш өзгеріс жоқ. Қызды ең соңына қалдырған.  Студенттердің көбі демалысқа, ауылдарына кетіп қалған. «Қасында күткен жолдас  қызы жоқ па екен?»-деп, алдын-ала байқаған. Бұрынғы жас кезі болса, бұрын еркек көрген қызды жазбай танып,  ат үсті, түйенің қомында «туралап» жүре беретін  сәті келіп - ақ тұр. Еркек көрген қыз екені көрініп тұр, «келсең кел, көріп алдым дегендей», бірақ, неге бекінгені белгісіз, айтқанына көнуге ме, әлде аяқ астынан айқай шығаруға ма?  Бірақ, «жүйрігі» бүк түсіп жатыр.  Әнтек қимылдап, қыздың жанына келіп, төсін ұстап сығымдады, көзін жұмып, тәтті бір ләззаттың дәмін татқысы келгендей «ох, дүние-ай»-деп, әдетінше дүр сілкінгісі келген, ештеңе шықпады, қыз да статуя секілді қатып қалған, мұздай болып тұр. Ешқандай реакция жоқ, профессор  тағы да іштей, мендей шалды болмаса да, «талай жігітті көргені кәміл»-деп ойлады .  

Әдемі түрі өлі суреттей болған қыздан аяқ астынан тез  құтылғысы келген профессор қандай баға алғысы келетінін сұрады.  Қыз «бес» деді. Іштей «бұл пәнді мен де беске білмеймін»-деп ойлаған ол, бағаны үнсіз қойып берді.  Қыз шығып кеткенде барып өзін қара тер басып кеткенін сезінді, бұдан біраз бұрын кемпірін бажылдатып «арқам шаншып тұр, уқалап бер»-деп сылтауратып, бөлмеге кіргізіп алып шала-пұла істеген тірлігін «соңғы жігіттігім»-екен деп, түйген. 

Профессор ойдан сергіп, жарықты жағып, орнына қайта отырды. Қолына әдірақалғыр хатты қайта алды, үш парақ компьютерге жазылған хат, аты-жөнін көрсетпеген, соңына тек түсініксіздеу қол қойылған. Біреулердің қолына түссе, кім жазғанын білмесін деген болуы керек. Әсемнің қолы, профессор өткен күндеріне тағы көз жүгірте бастады.

... Бірде университеттегі Кеңеске  кешігіп келген профессор шет жақта отырған бір топ келіншектердің қасындағы бос орынға, оларға көз салмастан отыра кеткен.  Ойламаған жерден, аяқ астынан төменгі жағы дуылдап, атойлап кетті. Бұл жәйді профессордың өзі де түсінбей, әрі- сәрі болып қалды.   Мұрнына алыстан даланың боз жусанының исі жеткендей болды. Біраздан кейін сабасына сәл-пәл түскенде ғана Әсемнің жанында отырғанын сезді. Өзінің белгісіз күйін, осы келіншектің әсерінен деп түйді.

Сонымен не керек, профессордан Әсем қаншалықты қашқанымен, әрі профессор да өзін зорлап, ол әйелге жақындамауға тырысқанмен, белгісіз бір күш оған тартады да тұрады.  Әр түрлі сылтаулар айтып, ретін тауып ол отыратын кафедра кабинетіне кіреді, не көшеде кездесіп қалса әңгімеге тартады, бара-бара басқа әйелдер мен қыздарға (заңды некеге тіркелмеген соң қыздар дейміз, әйтпесе олардың ішіндегілерінің  кез-келген еркекпен болып жүргендерінің әйелдерден қай жері артық) «пас» жүйрігінің тек қана Әсемді көріп, кездестіргенде ғана емес, ол туралы ойласа да «атой» салатынын түсініп сол кезінен ерекше бір ләззат алатын. Ойпырмай, көзін ойнақшытқан келіншектерге де, жәудіреп, көзін төңкерген қыздарға да былқ етпейтін сезімі, өзін адам қатарына қоспайтын секілді, тіпті оны бар деп есептемейтін секілді Әсемге келгенде, «неге бұлай?»- деп,  өзі де талай бас қатырған.

Бірақ, Әсем бұның құрығына оңай ілікпеді. «Бір жерде тамақтанайық» десе де,  Әсемнің  кандидат атағы барынан хабардар ол «Докторлық қорғасаң, көмектесейін» деген тағы басқа да ұсыныстары мен шақыруларынан үзілді-кесілді бас тартты. Ал, профессор болса оны түсінбейді, жазып жатқан докторлығы, қарап жатқан байы жоқ, басқа әйелдер болса   жүгірер еді. Жалғыз баласы үйленіп бөлек тұрады екен. Өзінше болған біреу, не жас емес, не сұлу емес,  қайдағы бір жесір әйел профессордың көңілін әбден қалдырып бітті.  Арада алғаш танысқан күннен екі жыл өткенде бетіне шаң тимеген профессордың шыдамы таусылды. Әсемнің кейде жұмыстан кеш шығатынын байқайтын. Бір күні жұмыстан  соң, Әсемнің  жұмыс орнына барып,  жалғыз отырғанын кездестірді. Адам аяғы басылған, дәлізде еден жуып жүрген әйелден басқа ешкім көрінбейді. Амандасқаннан кейін төтесінен :

- Мына кабинетті ішінен құлыптайық та, екеуіміз бір әрекет қылайық–деді. 

