Жексенбі, 24 Қараша 2024
Үміт пен күдік 8446 0 пікір 1 Қыркүйек, 2016 сағат 11:09

«ЕЛБАСЫНЫҢ ЖАУЛАРЫ АЙНАЛАСЫНДА ҮНСІЗ БАС ИЗЕП ЖҮРГЕН БОЛУЫ МҮМКІН»

Соңғы екі аптада еліміздің ішкі әм сыртқы саясатында ірілі-ұсақты оқиғалар болды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Польша мен Сербияға сапарлап қайтты. Ол жерде ЕАЭО туралы тосын пікірлер айтылды. Осы кезде Үкімет басшысы да қарамағындағы министрлерді ертіп елді аралады. Киелі Түркістан төрінде тіл мәселесі сөз болды. Ал Қырғызстан Тәуелсіздік күнін тойлады. Атамбаев ағынан жарылды. Кезінде өзін билікке әкелген уақытша Үкіметті ашық сынап, экс-президент Роза Отынбаеваны орта жолда қалдырды. Өзбекстан президентінің ауруханаға түскені де мәлім болды.

Мұның бәрі өз кезегінде Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатына өз ықпалын тигізетіні сөзсіз. Елбасы мен Үкімет басының сапарынан қандай қорытынды шығаруға болады? Көрші елдердегі осы оқиғалар төңірегінде саясаткер Әміржан Қосанов «Abai.kz» порталына сұхбат беріп, өз ойын ортаға салған еді.

- Өткен аптада еліміздің Үкімет басшысы «кабминді» қасына ертіп, бірқатар облыстарды аралап шықты. Кездесулерінің көбі бірсыдырғы сценарий бойынша өтті. Халық алдына жиі шыға бермейтін, ара-тұра ғана бой көрсетіп жүрген Премьер-министр «елмен» кездескенде орынды-орынсыз дүниелерге әзілдеп, «қазақ тілі», «мектептердегі үш тілділік» секілді қоғамның ең өзекті әм нәзік мәселелерін қалжың сөзбен сұйылтып отыруы қаншалықты орынды? Және осыншама жыл тапжылмай отырған  Кәрім Қажымқанұлының кенеттен елшіл, халықшыл образға еніп, ел аралап, жер аралап кетуінің астарында не жатуы мүмкін? 

- Премьердің мұндай вояждары Елбасының не тапсырмасы, не рұқсаты бойынша болатыны түсінікті. Сондықтан да Елбасы Мәсімов мырзаны бір сынап көрейін деген болар: «елді аралап көрсін, жұрт не дер екен?» деген ойы да жоқ емес шығар. Жұртшылықтың реакциясы теріс болса, оны да бетіне басып айтар.

Ал Мәсімовтың тобына қарсы күштердің Елбасының өзіне барып: «Көрдіңіз бе, тым белсенді боп кетті, тіпті Сізбен жарысқысы келеді!» деп құлағына сыбырлайтыны тағы бар екенін ұмытпайық. Бір сөзбен айтқанда, бұл сапарлар Мәсімовке екі жағынан да «тиіп» кетуі мүмкін. Және де дәл осы асығыс-үсігіс сапарлары оның ел алдындағы абыройын арттырды деп айта алмаймын.

Кім біледі, мұндай, бұрын-соңды болып көрмеген іссапарлар легі өзінің күні тақағанын сезген премьердің тұяғын бір серпіп қалғысы келуінен де туған болуы керек.

- Иә, қазақстандық саясаттанушылардың күзде Премьер-министрдің отставкаға кетуі мүмкін екендігін айтқанын оқып қалып едім. Бұл әзірге болжам ғой. Жалпы осындай болжамдар қаншалықты шындыққа жанасады? Егер отставкаға кететін болса, ол қандай қызметке баруы мүмкін?  Әлде әлгінде өзі аралап жүрген елге барып, көптің бірі бола ма?

- Бұл енді маған емес, Елбасына тікелей қойылуы тиіс сұрақ! Өйткені, премьердің тағдыры тек соның қолында!

Бірақ жағдай солай екен деп, жоғары жаққа бас шұлғып отыра берудің де керегі жоқ. Қоғам өз пікірін ашық айтуы тиіс.

Елдегі орын алған әлеуметтік-экономикалық ахуалға үкімет басшысы тікелей жауап береді.

- Ал ол жағдайдың қаншалықты мүшкіл екенін бәріміз білеміз...

- Рас айтасың, жұрттың еңсесі түскен, экономика болса, бір дағдарыстан екінші дағдарысқа душар боп жатыр, жылдар бойына шешілмей, қордаланып қалған проблемалар шашетектен.

