Желтоқсанға жол салғандар
Біз саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы айтқанда, 30-жылдарды төңіректеп, жылда белгілі бір тұлғалардың ғана атын атап, түсін түстеумен шектелеміз. Ал одан бергі кезеңде де арманы асқақ талай азаматымыздың кеңес империясына қасқайып қарсы тұрғанын, қиянатшыл қоғамның құрбанына айналғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Білгеннің өзінде белгілі саясаткер Хасен Қожа-Ахметті ғана танитын шығармыз. Ал соңғы буын – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары. Бірақ жастардың көтерілуі бір күндік ашу-ызаның жемісі емес. Түп-төркіні әріде. Қазақтың азаттығын аңсаған азаматтар өткен ғасырдың 50-інші, 60-ыншы, тіпті 70-жылдарында да белсенді әрекетке барды. Амал қанша, құрығы ұзын КГБ бәрін басып тастап отырды. Соған қарамастан өр мінез, еркіндік сүйгіш ерлердің құпия іс-қимылы астыртын түрде жер-жерде жалғасын тауып жатты.
Арда туған Азамат
Біз саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы айтқанда, 30-жылдарды төңіректеп, жылда белгілі бір тұлғалардың ғана атын атап, түсін түстеумен шектелеміз. Ал одан бергі кезеңде де арманы асқақ талай азаматымыздың кеңес империясына қасқайып қарсы тұрғанын, қиянатшыл қоғамның құрбанына айналғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Білгеннің өзінде белгілі саясаткер Хасен Қожа-Ахметті ғана танитын шығармыз. Ал соңғы буын – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары. Бірақ жастардың көтерілуі бір күндік ашу-ызаның жемісі емес. Түп-төркіні әріде. Қазақтың азаттығын аңсаған азаматтар өткен ғасырдың 50-інші, 60-ыншы, тіпті 70-жылдарында да белсенді әрекетке барды. Амал қанша, құрығы ұзын КГБ бәрін басып тастап отырды. Соған қарамастан өр мінез, еркіндік сүйгіш ерлердің құпия іс-қимылы астыртын түрде жер-жерде жалғасын тауып жатты.
Арда туған Азамат
1978 жылдың сәуір айы. Алматы маңындағы Талғар қаласына жақын орналасқан психиатрия¬лық ауруханаға қазақтың әйгілі актері Қасым Жәкібаевтың ұлы – Азамат әкелінді. Бес жылдан кейін барып туыстары сол бір түсі суық ғимараттан Азаматтың сүйегін алып шықты. Өлімінің ресми себебі әдеттегідей – өзіне қол жұмсаған. Бірақ бұған әкесі де, шешесі де сенбейді. Әлі күнге дейін.
Атақты актердің баласы неге осындай халге түсті? Ащы айқайың алқымда қалатын қатал заманда бұл туралы тіс жарып айту мүмкін емес. Ал пәленің бәрі Азаматтың жұрт арасында «үш әріп» атанған Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қырағы көзіне түсіп қалуымен басталған. Ол бозбала болса да, өзі өмір сүріп отырған қоғамның қисық бағытын, кеңестік саясаттың бұра тартқан сарынын сезе білген. Соған қарсылық білдіреді, құрсаулап, тыным таптырмаған ойды қағазға түсіріп, үнпарақ таратады. Үнпарақтың мазмұны былай боп келеді:
«Социализм жойылсын! Ерікті капитализм жасасын! Мен өз өмір жолымды таңдап алдым. Сіздерге де жол болсын! Коммунистердің ешбір сөзіне сенбеңіз! Олар оңбағандар әрі екіжүзді! Мағыналы, ерікті қоғам – капитализм үшін күресіңдер!»
Әрине, Азамат әрекетін астыртын жүргізді. Бірақ, құпия қызметтің құрығы қашан да ұзын ғой. Тыңшылар арманшыл жастың Алматыдағы тұрғын үйлердің пошта жәшіктеріне әлгіндей үнпарақ салып жүргенін байқап қояды. А.Жәкібаевтың ісіне қатысты мұрағат құжаттарын тұңғыш ақтарып, оларды терең зерттеген журналист Ләтифола Қапашевтың айтуынша, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Азаматты 1978 жылдың қаңтар айында ұстаған. Бұл кезде ол 18 жастан енді ғана асқан еді.
