РИО 2016: НЕ КӨРДІК? НЕ БОЛДЫ?
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындары мәреге жетті. 206 мемлекеттен ұзын ырғасы 10 мыңнан астам спортшы қатысқан бәсекеде Қазақстан жалпы командалық есепте 22-ші орынды иеленді. Лондондағыдай аспаннан алтын жаудырмасақ та, жалпы жүлде жөнінен ел рекордтын жаңаладық. Бұған дейін Атлантада 11, Сиднейде 7, Афиныда 8, Пекинде 13, Лондонда 13 медаль еншілеген болатынбыз. Бұл жолы қоржынға 17 жүлде түсті: үш алтын, бес күміс, тоғыз қола медаль.
Жетістіктеріміз жетеді... әттеген-айымыз да аз болмады
Соңғы айларда Халықаралық Ауыратлетика федерациясы мен Халықаралық Олимпиада комитеті қазақстандық ауыратлеттерді допинг қабылдады деп айыптап, біздің зілтеміршілерді жарыстан шеттеткені белгілі. Илья Ильин, Жасұлан Қыдырбаев, Алмас Өтешев, Владимир Седов, Мая Манеза, Зүлпия Шиншанло, Светлана Подобедова секілді атлеттер ауыр жазаға кесілген соң, Бас бапкер Алексей Нидің басы үлкен дауға қалған еді. Десе де, Рио төрінде қазақтың нар қызы Жазира Жаппарқұл тұңғыш болып күмістен алқа тақты. Сөйтіп ол қазақ қыздарының ішінен шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері атанды. Артынша легионер Ниджат Рахимов Нидің басын даудан арашалап ел қоржынына Рио алтынын салды. Ниджаттың жеңісін балық бала Баландин қайталады. Бокстан Қазақстан Данияр Елеусінов үшінші алтынмен күллі қазақ жұртын қуантты. Осылайша Қазақстан әнұраны Рио төрінде үш рет шырқалды. Дзюдошы Елдос Сметов бастаған «күмісбектер» де намысты қолдан бермеді. Әділбек пен Василийді төрешілер жығып бермегенде бұл екі оғланымыз да алтынды алып тұр еді-ау, амал кем... Хош, күміс те жаман нәтиже емес. Өткен Олимпиаданың қола жүлдегері Гюзель Манюрова бұл жолы күмістен алқа тақты. Қола жүлде алғандардың қатарында Галбадрах Отгонцэцэг, Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, Ольга Рыпакова, Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, Иван Дычко, Дариға Шәкімова бар.
Осылайша Олимпиаданы аяқтаған Қазақстан құрамасындағы 104 спортшының 17-і елімізге олжалы оралды.
РИОДАҒЫ РИЯСЫЗ АҚТАЛУЛАР
Бразилиядағы бәсекеде қилы-қызық жайттар аз болмады. Сонымен Рио-2016: Не көрдік, не болды, не есте қалды? Енді осы сұрақтардың жауабын тізбелеп көрейік.
(Қытайлық спортшы Фу Юанхуай)
«ЕТЕККІРІМ КЕЛІП ҚАЛДЫ...»
Қытайлық жүзуші қыз Фу Юанхуай 4х100 метрге (эстафета) жүзуден төртінші орын алды. «The Guardian» басылымының жазуынша, жарысты сәтсіз аяқтаған Фу өзінің жеңіліп қалуы себебін менструалды циклдің (етеккір циклі) келуімен түсіндіріпті.
«Мен жарысты сәтті аяқтадым деп айта алмаймын. Себебі менің етеккірім келіп қалды. Бұл жайттың ақталуыма себеп бола алмайтынын білемін. Өзімді өзім біртүрлі жағымсыз сезініп тұрмын»,-депті Юанхуай.
Статистикаға сүйенсек, Қытайда нәзік жандылардың 2 пайыз ғана «тампон» қолданады екен. Ал пәктік туралы ақпаратты ашық жариялауға болмайтын көрінеді.
ОЛИВЕЙРА ОТ БАСТЫ
Бразилия ұлттық құрамасындағы синхронды суға секіруші атлет қыздар арасында орын алған «секс-сакндал» әлем халқының қызу талқысына түсті.
Синхронды түрде суға секіруші қос қыздың бірі – Ингрид Оливейра ескек есуші Джованни Педрос есімді атлетпен жыныстық қатынасқа түскені үшін оның әріптесі Бразилия Ұлттық Олимпиада комитетіне шағым түсіріпті.
Ал аталған сайыстан бұл жұп ең соңғы орынға тұрақтаған.
Айта кетейік, жыныстық қатынасқа түсемін деп басы дауға қалған Ингрид 2015 жылы Панамерика ойындары кезінде жалаңаш суретке түскені үшін сөгіс те алған екен.
(Хироки Огита)
28 жастағы жапон атлеті Хироки Огита Рио Олимпиадасында өзінің аталық мүшесі арқылы көзге түсті. Ол 5,3 метр биіктікті бағындырмақ болған. Алайда жарысты сәтті бастаған Хирокиді Олимпиада медальінен айырған өзінің қасасы болды. Ол 5,3 метр биіктікке секірген тұста жыныс мүшесімен таяқшаны қағып түсірген.
ЕҢ СҰЛУ
Рио Олимпиадасындағы ең сұлу спортшы қыз – Мари-Лоуренс Юнгфляйш ден танылды.
Германиялық суға секіруші атлет Мари-Лоуренс 1990 жылы 7 қазанда дүниеге келген.
ШҰРЫҚ-ТЕСІК ЖОЛДАР ЖӘНЕ ЖАРАҚАТТАР
Нидерландық велошабандоз Аннемиек ван Флеутен жарыс жолының 9-шақырымында ойылып қалған жолға түсіп, ауыр дене жарақатын алды. Ауруханаға жеткізілген ван Флеутеннің бас сүйегі мен бел омыртқасы сынып кетіпті.
33 жастағы ван Флеутеннің түскен ойығына АҚШ велошабандозы Марпой Эббот та үрінді.
Дәл осындай шұрық-тесік жолдың тағы бір құрбаны – итальяндық шабандоз Винченцо Нибали. Ол шосселік жарыс кезінде аударылып кеткен.
Француз жеңілатлеті Самир Аит Сайд жарыс кезінде сол аяғын сындырып алды.
Ал Арманиялық ауыратлет Андрик Карапетян 77 келі салмақ дәрежесінде 200 келілік зілтемірді көтеру кезінде қалын сындырып алды.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz