ТАЗАБЕКОВТІҢ ТЕҢЕУІ: ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ӘМ ИТ
Асыл арна теле арнасының директоры Мұхамеджан Тазабек «Қазақстан» телеарнасындағы «Әйел бақыты» бағдарламасында қоғамда белең алған ажырасудың басты себептеріне қатысты өз пікірін айтып, қазақ қыздарын «итпен» салыстырған екен. Бұл туралы «NUR.KZ» порталы жазады.
Бағдарламаның кезекті саны қазіргі қоғамда аса өзекті болып отырған ажырасу тақырыбына арналған. Бұл тұста дінтанушы Мұхамеджан Тазабек көрермендерге, оның ішінде әйел адамдарға құлаққағыс ретінде ажырасудың бірнеше себептеріне тоқталады. Тазабеков мырзаның айтуынша, қазір статистика бойынша әр үшінші отбасы ажырасудың алдында тұр. Яғни, бұл дабыл қағатын жағдай.
«Бұл нені көрсетеді? Яғни, олардың отбасы болуға рухани деңгейлері жетпейді немесе кішкентайынан оның бойында, сана сезімінде отбасы құндылықтары пісіп-жетілмеген, соның соңы әртүрлі жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін. Бірінші отбасына кету, толыққанды мәселені шеше алмау, отбасын құрғанда да оған жауапсыздықпен қадам басу және тағы басқалары», – дейді ол.
«Бірақ осының түпкі себебі бар. Біз қыздарымызды кішкентай кезінен ең үлкен құндылық – отбасының егесі болу, ер-азаматтың көңілін табу, оның жүрегін жаулау деген нәрсеге мүлдем көңіл бөлмейтін ата-аналар көбейді қазір. Себебі ақпараттық құндылықтардың барлығы бізге қыз бен жігіттің ортасындағы мәселені тек қана махаббатпен көмкереді. Телехикаяны көрсек те, роликті көрсек те, бейнебаянды көрсек те махаббатқа толы, жарасымды, сұлу көріністерді, ғажап сәттерді ғана көз алдымызға әкелі, жастарды романтикаға байлап жатыр. Ал неке қиып, үйлену – ол өмір. Ал өмір тек қана романтикадан тұрмайды. Өмірдің қиыны, жеңілі, ауыры, психологиялық түрлі жағдайлары бар, осыған төтеп беретін дайындық жоқ», – деп жалғады сөзін дінтанушы.
Мәселен, аңға баратын адам итін ертеді, мылтығын алады, үстіне ыңғайлы киім киеді. Балыққа баратын адам да солай. Сондықтан бұл тұста кетіп бара жатқан қызды бір отбасының көсегесін көгертуге дайындау қажет дейді дінтанушы.
«Ал осыған, біз, ең құрымағанда, аңшы итін ерткендей, балықшы қармаған алғандай, қыздың қолына рухани қармақ ұстатып жатырмыз ба? Әйелі тұңғыш баласы сияқты күйеуінің қас-қабағына қарай отырып, оны кез-келген объектіден бетін бұрып алуға әйелдің құдіреті де, махаббаты да, нәзіктігі де жетеді», – деген ол отбасының тізгіні әйел адамның қолында екенін айтады.
Мұхамеджан Тазабектің айтуынша, қыз тұрмысқа шыққан соң, қайтып әке үйіне оралу туралы ойламауы керек. Себебі егер ол қайтып бара алатынын білсе, онда ол «туындаған мәселені сабыр қылып шешуге тырыспайды, себебі артта қайтар жол бар.
Abai.kz