«Үш әріптен» келгендер үйді тінтіп, Азаматтың суретінен бастап сабақты инесіне дейін түк қалдырмай алып кеткен. Басқа бұйымның арасында жатып, әйтеуір, қалып қойған, досы сыйлаған бір кітап пен оның ішіндегі 1 және 12 жастарында түскен екі суретін, тағы кейбір дүниені анасы көп уақыттан кейін барып тауып алыпты.
МҚК қызмет¬керлері Азаматты ары сүйреп, бері сүйреп, ақыр аяғын¬да жындыхана¬дан бір-ақ шығарды. Сол жындыханада жатып қаза тапқан кезінде ондағылар анасына: «Денесін аласыңдар ма? Алмасаңдар, өзімізде де қоятын жер бар», – депті. Баласының мүрдесін кім айдалада қалдырсын?! Нұртай апамыз (А.Жәкібаевтың анасы) перзентін Кеңсайға арулап жерледі. Ал «үш әріп» оның бұл дүниеде болған-болмағанын білдірмей жіберуге тырысқан. Әке-шешесіне «жұртқа Ауғанстаннан өліп келді деп айтыңдар» деген. Бірақ қыршын жастың неден өлгенін сұрайтын жұрт та болған жоқ. Оны жерлеуге келгендер саусақпен санарлықтай еді. Тіпті көңіл айту былай тұрсын, “Торғай құтырса, бүркітке түседі” деп теріс айналғандар да табылды. Өйткені олар Азаматтың қандай іске бел байлағанын білетін.
Тағдыр қазақтың талай көркем фильмінде қарапайым шалдың бейнесін сомдаған танымал актер Қасым Жәкібаевты маңдайдан сипамады. Бар ғұмырында көрген екі ұлдың бірі осылайша қыршын кетті. Азамат оның екінші баласы еді. Ал үлкені Арал оспадарлар қолынан майып болып, мүгедектікке ұшырады.
Азамат істі болған күннен бастап әкесі онымен сөйлеспей де, бармай да қойыпты. «Өкіметке қарсы шыққан балама қатты өкпеледім», – дейді актер. Ұлы тергеу қапасында, кейіннен жындыханада жатқанында, тым құрыса, бір рет барып тілдеспегеніне енді өкініп жүрген жайы бар...
Нұртай Жәкібаева, Азаматың анасы:
– О баста Азаматтың немен айналысып жүргенін білмедік қой. Бірақ кейде шет жағасын шығарып, маған айтатын. Әкесіне айтпайды. «Табиғат құрып барады. Адамдар да құрып, тобырға айналып барады» деп бірдеңелерді айтып-айтып алатын да, содан мен ұрса бастағанда, «Мама, өтірік айттым саған. Шын деп қалдың ба?» дейтін. Сол айтқаны өтірік еместігін кейін білдім.
Еліне керексіз ер
Хасен Қожа-Ахмет бір әңгімесінде бұрын өзім аты-жөнін естіп-білмеген Махмет Құлмағамбетов деген де кеңестік диссидент бар деген еді. Махмет аға кеңестік жүйеге қарсы әрекеті үшін сотталып, жазасын өтеп шыққан соң, он жылдай жырақта жүреді, кейін мүлдем шетелге кетеді. Содан туған топыраққа оралмады. Әйтеуір, Алматыда туыстары бар екен. Сәті түсіп, соларды іздеп таптым. Белгілі «Сезам» театрының директоры Қайрат Баянов Махмет ағаның туған жиені екен. Одан нағашысының өмірбаянына қатысты аздаған дерек алдым.
