Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 11204 0 пікір 25 Тамыз, 2016 сағат 11:41

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ. ЕНДIГI КЕЗЕК – ЕҢЛIКПЕН КЕБЕКТIКI (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

 

Ендiгi кезек – Еңлiкпен Кебектiкi. Оларға үкiм айтқан билердiң қысқаша дерегi жоғарыдағыдай. Тек Көбей туралы мәлiмет аз. Руы – Жүзбенбет. Пысық, тiлi майда, Кеңгiрбайдан кейiнгi сөз түйiнiн ұстайтын шешен би осы.

Ал осы қос мұнлық кiм едi?..

 

IV

 

Адал махаббаттың құрбаны болған ғашықтар жайлы алғашқы хикая 1892 жылы “Дала уалаяты газетiнiң” №31-39 сандарында “Қазақтардың естерiнен кетпей жүрген бiр сөз” деген атпен басылды. Содан кейiн Мағауияның “Еңлiк-Кебек”, “Шәкерiмнiң “Жолсыз жаза” дастандары ел арасына тарады. Соңғысы жеке жинақ боп шықты. 1900 жылы “Дала уалаяты газетi” “Қазақтың тұрмысынан хикая” деген атпен аңыз-хиссаны қайталап жариялады. Дастандарда да, қара сөзбен баяндаған әңгiмелерде де, пьесада да оқиға Кебектiң аң аулап жүрiп Нысан абызға жолығуынан басталады да жарыса, өрбидi. Бiз тарихи оқиғаның нақтылығын сақтау мақсатымен осы үш нұсқаны ретiне қарай алмастыра пайдаланамыз.

Оқиға өткен мезгiл – 1775-1780 жылдардың шамасы. Тобықты мен Матай тайпасы жер үшiн таласып, кiсi өлiп, бiрi құныкер, бiрi жығынды болып тұрған аласапыран шақ. Сыртқа шықпаса да “ата жаулықтары” басылмай, демiгiп, қыжыл көбейе түскен. Елдi бiресе татуластырып, бiресе өшiктiрген Кеңгiрбай мен Еспенбеттiң (бұл арада Еспенбеттi шартты түрде алып отырмыз. Оның себебi тараудың соңында айтылады. Т. Ж.) Уақытша iшiнен тыншыған кезi. Тоқтамыс батырдың атақ-беделi кеңiнен тараған тұс. Кебек оның жамағайын iнiсi. “Жолсыз жаза” дастанында Кебектi:

 

                             Ту тiккен Тобықтының қол басшысы,

                             Жуантаяқ Тоқтамыс деген кiсi.

                             Жамағайын жақыны сол кiсiнiң,

                             Бар екен Кебек деген бiр iнiсi.

 

                              Ол Кебек мықты болған жас басынан,

                              Тоқаң да тастамайды өз қасынан.

                              “Жасы бала болса да – жаны отты” деп,

                              Артық көрген не сабаз жолдасынан.

 

                              Он бесiнде Кебектiң атты шықты,

                              Атты, жаяу бәрiне бiрдей мықты.

                              Көзi өткiр, қара торы жiгiт екен.

                              Орта бойлы, тапалдау кең иықты -

 

деп таныстырады.