- Қандай әрекет?

- Еркек пен әйелдің қылатынын да...

- Кетіңіз, есікті сыртынан жабыңыз. Әсемнің дауысы қатқыл, әрі әмірлі естілді.  Бұндай жағдайда әңгіме жараспайтын болды, не болса да бір жағына шығу керек.

- Сені көргенде төсекке атып ұрғым келіп, дегбірім қашып кетеді,-деді профессор әзілдеген болып, шарасыздықтан зорлана жымиып.  Сенімен жатқысы келген еркек не істеу керек?

Әсем де артық кеткенін, алдында өзі сыйламаса да басқалар сыйлайтын, шын көңілден болмаса да  бер жағынан сыйлайтын, қазіргі жастар көп баратын, одан дипломдарын алып  жұмыс таба алмай жүретін мамандықтың сирек кездесетін ғылым докторы ғана емес, жасы үлкен адам отырғанын есіне алса керек, даусы сәл жұмсарып:

-  Мені сүю керек-деді.

-  Одан кейін?

-  Ухаживать ету керек.

-  Одан әрі ?

-  Менің сезімімді оятуға тырысу керек.

Мен оған үйленейін деп жатырған кісідей-ойлайды ғой, мынауың деген ой жылт еткен профессор:

-  Әрі қарай? –деп шыдамсызана сұрады.

-  Мен ойланып көрем, бұл еркек уақытша болса да «менімен аз уақыт болса да бірге болуға тұра ма, жоқ па?» –деп.

-  Сен беті ашылмаған қыздан бетер болдың ғой?

-  Мүмкін, ол жас қыздарың күн сайын қонақ үйлердің қасында тұрған жоқ па?

Әсемді көргенде атойлаған  жүйрігі басылғандай болған профессор көнбейтін әйелге деген жек көрінішін білдірмеуге тырысып, қош айтысып жүре берді.  Түрі бұзылып кеткен, көкірегінде тәкаппар әйелге деген кек тұтанды.

Әйтеуір бұл ешқандай сезім емес, соны профессор анық біледі. Жек көріп тұрған әйелді  аңсауға, сағынуға болады ма?  Себебі ол Әсемді жақсы  көрмейтінін  біледі, сүймейді де,  оның жасындағыларға сүю дегенді ойлаудың өзі артық.  Енді не күш, бұны Әсемге магниттей тарта беретін?  Тек жабайы, құштарлық қана деп ойлады профессор. Жақсы көру мен жек көрудің арасы бір-ақ қадам  демей ме, Әсемге құштарлығы артқан сайын, оны қараптан қарап жек көрушілігі де арта түсті.  Сырттай болса да реті келсе іліп қалуға, шамасы келген жерде шалып қалуға тырысты.  Бір күні «іздегенге сұраған», Әсемге күшін көрсетудің де  реті келгендей болды. Профессор жұмыс істейтін мемлекеттік жоғарғы оқу орнының ректорына кіріп:

-  Мен жиенімді, яғни, судья болып істейтін қызымның Қарағандыда оқитын баласын   осында коммерциялық топқа ауыстырдым.  Ол жақ орысша ғой, бала үйрене алмай жүрсе керек деп бір тоқтады. Әрине жиенін қасына алып, өзі бас көз болып, дипломын жақсы бағалармен бітірткізіп бермек ойы барын жасырды.

-  Сол баланы біраздан кейін ретін келтіріп, бюджеттік, ақысыз топқа ауыстырып бер. Сөзін аяқтауы мұң екен, профессордың жеке басының күйін күйттеген таусылмайтын проблемасынан шаршаған ба, әлде көңіл күйі келмей отыр ма ректор да жұлып алғандай «Қалай ауыстырам? Жиеніңіз сабақты нашар оқиды екен, не спортсмен емес, не өнерлі емес»-деп, шақ ете түскен ректор, айнала бере:

