...АЙШАЛАР МЕКТЕПКЕ БАРАДЫ
Алматы қаласында 2010 жылдың 9 наурызы күні дүниеге келген төртемдер биыл мектепке барады. Осы хабарды ести сала, Abai.kz ақпараттық порталы «Мектепке жол» акциясы аясында төртемдер отбасына аздаған базарлық арқалап барғанды жөн көрді.
Нұрайша, Жанайша, Бекайша, Гүлайша атты кіл Айшалар Алматы қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы 137 мектептің табалдырығын аттағалы отыр. Мектеп директорының міндетін атқарушы Сандуғаш Ақшалова өз тәжірибесінде дәл осындай оқиғаның болмағанын, бұл жайтты жақсылықтың нышаны ретінде болжап отырғанын айтты.
Дүние есігін (Бекайша 900 грамм, Нұрайша 1540 грамм, Жанайша 1440 грамм, Гүлайша 1580 грамм) өте аз салмақпен ашқан қыздардың қазір денсаулығы өте жақсы. Әрқайсысы да тек беспен оқуға ниетті екендіктерін байқатты.
Бұл отбасы осы төртемнен кейін екі қызды болыпты. Кішкене қыздары әлі жасқа толмаған. Ал, ортаншы қыз Наргиза болса, әпкелерінен қалмай биыл мектепке дайындық сыныбына бармақшы. Шынын айтайық, біз бұдан хабарсыз едік. Айшалар біз апарған сөмкедегі мектепке керек-жарақ заттарды ақтарыстырып, қуанып жатқанда, «менің сөмкем қайда?» деп Наргизаның көзінен жас ыршып кете жаздады. Қыздардың анасы Назым біздің қолымызға тиын қыстырып жіберіп: «Мынаған сөмке сатып ала ғой деңізші» деп қиын жағдайдан құтқарып жіберді.
Ақша қолға тие сала, Наргиза асыр салып ойнай жөнелді.
Алты қыздың әкесі Есентай балаларын мектепке беру үшін 3 айдан бері дайындалып жатқан көрінеді. Олардың сабақ оқитын үстелдеріне дейін арнайы жасатып қойыпты.
Бұл отбасы осы бақытты күнге жеткендері үшін Аллаға мың шүкір етеді.
Біз де «төртемдердің асығы алшысынан түсе берсін» деген тілек тіледік.
Abai.kz