Барлық нұсқадағы мағлұматтарды екшей келiп, пiкiрдi қорыта айтсақ: “Кебек – “Жауға батым, жақынға әдептi, кiшiнi – iнi, үлкендi – ағалап” тұратын инабатты жiгiт. Үйленген”. Ал “Дала уалаятындағы” әңгiмеде Кебектiң Еңлiктен бұрын алған әйелi болған, одан тараған ұрпақ бар. Ол әйелдi жасынан көрмей айттырғандықтан да Кебек менсiнбейдi. Ерте суынған. Алайда Шәкерiм де, Мағауия да, Мұхтар да о жағын қозғамайды. Кебектiң ағасы Тоқтамыс жоңғар шапқыншылығымен арадағы соңғы шайқасқа аттанған. Мамай да сонда. Ауылда қарттар мен жас жiгiттер, әйел мен балалар қалған. Өйткенi елу жыл қырғын көрген халықтың мүлдем құрып кетпеуi үшiн жоңғарлардың керi шегiнген кезiнен бастап, Абылай хан үйленбеген не соңында ұрпақ жоқ жалғыз жiгiттердi шайқасқа қатыстырмау тұралы жарлық шығарған. Бала сүйген соң ғана жасаққа алған. Кебек те сол себептi Тоқтамысқа iлеспей ауылда қалған. Тоқтамыстың зираты Еңлiк пен Кебек кездесетiн Қақпақ жартастың шығысындағы Қыдыр жазығындағы дөңнiң үстiнде. Екi арасы – он шақырымға жуық. Жуантаяқтың ежелгi қонысы – Қыдыр қырқасы. Кейiн Құнанбай тұсында Машанға қарай ығысқан. Сол кездiң өлшемiмен алғанда Еңлiк пен Кебектiң ауылының арасы – ат шаптырым жер. Жоңғар алатауы жоңғарлардан толық тазартылмағандықтан да, матайлар Шыңғысты жиектей қоныстанған. Әлі Ешкiөлместiң бауырына көшпеген. Ауыртпалықтан арқасы жаңа босаған елдiң ендiгi уайымы – қыстау мен жайлау. Малдың өрiсi. Батырлар мен ақыл тоқтатқан ер-азамат жау өтiне аттанғанда арттағы елдiң дауын билер бейбiт шешiп, ру араздығын қоздырмауға мiндеттi. Хан Абылайдың жарлығы солай. Бiрақ, ел тентексiз болмайды. Нысан абыздың да күңiренiп “береке” iздеуi сондықтан. Шәкерiм мен Мағауия бұл жағдайға тоқталмайды, Мұхтар бұл екеуiнен көп кейiн жазғандықтан да олар назарға iлмеген деректi пьесаға кiргiзген. Ол абыздың әйелi Таңшолпанның түсi. Сол түс арқылы абыздың ел, жер туралы ащы запыранын сыртқа шығарады. Бiр жағынан Кебектi ел тыныштығын бұзудан сақтандырады. “Жау жағадан алғанда, етектен тартқан бөрi” болмауын қалайды. Төбе құйқа шымырлатқан Таңшолпанның түсi мынадай:

“Таңшолпан. – түсiмде ел – үлкен бiр сергелдеңге түсiптi. Тобықтының игi жақсысы жиылған екен. Бәрiнiң де пiшiнi түнерген, күңгiрт. Бiрiне-бiрi жөндi жауап қатпай, бiр нәрсенiң тетiгiн таба алмай дел-сал болған секiлдi. Ел әрi-берi сабылып, сергелдең болып жүр. Бiр уақытта бiреуден келiп “не болды” деп сұрасам, “Күншығыстан өрт келiп қалды, соның ақылын таба алмай дағдарып отырмыз” дейдi. Сол арада бiреу келiп: “Тоқтамыстың қолы сынып қалды, сорлы мүгедек болды-ау!” -деп қайғырды. Би кәдiмгiдей көзiнен жас ағып жылайды. “Ел басын күн туып, тебiнгiден тер жауып, қабырғадан қар жауып, тар өткелден өтем бе деп едiм, әлi де бiр сыбағам алдымда екен ғой”, - деп. Осы сөзi аумастан есiмде қапты. Бiр түрлi шошып ояндым. (Түнерiп отырады.)

Абыз: (басын шайқап). Өзiмнiң бiрталайдан түсiм бұзылып жүр едi. Тек ер-азамат аман болсын. Күншығыстан шыққан өрт болса, матай мен бiздiң ел бүлiнiсе ме, қайтедi? Бүлiншiлiк шықса тағы да талайға баратын сергелдең болар (басын шайқап) hай, hай... (күрсiнедi)... Жаратқанның бiр жазғаны болар. Орынсыз бүлiктi ешкiм де iздемес. Егескен жаудың тiзесiн бүгетiн едi. Ендiгi iздейтiнiң береке болуы керек”.