Осы премьердің біз білмейтін бір сиқыры бар сияқты: басқа адамның тұсында жағдай осындай болса, ол баяғыда-ақ, құйрығына қоңырау байланып, отставкаға жіберілер еді! Мәсімовтен де өткен небір мықты азаматтардың премьерлік жолда құрбан боп кеткенін білеміз ғой!

- Біз жоғарыда Кәрім мырзаның көшіне «кабминде» бірге ілесіп жүргенін айттық қой. Міне, сол жолы вице-премьер Дариға Нұрсұлтанқызы Түркістанға сапар кезінде тілге қатысты екіұшты пікір айтты. Біздің түйгеніміз: сонда Қазақстанға шетелдік туристер келу үшін Ресейдің ресми тілі міндетті түрде айтылуы һәм жазылуы керек пе?! Вице-премьер ханымның айтып отырғанынан қорытынды шығаратын болсақ, біздің туризмнің потенциалы РФ аумағынан әрі аса алмайтын болғаны ғой? Жалпы Халықаралық туризм тілі қандай? Қазақ тілі ме, ағылшын тілі ме, әлде орыс тілі ме?

- Түркістан секілді киелі де қасиетті жерге барғанда сөз сөйлеу де үлкен сын екен ғой. Дариға ханым сол жерде рухани өмірге, мәңгілік құндылықтарға қатысты әдемі ой айтып, үкіметтің әлеуметтік саласына жауап беретін вице-премьер ретінде ел көзіне бір түсіп қалуына болатын еді. Олай болмады, бар әңгіме тіл туралы даулы мәселеге ұласып кетті. Шынтуайтына келгенде, шетелдік туристер келетін нысандарда басқа тілдерде сөйлей алатын гидтер болуы, түсіндірме жазбалары да шет тілдерінде жазылуында еш әбестік жоқ. Бірақ Дариға ханым «орыс тілінің жанашыры ретінде» көзге түсіп қалды. Оны өз басым тосыннан болған пиар қателік деп ойлаймаймын. Өкінішке орай, орысша ойлап, орысша сөйлеп қана қоймай, қазақ мүддесінен гөрі ресейшілдікке бір табан жақын кадрлар билік ішінде аз емес.

- Өкінішке орай биліктің іргесінде жүрген азын-аулақ топтың ішінде бөтен елдің мемлекеттік тіліне ерекше ықыласпен қарайтындар бар. Хош, өткен аптада Елбасымыз Польшаға барып қайтты. Онда да құлақ түретін жайттар аз болмады. Енді соған тоқталайықшы... Поляк кәсіпкерлерімен кездесуі кезінде Мемлекет басшысы ЕАЭО туралы ойын ортаға салып, Польшаны Ресеймен қарым-қатынас орнатуға шақырды. ЕАЭО-ның инициаторы өзі екенін айтты...

- Польша мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты қиын жағдайда қалыптасқанын, екі жақ осы күнге дейін келісе алмай келе жатқанын білесіз: арада небір трагедиялық жайттар мен тарихи реніштер бар. Бәлкім, поляктардың ортасында жүріп Елбасы осы екі елді табыстыра түсу керектігі туралы ойлаған болар. Содан осындай бітімгершілік сипаттағы сөздер айтылып қалған шығар. Бірақ Еуроодаққа мүше болып отырған Польша жеке-дара ЕАЭО-мен қалай жақындаспақ, сол жағы түсініксіздеу боп қалды.

- Елбасы осы кездесуде «жау жаныңнан табылады, дос алыстан келеді» деген поляк мақалын айтты...

Оны кім білсін... Жалпы бұл философиялық тұрғыдан жиі айтылып жүрген ой емес пе?

- Мүмкін...

- Қазақстаннан алыс жатқан Польшамен қарым-қатынасты одан сайын нығайту тұрғысында да айтқан болар...

Геосаяси жағынан емес, ішкі саясат жағынан айтсақ, бүгінгі таңда, яғни тақ талас мәселесі ушығып бара жатқан тұста, Елбасы нағыз жауларын, пікірін ашық айтып жүрген біздің арамыздан емес, үнсіз бас изеп, іштей тынып жүрген айналасынан іздесе жөн болар еді.

Мұндай көзқарас, әсіресе, қазіргідей алағай да бұлағай кезеңде аса маңызды!

Қараңыз, мына Өзбекстанда Кәрімов осы күнге дейін өзінен кейін "мемлекет басқару жүйесі қандай болмақ, кім басқара алады, қоғам пікірі қалай ескеріледі?" деген өткір де көкейкесті сауалдарға жауап бермей, уақытты тым созып жіберіп, сырқаттанып қалды. Енді ол өсиетін айта ала ма, айта алмай ма, белгісіз...

