Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4949 0 пікір 23 Тамыз, 2016 сағат 13:57

"ЕСЕК МІНГЕН ӨЗБЕК БІЗДЕН ОЗЫП КЕТТІ"

Кешелі бері жеңіп алған медаль саны бойынша Қазақстанның алдына түсіп кеткен Өзбекстан жайлы жазбаған жан қалмады. Сондағы себеп не десей, сол баяғы сарсыған стереотип.

Сіз спорттағы рейтингі не қыласыз, әлемдік рейтингі қарасаңызшы. Біз өзбектен баяғыда жеңілгенбіз, тек әлі мойындамай келе жатыр демесеңіз... Жыл сайын Колумбия университетінің әлеуметтанушылары тізіп беретін ең бақытты елдердің World Happiness Report деген рейтингі бар. Әр мемлекеттегі әл-ауқат деңгейі мен азаматтарының сол өмірге қанағаттану деңгейін есептейді. Сонда бұл тізімге кірген 156 мемлекеттің арасында 49-шы орнымен биыл Өзбекстан ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші орынға шығып кеткен еді. Қазақстан одан бес орын кейін тұр... Былтыр өзағам 44-ші орында болған, біз 57-ме, 56-ма, сондай бірдеңе...

Әлгі рейтингі азаматтардың тауарды сатып алу қабілетін, әлеуметтік қолдау деңгейін (қайғыға түсіп қалса, қарайласатын кімі бар, несі бар), болжанып отырған өмірінің ұзақтығы, жомарттық және қайырымдылық деңгейі, жемқорлыққа қарсылық иммунитеті, қобалжуға негіз беретін мәселелерінің қатарын да сарапқа салады.

Басқасын білмедім, өзім көрген өзбек әканың Кәрімов қанша кәріне алып отырса да, аузынан боқтығы шыққанын көрмеппім. Самарқанға барғанда әдейі таксистінің аузына жауабына шейін дайындап апардым - "жоға, олай дей алмаймын, бәрі де жақсы болады" деп құтылады. Махалла-махалласында жас-кәрі демей ақсақалын тыңдайды, сол көшеде арақ сатқызбайды, тентегі болса тәртіпке салып, тәлпіш қызына теңін тауып, әйтеуір тұрмысқа жібереді. Шыршықта әлі күнге дейін байларының өзі таң намазынан соң дорба арқалап, кедейлердің есігінің алдына азық-түлік тастап кетеді дегенді естігенмін. Кедей кімнің азық-түлік әкеп бергенін сол күйі білмей кетеді дейді. Рия болмасын деп ретін келтірген түрі. Еңбекқорлығы бір бөлек жыр. Байы мен кедейінің арасы қатты ашылмаған біздегідей. Баласын көп туады, самсасын шайына езіп жеп, соны тамақ қылып жүре береді, қоғамдық сенімі қалыпты. ІЖӨ-нің 18 пайызын ауыл шаруашылығындағы диқандары мен қойшылары береді, бізде ол 4 пайыз ғана. Соның есебінен бидайдан басқа азық-түлігі, шырын-суы бір басына былай жетеді. Бізде әркім баласын банкир я әкім қылғысы келсе, онда шағын бизнесін ашып, кәсіпкер болуын көздеткізеді. Содан да шағын және орта бизнесінің (гастарбайтерлердің аударымын қоса есептегенде) экономикадағы үлесі 50 пайыздай, ал бізде 25 пайыздың төңірегінде. Осы қасиеттер бізде қалды ма?

Демек, өзбектің бізден озып бара жатқанын тек өзіміз ғана көрмей отырмыз. Одан Erlan Karin айтпақшы, бәсекелес көрудің қажеті шамалы. Қайта үйренейік, одан асып түсудің Фэйсбукте отырып "осы сарт па, сарт" деп мысқылдаудан басқа түрін табайық! Пейілімізді түзеп, кең болуға, бір-бірімізге одан әрі жақындап, таныстан дос, достан бауыр болуға ұмтылуға не кедергі? Өз үйімізді өзіміз салып, өз бақшамызды өзіміз суарсақ, одан сорлы болып қалмайтынымыз өзбекшелегенде "aniq".

P.S. Қарапайым адам негізі 160 түс пен реңкті ажырата алады. Ал суретші болса, 100 мыңдай түс пен оның реңктерін ажырата алады. Айырмасын көрдіңіз бе, жер мен көк! Қысқасы, суретші болайық, тек қара мен қоңырды көре бермей. 

Өркен Кенжебек

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415