Бұл шындық па, жоқ па, мәселе онда емес. Мәселе – береке – бiрлiктi iздеуi едi. Өкiнiшке орай тоқтам болмады. Бұл түстi Мұхтар оқырманды оқиғаға тiкелей араластырып әкететiн психологиялық барлау ретiнде қолданған. 1943 жылғы пьесаның соңғы нұсқасында бұл көрiнiстiң бәрi қысқартылып, абыз бейнесi көркемдiк шындықты бейнелген әдеби образға айналып: “Көкей кестi”, “көкей кестi” күй не дейсiң? Уа, не ғыл дейсiң?” -деп халқы үшiн күңiренедi. Демек, алғашқы нұсқадағы Нысан абызда образдық сыпаттан гөрi тiршiлiктегi қарапайым әрекет нышаны байқалады. Сондай-ақ Еңлiктiң әкесi – Ақан, шешесi – Қалампыр қатысатын көрiнiс те кейiн қысқартылып қалған зады Мұхтар бастапқыда өмiрлiк деректi барынша сақтауға тырысқан тәрiздi. Оның бiр себебi: көрерменнiң көркем шындықты қабылдауға әзiрлiгiнiң жоқтығы едi. Спектакль қойылып жатқанда: “ей, бұл ара былай емес”. “Ана би басқаша айтқан” десiп даурыққан жұртшылықтың ыңғайымен санасқан және тұңғыш туындысы болғандықтан да көркемдiк кестесiнiң кемшiл соғуы заңды да.

“Кез болсаң да ұзамай тез боларсың” деп Нысан абыз топшылағандай ханның биiгiне шығып, түлкi қуып жүрген Кебек боранда адасып жүрiп Еңлiктiң үйiне келедi. Соған қарағанда олар қыстың бас кезiндегi қансонарда кездескен. Еңлiктiң ол кездегi мекенi – Шыңғыстың етегi. Шәкерiм қыстауының етек жағы. Туып-өскен қонысы Қодардың қара жартасының маңы. Қоштасу әнiнде айтылатын Найзашоқы, Қарауылтөбе, Бөрiлi, Шыңғыс – Еңлiктiң жайлауы; Балпаң, Ши, Мұсақұл, Жидебай – пiшендiк жерi. Әкесiнiң аты – Ақан, руы матай. Дәулеттi адам. Жасында батыр болған. Пьесадағыдай кедей де, қол қайраты жоқ әлсiз де емес. Тек кәрiлiк мүжiген. Еңлiктiң шешесi найманның iшiндегi Қаракерей Байжiгiт табы, “ер Қабанбайдың жиенi”. Дәл сол кезде Абылай ханның бас батыры Жайылдағы жоңғармен болған соңғы соғысты басқарып жүрген. Қай жағынан алса да Еңлiк қорғансыз емес.

Екеуiнiң де сенген адамы жау өтiнде жүр. Сондықтан да ажалға араша түсетiн күйiндi адамдары жоқ болғандықтан да ат құйрығына байланып кеттi деген тұжырымға илануға да, иланбауға да болды. Мүмкiн, Қабанбай мен Тоқтамыс оқиғаны ушықтырмай тыйып тастауы да. Хан жарлығына қарсы келмейтiнi анық. Ол үшiн Абылай сөзi – бұйрық. Мәселе – ауылда қалған билердiң сұңғыла Қараменде дәл басып айтқан “менмендiгiнде” және бозбалалардың (матай жағы) жалған намысшыл кеудемсөқтығында. Екiншiден, буыршынға бұйда салған Еңлiктiң өжет шешiмiнде. Иә, Еңлiктiң өзi ажалға бет түзеген.

Арманда кетiп, қыршынынан қиылған ару ажалды емес, бақытын iздеп қара жартастың түбiне келген. Нақты оқиға былай.