Сондықтан, біздің билік те «постназарбаев» кезеңіне осы бастан дайындық жүргізіп, нендей жоспары бар екенін халыққа жеткізуі тиіс. Әйтпесе, ертең кеш болуы әбден мүмкін. Ондай жағдайда біз Бермуд үшбұрышында жүзіп келе жатқан «Титаник» секілді боп қаламыз! Ал алда қаншама айсберг, қаншама біз күтпеген басқа да сындар тұр!

Және де болашақ билік форматы мен нақты тұлғаларды талқылағанда тек қана Елбасы мен оның айналасының ғана емес, халықтың да пікірі ескерілуі тиіс! Сайлау болса, оған ел ішінен шыққан, қарапайым халықтың сенімі мен қолдауына ие күштер мен тұлғалар қатыса алатын болуы тиіс! Әйтпесе, болашақ мұрагер легитимді болмауы мүмкін. Мұның өзі ел ішінде наразылық туғызып, тұрақтылыққа теріс әсер етуі әбден ықтимал!

«ЕАЭО ӨЗІНІҢ ПАЙДАЛЫ ӘРІ НӘТИЖЕЛІ ЕКЕНІН КӨРСЕТЕ АЛМАДЫ»

- Қазақ ұлтшылдары, биліктің қазіргі оппоненттері ЕАЭО-ның бұрынғы КСРО-ның жаңа форматтағы баламасы екенін айтуда. Мұны тіпті Путиннің басты оппоненті саналған ресейлік саясаткер марқұм Борис Немцов та жұртқа ашық жайып салған еді...  Ал осы одаққа қосылғалы бері біздің ЕАЭО-дан ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп болды. Оның ресми статистика растайды. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме... Айтыңызшы, біз осы ЕАЭО-ға мүше болуға қаншалықты мұқтажбыз?

Ешбір түсіндірусіз есікті тарс жауып, шығып кету біз секілді іргелі мемлекетке жараса қоймас. ЕАЭО туралы келісім-шартта ол механизмдер қарастырылған болар, яғни кез келген мемлекет одақтан өз еркімен шыға алады.

Байқайсыз ба, қазірде ел ішінде біздің бастықтар ЕАЭО туралы бұрынғыдай жиі айта бермейді. Ол да түсінікті: ол Одақ өзінің пайдалы әрі нәтижелі екенін көрсете алмады. Оның үстіне қазіргі дағдарыс жағдайында Одаққа мүше әрбір ел өз шаруаларымен басы қатып, әуре. Басқаға қарайтын, қол ұшын беретін жайы да, көңілі де, қажет десеңіз, қаржысы да жоқ.

Ал Қазақстанның ЕАЭО соншалықты «беріліп кетуінің» бір себебі мынада болуы мүмкін.

Қазір ЕАЭО Қазақстаннан гөрі Ресейге, постсоветтік кеңістікте Мәскеу ықпалын қайта жаңғырту идеясын ұсынған Путин үшін керек болып тұр. Осы бастаманы жан-жақты қолдауды ол өзінің бар әріптестерінен талап етуде. Ал біздің билік болса, бәлкім, болашақ Ақорда мұрагерін басқа мемлекеттермен қатар Ресейдің де қолдағанына зәру. Осы екі мүдде бір жерде, яғни ЕАЭО-да тоғысқан сияқты.

«БӘРІН БИЛІККЕ ЖАҚЫН АТ ТӨБЕЛІНДЕЙ ТОП ШЕШЕДІ»

- Жаңа өзіңіз бастап айтып қалдыңыз ғой. Енді  Өзбекстан Президентінің трагедиясы туралы сөз етсек, Ислам Кәрімовтің ауруханаға түсуіне байланысты, алып-қашпа әңгімелер көп айтылуда...

- Өзбекстанның билік жүйесінің тыныс-тіршілігі о бастан жабық. Сондықтан да Кәрімовтың жеке басына, соның ішінде, сырқатына қатысты әңгімелер де әрқилы болып жатыр, өйткені ресми дереккөздеріне сенім жоқ.

30 милионнан астам халқы, терең тарихы, бір мемлекетке жетер қазба байлығы бар Өзбекстан Орта Азиядағы бірегей мемлекет.

- Астана мен Ташкент осы аймақтағы көшбасшылық үшін іштей бәсекелес боп келе жатқаны да рас емес пе?