-  Мәке, жиеніңізді ақысыз топқа ауыстырып берейін, мен университетте аз-мұз өзгерістер жасап, маған «неудобный» оншақты адамнан құтылуым керек, сіз мені кеңесте өзіңізде қолдап, мені қолдауға адамдар ұйымдастырыңыз. Кеңес мүшелерінің көбі сіздің кафедрадан, оларды үгіттеу сізге қиындыққа түспейді.  Ал жиеніңіздің бағаларын әр деканға айтып, олар өз кезегінде мұғалімдерге айтып, түзету оңайға түспейді, тек абырой болғанда жиеніңіздің фамилиясы басқа деді. Екеуі әдеттегіше тез тіл табысты, әр кім өз кезегінде міндеттеріне не алғандарын жақсы ұқты.  Ректордың  ауыстырғысы келген, немесе мүлдем құтылғысы келген оншақты адам емес, отыз шақты адамдарының ішінде Әсемнің де бар екенін білгенде профессор бұл іске ерекше құлшыныспен кірісті.  «Әсем менің алдыма келеді, сол кезде оны өзім құтқарып алам да, айтқаныма көндірем»-деп ойлады. 

Бірақ, профессордың ойлағаны болмады. Жұмыс орны қысқартуға түскен Әсем  заң бойынша жұмыс іздеуге берілген бір ай уақытын да пайдаланбастан, бір күнде өз еркімен арыз жазып шығып кетіпті.  Әсем өзі кеткенмен бейнесі көз алдынан кетпей, оңаша қалған сәттерінде ойына оралып есін алды.  Әсемді ойлағанда «жүйрігі де» жарысқа дайындалғандай атойлайтын.  Екі-үш рет жеңіл жүрісті әйелдермен болмақшы болып еді, «жүйрігі» бас көтермей жатып алып, тіл алмаған баладай, ойлағанына көнбеген.  Содан бері арада екі-үш ай өткен.  Енді міне үйіне бүгін осы хат келген. Хат тапсырыспен өз атына келген, профессорға ұйқы бермей отырған осы хат.

Хаттың бүктеуін жазып, көз әйнегін киді де көз жүгіртіп оқи бастады.

«Профессор мырза!» деп салқын басталыпты хат. «Мен ала жағым кетсе де айта жағым кетпесін»-дейтін қазақтардың бірімін, сондықтан осы хатты жазып отырмын.

Баяғыда бір бай ақылды бір адамнан «мен қанша тұрам?»-деп сұраса, ол «мың діллә тұрасыз»-депті. Оған бай «менің тек белімдегі белдігімнің өзі мың діллә тұрады»-десе, ақылды адам «сол мың ділләлік белдіктен басқа бағалы ештеңе көрмей тұрмын»-деп жауап берген екен. Сол секілді бажаңыз, үлкен ғалым Қартаевтың көмегімен Сізге адасып барып қалған ғылым докторы деген жалаң  атағыңыз болмаса, өз басыңыз түкке тұрғысыз, нақұрыс жансыз. Жаман адам екендігіңіз өз алдына, нағыз барып тұрған зұлым адамсыз.  Өтірік жымиып жүріп, жұрттың қанын теспей соратын адамсыз және жымыңызды білдірмейсіз-ау, жымыңызды білдірмейсіз.  Сіздей адамсымақты  сол өзіңіз тырнағын батырған адамдардың қарғыстары атпай, қара жердің қалай көтеріп жүргеніне таңым бар. Сіз маған бұдан отыз жылға жуық бұрын Кеңес өкіметімен бірге кеткен «колхозное праводан» сабақ бергенсіз.  Мен сізді Ұстаз демек түгел, адам деуге ұяламын, себебі, сіздің сол кездегі қылықтарыңыз әлі көз алдымда. Орыс халқында «Бүкірді мола ғана түзейді» деген мақал бар, сіздің сол иттіктеріңіз 70-ке келсеңіз де әлі қалмапты. Сіз бізбен бір курста оқыған Гүлжанды жүкті етіп қойғансыз.  Байғұс қызды қорқытып, аборт жасатып, сырттай оқуға ауыстырып жібергенсіз. Бірде досыңыз екеуіңіз қарап жүріп араққа тойып алып, мас болып көшеде жүріп, айықтырғышқа өздеріңіз барып түскенсіңдер. Сонда сіздердің мәселелеріңізді сол кездегі республикадағы жалғыз университеттің партбюросында қарап, жоғарыдағы отырған туысқандарыңыздың, одан қалса үлкен ғалым бажаңыздың абыройы арқасында қатаң сөгіспен жұмыстарыңызда әрең қалдырған. Сол кезде Гүлжанның да жағдайын жақсы білетін  партбюроның ең жас мүшесі мен ішімнен қорланып, жарылардай болып әрең отырсам да ештеңе айта алмағанмын. Мәселе  не оқу үлгірімі, не жастардың тәрбиесі  мен тәртібі емес, мен әлі сырын жетік білмейтін, тіпті есігінен сығалап та үлгірмеген жеке бас, оның ішінде  еркек пен әйелге қатысты  мәселелер болатын, ол менің бойыма да, ойыма да шақ емес еді, сол себепті ештеңе айта алмағанмын. Сіздің  емтихан алған студент қыздардың арасында Сіз  анайы әзіл айтпаған, не түрлі ұсыныс жасамаған  қыз жоқ шығар?  Сіз өте нақұрыс адамсыз. Отыз жылға жуық уақыт өтсе де  сол жиіркенішті қылықтарыңызды жалғастырып келеді екенсіз, жұмыс бабыңызды  әйелдерге қарсы жаман  іс-әрекеттерге  пайдалану сізге өмір сүру нормасы болып, әдетке айналған. Оған бір жағынан айналаңыздағы адамдар да кінәлі, шындықты көргісі келмейді, көрсе де «сен тимесең мен тиме бадыраң көз» болып жүре береді, бірақ, ең бастысы өзіңіз кінәлісіз. 