Кебек қансонарда хан шыңының басына шығып қырдың қырмызы түлкiсiне бүркiт салады. Боран басталып құсын әзер табады. Содан Қахан (қазiргi Бөкеншi) өзенiн бойлай, Шыңғысты бөктерлей жүрiп, қара жартастағы Еңлiктiң үйiне, киiз үйiне түнемеге жетедi. Еңлiк, әкесi Ақан, шешесi және қойшы бала (Мұхтарда – Жапал) төртеуi ғана. “Қарсақ жон ғып” құрт ұсынады. Еңлiктiң ер жiгiтке көңiлi толады. Кебек атына бұрыннан қанық екен. Өз төсегiн қонаққа бередi. Әке-шешесi ұйқыға кеткенде шерлi қыз жiгiттi оятып мұңын Кебекке айтады: бесiкте айттырған күйеуi: – “күңге де тәжiм ететiн ынжық”, бет-аузын әжiм басқан әрi көсе, “түнде болса ұйқыдан бас алмайтын, күндiз ескi жұрттан асық iздейтiн” ақылсыз, әрi саусағы молтақ бишара бiреу екен. Сондықтан да Кебекке: “Мен татысам, жiгiтiң маған татыр”-деп ғұмырлық жар етуiне тiлек бiлдiредi. Әрбiр үшiншi күн – Қақпақ қара тастың түбiнде кездесiп, уаз кешедi. Кебектiң:

 

                             Соғысқа сылтау таппай отырғанда,

                             Бүлдiрмелiк матай мен тобықтыны -

 

деген қаупiн қыз сөзi сейiлтiп жiбередi.

Қызықпен қыс өтедi. Екi ел бәтуаға келедi. Еңлiк жүктi болады. “Босансам өз қолыңда босанайын” - деп Кебекпен орда тауына қашып кетедi. Бұл хабарды қойшы бала қыз әкесiне айтады. Қызының кiммен кеткенiн бiлмей дағдарған Ақанға руластарының бiрi iлулi түлкiнi кiм бергенiн сұрайды. Кебектiң сыйлаған олжасы боп шығады. Iстiң басы ашылып, тобықтыға сұрау салады. Олар шындығында да қыздан хабарсыз едi. Бiлмеймiз деседi. Ерегеспен ел барымтаға шығады. Сол кезде Көбей Кеңгiрбай биге барады. Еңлiктi алып қашқан Кебек екенiн бiлiп тұрып, бәтуаласудан бас тартады. Тоқтамыстың келуiн күтедi. Арада бiр жарым ай өтедi. Одан кейiн тағы да үш ай бойы еш мәмiле ұсынбаған тобықтылардың бұл үнсiздiгiн матайлар қорлыққа, басынғандыққа санап, өре түрегеледi. Оларға сыбандар қосылады. Ендi екеуiнде ұстап беруiн талап етедi. Әңгiме үлгiсiндегi нұсқада Еңлiктiң айттырған жерi – Керей. Матайлар тауы шағылғасын сол керейге барады. Олар, “Еңлiктi жiберген қыздың әкесi” - деп әлек салады. Екi елдiң өзара өштiк барымтасы басталады.

Мiне, Кеңгiрбай бидiң қателiгi осы арада. Ол мына оқиғаның түп төркiнiн, жақсылыққа әкелмейтiнiн бiле тұрып, үш рет сұрау салған матайды жауапсыз қалдырады. “Ал iстейтiнiңдi iстеп ал” - деген ишара, қысас бұл. Және мәмiлеге шақырған елдi қорлау. Өзiнiң “менмендiгiн” жеңе алмаған Қабекең – Кеңгiрбай би, бұл жолы “жеңiлсе, ендi барар руы жоқ” екендiгiн кеш сезiп, “көрсетемiн, қайтемiн тыныш жатам”-деп қос ғашыққа ара түспейдi.

Прозалық нұсқада: “Кеңгiрбай Кебектiң беделiнен сескенiп, оны қасақана ұстап бередi дейдi. Сонда бүтiн Тобықтыдан шыққан Төбе би Кеңгiрбай айыптыларды матайға жаза салу үшiн берудi тiлеп, Тоқтамыс би жоқта қылықты қылды дейдi.

Өзiнiң басына қасiрет түскенде ақылды кiсi де ақымақ болып кетедi. Кебекте қасiрет көбейдi дейдi. Бұлар үшiн барымталасып көп ағайын-туғандары өлдi. Бiрақ бiр ғапыл болған жерi – Кеңгiрбай жамандық қылады деп ойламайды, өзi халыққа құрметтi болған соң.