- Ол рас. Сондықтан да Өзбекстанның бас билігінде болуы әбден ықтимал өзгерістер, сөзсіз, Орталық Азиядағы жағдайға әсер етеді. Қазақстан да бұл өзгерістерден тыс қала алмайды...

- Егер Өзбекстанда Президент ауысатын болса, таққа кім отыруы мүмкін?. Әркім ситуацияны әр түрлі болжап жатыр. Біздің сұрақ: егер Өзбекстанда нөмірі бірінші тұлға ауысатын болса, бұл өзгеріс қазақ-өзбек қарым-қатынасына қалай әсер етуі мүмкін?

- Бас билікке қол жеткізудің екі жолы бар. Бірі – ашық та әділ сайлаудың арқасында. Екіншісі – сарай төңкерісіне негізделген сценарий бойынша. Мемлекетті ширек ғасыр бойына жеке-дара басқарып келген Ислам Кәрімов тек өзінің айтқаны мен пәрменін ғана заң әрі бұйрық ретінде қабылдайтын институттар мен топтардан тұратын құбыжық жүйе құрды. Демократия деген атымен жоқ, онымен саяси бәсекеге түсе алатын көрнекті тұлғалар не өмірден өткен, не түрмеде, не шетел асып кеткен.

Сондықтан да бәрін билікке жақын ат төбеліндей топ шешеді. Оның ішінде Кәрімовтың отбасының мүшелері, үкімет пен арнайы органдар басшылары бар. Сырттан болуы мүмкін ықпалды да жоққа шығаруға болмайды, өйткені геосаяси тұрғыдан алғанда Өзбекстан секілді әлемнің небір алпауыттарының мүддесі жинақталып, тоғысқан түйінді жерге көз салушылар жетіп жатыр...

- Өзбекстан бүлінсе, ОА тыныштығы бүлінуі мүмкін деген пікірлер айтылуда. Соған не дейсіз?

Қатар жүзіп келе жатқан бірнеше кеменің ішіндегі ірісінің бірі бір нәрсеге ұшырап жатса, жаман айтпай жақсы жоқ, батып жатса, ол басқаларды да өзіменен бірге құрдымға тартып кетуі мүмкін ғой. Бетін аулақ қылсын, өзбек ағайын аман болсын! Бірақ Өзбекстан секілді ішкі қарама-қайшылығы жетерлік елде қиын да қауіпті процестер басталып кетсе, алыс-жақын көршілерге, соның ішінде Орталық Азия өңіріне оңай болмайды.

- 1991 жылы Кеңестер одағы құлап, оның құрамында болған Орта Азия елдері егемендік алды. Содан бері ширек ғасыр өтті.  Көп дүние өзгерді. Ал кешелі бері құдайы көршіміз Қырғызстан елі егемендік күнін тойлауда. Бүгін Өзбекстан байрағының бейбіт аспан төрінде желбірегеніне 25 жыл толады.

Кеше Алмазбек Атамбаев халық алдында баяндама жасапты. Онда «Текелердің соңынан еріп кете беретіндей қырғыз елі қой емес» депті. Мұндай текелер бізде де аз емес. Ал соңғы кездері қазақ жоғарғы лауазымды шенеуніктердің арасында Қырғызстанды, Атамбаевты кемсіту, келемеждеу әдетке айналып кеткендей...

- Кезінде Украинада Ющенко деген президент демократиялық ұрандар арқасында билікке келіп, кейін, өз уәделерінен айнып, өзінің президенттік өкілеттіктерін парламент пен үкіметпен бөлісуге қарсы болып, абыройдан, кейін қызметінен айрылып қалған еді.

Сондықтан сондай жолмен, биліктің өз мерзімінде ауысып тұруы  мен оны ешкім де меншіктей алмауы принциптерін жалау еткен революция арқасында билікке келген Атамбавтың кешегі өзін билікке әкелген әріптестеріне осылай баға беруін дұрыс деп санамаймын.

Атамбаевты Назарбаевпен салыстырудың өзі қиындау болар. Оның Назарбаевтан жасы кіші, тәжірибесі мен көрген-білгені аз дегендей.

Десек те, Атамбаев бәсекелі сайлаудың арқасында президент болды және де ол "конституциялық мерзімі аяқталған соң, өз орнынан кетемін, ауылшаруашылығымен айналысамын" деді. Бұл бізге де керек демократиялық дәстүр. Және де Атамбаев көппартиялық қоғам, өзінің шынайы қарсыластары бар мемлекетті басқарып отыр.

- Бізде болса, жағдай бөлек дейсіз ғой... Әміржан аға, уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сіздерге де үлкен рақмет!

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552