  Сіз қазір тек әншейін ақша алып жүрсіз, сіздің сабақ болатын күні деканат жіберген кез-келген мұғалім орныңызға келіп, студенттермен қысыр әңгімемен уақыт өткізеді. Яғни, профессорсымақ,  сіз студенттерге жәй мұғалімнің берген білімін де  бермейсіз. Кеше жақын сіңлімнің бірі сіздің қалай экзамен қабылдағаныңыздың шет жағасын айтты.  Әрине, жұрттың бәрі Әсем емес, сіз ұмытқан екенсіз, есіңізге түсірейін, бұдан отыз жылға таяу уақыт бұрын бетіңізге бір түкіріп қашып кететін жас келіншек есіңізде ме, мен сол едім. Сіздің жиіркенішті ұсынысыңыздан кейін ауырдым деп сабағыңызға келмей, деканға барып мәселені айттым да, емтиханнан құлағандармен бірге  басқа адамға тапсырғанмын. Ауру қалса да әдет қалмайды деген шын екен. Сіз әйел баласына шабуылдауды әдет еткеніңіз өз алдына, сіз аурусыз, сұмырай адамсыз, сізді қара жер ауырсынбай қалай көтеріп жүр екен? Сіз дем алған ауамен демалудың өзі маған жиіркенішті. Құдай-ау, қарғыс өтпейтін қандай жан едіңіз, талай қыз-келіншектердің көз жасына қалып едіңіз, қара жер жақсы адамдарды алғанша сендей албастыны неге алмайды екен? ...

  Профессордың хатты бұдан әрі оқығысы келмеді, бөлменің қоңыр салқын екеніне қарамастан үстін қара тер басып кетті. Хатты майдалап жыртып қоқысқа арналған ыдысқа салып, орнына келіп жатты. Бұдан отыз шақты жыл бұрын бетіне түкіріп қашып кеткен жас келіншекті есіне алды.  Әсем десе Әсем еді-ау.  Тағдыр онымен тағы да көп жылдан соң кездесуге жазыпты.  Енді есіне түсті, «ақыры күйеуің бар екен, мен қонақүйден орын алайын», «кешке қарай мына тұрған парктың оңаша жеріне барайық»-деген секілді талай ұсыныстар айтқан. Бірталай қинағаны шын еді. Бірде «академиялық демалыс алып, күйеуінің  еліне  кетіпті»-дегенді естіген соң, бір мақсатына қолы жетпегендей, көңілі қыжылдап жүріп, әрең  ұмытқан.  Сол Әсем екен ғой. Шындықты айту оңай емес, адамдардың  көбі шындықты аңсағанмен, оны айтпауға тырысады, оның себебі, бір жағынан әркімнің өз шындығы бар, екіншіден, шындықты  естігенде  құлаққа түрпідей тиетіні де бар.  Профессор туралы шындықты, онда да өзіне бір ақ адам, сол Әсем айтыпты. Әсем көз алдында отырғандай, «Нағыз азамат»-деп күлімсіреді профессор. Әсемді профессордың басы ұмытқанмен, денесінің бөлшектері ме, жүрегі ме, басқа жері ме ұмытпапты.  Жүрегі тарсылдап соқты, өзі де бір шешімге келгендей. «Менің соңғы махаббатым»-деп, бірнеше рет қайталаған ол ұйқыға жатты. Жатарда кім туралы көп ойласа,  түсіңде соны көреді деуші еді –деп, күбірлеген профессор өзінің Әсемнің жүзін түсінде болса да көргісі келетінін сезді... 

  ...Ертеңіне профессордың бөлмесіне кірген кемпірі шалының күлімсіреген күйі, өліп жатқанын көрді.  Көшеде желтоқсанның алғашқы қары жауып тұр еді. Профессордың  ашылған жаман істерін  тезірек жауып тастағысы келгендей, ірі қар ұлпалары  төпелеп жауа берді. Биылғы түскен алғашқы қар...

Р. ҚАМИДУЛЛАҚЫЗЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396