Қар ерiп, жаз шықты дейдi. Ағаш, ормандар, жерлер гүлдеп, бәйшешектер атып, дүние адам қарағандай тамылжып, көңiлдi рахаттандырып тұрды дейдi. Сонда Кеңгiрбай жүз тобықты, жүз матайды жиып ақшоқының басына шығып, айып қылған Кебектi, Еңлiк сұлуды, жаңа туған баласын алып келiп, тергеу қылды дейдi. Сонда матайлар айыптыларды қолымызға бер, өлтiремiз деп, дау қылды дейдi. Кеңгiрбай сыртынан Кебекке болысса да, iшiнен Кебектi өлтiргенiн тура көредi дейдi, халық оған ауып кетпесiн деп”. Ақыры қос ғашық Ералы жазығы мен Таймақ көлiнiң арасындағы төбенiң топырағын томпитып тынады.

Кебектi жар қылуға бекiнген де, алып қашуға мәжбүр еткен де, екi елдiң бәтуасын бұзуға себепшi боп, от тастаған да Еңлiк мұңлық. Әрине, оған жiгiттiң мәрттiгi де қосылды. Шындық осы.

Өнердiң өз шындығы бар. Мұхтар соған жүгiнген. Қойшы баланы әңгiмеде Еңлiктiң ағасы – Жапалға айналдырады. Еңлiктiң мыртық әрi ынжық күйеуiн “өлтiредi” де, оның орнына батыр Есен образын ойдан қосып, әмеңгер етедi. Сонымен Еңлiктiң “жазықсыз жазықты” болуын ақтап алады. Есендi Кебекке өлтiрту арқылы қарсы жақтың өшпендiлiгiн арттырып, кешпейтiн кекке ұластырады. Сөйтiп, трагедиялық оқиғаны сахнаға лайықтап, шиеленiстiре түседi. Матай жағының өктемдiгiн өсiре түсу үшiн бұл оқиғаға еш қатысы жоқ Еспенбеттi қосады. Ол да сақараның Кеңгiрбай дәрежелес көкжалы, Абылай ханның күзет, барлау жағын басқарған аты аңызға айналған сыбанның батыр биi. Атақты Ақтамбердi жыраудың немере iнiсi едi. Еңлiктiң нағашы жұртындағы азулы адам сол болатын. Iрi тұлғаны билер айтысын айдындандырып көрсету үшiн алған. Әйтпесе, ол кезде Еспембет Абылайдың тапсырмасымен Ташкентте елшiлiкте жүрген. Ал Еңлiктiң айттырылған жерi керей едi. Еңлiк керейдiң жесiрi. Матайға яғни Есенге де, Еспенбетке де қатыс жоқ. Ал пьесадағы тартыс – Кеңгiрбай, Көбей мен Еспенбеттiң арасында ширығады. Есен мен Еспенбеттiң екпiнi қатты. Кеңгiрбайды да сескендiредi. Ақыры өзi ренжiтiп жiберген Қараменденi ара ағайындылыққа шақырады. Көбейдi бiтiмге жұмсайды. Жаулық өртi тұтанып, өшiруге иелiк бермейтiнiн аңғарған соң, жасырын сыпайы жiберiп, екi жасты ұстап бермек боп құпия сөз байласады.

Мағауия:

 

 

 

                             Тобықтыда сол күнде Кеңгiрбай би,

                             Қыз қайнынан астыртын алыпты сый.

                             Айтады “қыз қайнына” бiтiм жерде,

                             Әуелi ұстап алып қызыңды тый”.

                             ...Қылжырлықтан атандың биiм “Қабан”,

                             Қабан түбi доңыз ғой, бiлсең надан.

                             Үлкен билiк алдында сөйлесермiн,

                             Жазасы не болады бидiң арам, -

деп күйiнiшпен жырлайды. Пьесада: “Би (Көбейлерге): сендер де барыңдар, оңаша... оңаша бер маған Еспенбеттi” делiнедi. Бұл көркемдiк шындық. Еңлiк пен Кебек Кiшi Орданың алқымындағы Үйтасқа паналайды. Ол – ғашықтың қабiрiнiң басынан алты-жетi шақырымдай жерде. Екi жағы – бұлақ, жықпыл-жықпылы мол, қалтарыстағы үңгiр тас. Қазiр – үңгiрдiң үстi құлап, жадағайланып қалған. Бұлақтың көзi бiтелген. Жартастың кескiнi сақталған. Екеуi сол арада жатып билердiң үкiмiн күттi. Үмiттене күтiптi. Iстiң насырға шауып бара жатқанын естiсе де, Кебек басқа жаққа қашып кетудi ар санапты. Кеңгiрбай өзiнен елу жыл бұрын аталас ағасы Көкенбайдың Қалқаман мен Мамырға қолданған жазасын ұсынды. Кебектi өзi жазаға тартпайды, бiрақ қорғамайды да. Екi ғашық мекендеген Үйтасты нұсқап жiберiп, Еспенбеттi таң қараңғысында Үйтастың үстiнен түсiрдi.

Қыспақта қалғанын байқаған Кебек Қозыкүреңге қарғып мiнiп, Еңлiктi артына мiңгестiредi де, атын жартастан тiк секiрте қашады. Еңлiк салмағына ие бола алмай аттан жығылып қалады. “Өлсек – бiрге өлемiз” деген антымды бұзбаймын деп Кебек жау қолына өзi кеп түседi. Екеуiн Ащысудың бойына алып келедi де, бiрi таспен ұрып өлтiрмек болады, екiншiсi дарға асқысы келедi. Ақырында аттың құйрығына байлап, Ералы жазығында сүйретiп өлтiредi. Пьесада Кебек арқанмен сүйретпей, аты өлтiруін тiлек ретiнде айтады. Ол тiлегi орындалды, әрине, бұл Мұхтардың сахнада ойнауға қолайлы болуы үшiн “ойлап тапқан амалы”. Олардың артында Ермек атты сәби қалады. Мағауия дастаны былай аяқталады.

 

                             Балаға ешбiр пенде қарамапты,

                             Тобықты неткен жандар дiнi қатты.

                             Шеткi Ақшоқы басында бесiгiмен,

                             Деседi бiр күнi бойы жылап жатты,

 

Ал пьесада: “Жапал: (Абызды көрмейдi. Құндақтаған баланы баурына алып) сорлы қозым! Қошақаным! Жетпей қалған, жетпей қалған бауырым. Алдым сенi баурыма. Тастап кеткен. Елсiз иесiз далаға тастап кеткен тас бауырлар, бөрiлер!... Осы ма едi ел деген?” - деп шерлi зар төгедi.

Бұл ешқандай да әсiрелеу емес, қадым замандағы қатыгез заңның өмiрлiк шындығы болатын.

Сол бiр қасiреттi зауал күнi Еңлiк пен Кебектi Ералы жазығының шығысындағы Шұбар төбеге жерлептi. Ол – маң жазықтың ортасындағы бәйге, той жиын өткiзiлетiн, жамбы тiгiлетiн ойын-сауық орны болатын. Ендi махаббат құрбандарының мазары орнады. Жыл өткесiн тастан қалқа тұрғызады. Атақты Бiржан сал Абай ауылына қонаққа келгенде, Ақшоқыдан осында әдейi ат басын бұрып, мүнәжат етiптi (екi арасы – 10-15 шақырым). “Орда тауында отыратын әйгiлi тас қалау шеберi Рыскелдi дегеннiң Мамай батырға зират тұрғызғанын естiп, Бiржан оны шақырып алып Еңлiк-Кебектiң басына белгi тұрғызуды тапсырады. Рыскелдi Еңлiк-Кебектiң қабiрiн қайта сандықтап, құйма кiрпiштен шағын мұнара тұрғызған. Қабiр сандықшасының тұрқы тұтас, құбыла жақ басы екi айыр болған. Бұл қабiрдегi екi адамды бiлдiрген ишара болса керек. Кейiн мұнара құлап, iзi қалған”. (КСӘ, 4 т, 154-бет). Жоқ, iзi өшкен жоқ. Өшуi де мүмкiн емес.

Өшпейдi де.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347