Махмет Құлмағамбетов Қоста¬най облысының Меңді¬қара ауданында 1930 жылдың 20 шілдесінде туылған. Екі жасар кезінде әке-шешесі аштықтан қашып, Алматыға көшіп келген. Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетін бітіріп, жоғары оқу орындарында сол мамандық бойынша сабақ берген. Осылай оқытушылық жұмыспен жүрген кезінде-ақ, ол коммунистік билікті сынай бастады. Студенттерге дәріс оқып тұрып, компартияға ашық наразылығын білдіреді. Бұл дегеніңіз – ол кезде көзсіз ерлікпен пара-пар. Сол үшін қытымыр қоғамнан «сыбағасын» аямай-ақ алды. Өмірбаянына қарап отырсақ, Махмет аға Қазақ ғылым академиясы философия институтының ғылыми қызмет¬кері болып жүреді де, содан кейін бірден Рудный қаласындағы кеніште электр маманы болып шыға келеді. Бұл 1959 жыл болатын. Содан үш жыл өткеннен кейін «кеңестік жүйеге қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген айыппен ұсталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылады. Содан кейінгі жеті жылы Мордовиядағы саяси тұтқындар лагерінде өткен. Ал бұдан соң Коми автономиялық республикасында және Харьковте қара жұмысқа жегілді. Абақтыдан шығып, Алматыға ара-тұра келіп тұрады. Бірақ 1979 жылдың аяғында Харьковтен әрі қарай шетел асып кеткен. Жат жұртқа кетуінің өзi қызық!
Ол кезде КСРО азаматы шетелге оңайлықпен шыға алмайтын. М. Құлмағамбетов мақсатына жету үшін Харьковте еврей әйелге үйленеді. Американың араласуымен яһудилердің шетке кетуіне рұқсат берілген тұс. Сол арқылы арнайы шақырту алып, Израильге барады. Одан кейін Венаға өтіп, ақыр аяғында Германиядан бір-ақ шыққан. Ол жаққа да Мюнхендегі «Азаттық» радиосының арнайы шақыруымен барған. Сол радиода табан аудармай 15 жылдан аса уақыт жұмыс істеп, 1995 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады. Бұл кезеңде мәскеулік, тіпті алматылық идеологтар да оған қара күйе жағып жатты.
Ал енді тәуелсіздік орнаған соң оның елге келмеуінің сыры неде? Бұл сұраққа Германияға барған кезінде Махмет ағамен дәм-тұздас болған белгілі режиссер Болат Атабаевтың мына бір сөзі жауап: «Ол кісі 1993 жылы Мәскеуге келіп тұрып, Қазақстанға аяқ баспай кетті. Сол Мәскеуде маған телефон соққан еді. «Қазір жағдай өзгерді ғой. Неге келмейсіз?» - дегенімде. біздегі басшыларға деген өкпесі қара қазандай екенін аңғартты. Ол кісі қазақ үшін, ұлт үшін күйген адам емес пе?! Билік орындары шақыруы керек еді. Бірақ ешкім елеген жоқ. Сол себеп болды ма деп ойлаймын. Алайда ол өзі дәл солай деп маған ешқашан тіс жарған емес». Кейіннен бұл сөзді Махмет ағаның туған жиені Қайрат Баянов растады. Оның айтуынша, нағашысы қайтсе де туған жердің топырағын бір басқысы келген екен. Бір сөзінде «Жасым болса, 77-ге келді. Келесі жылы елге баруым керек» депті. Бұл 2007 жыл болатын. Кезінде әпербақан әміршіл жүйеден қаймықпаған азамат сол арманына сәл ғана уақыт жете алмай кетті. Махмет Құлмағамбетов былтыр қараша айында Мюнхенде қайтыс болып, сонда жерленді.
Махмет ағаның әке-шешесі дүниеден ерте өтіпті. Бөтен елге кеткенде, елде екі қарындасы қалған еді. Қазір солардан туған жиендері бар. Ал өзінен тұяқ қалған жоқ.
Қайрат Баянов, Махмет Құлмағамбетовтің жиені:
– Нағашым маған «Рес¬ми түрде шақырмаса, өзім Қазақстанға бармаймын» деген еді. Бірақ алдыңғы жылы өзі телефон шалып, елге келмек ойы бар екенін айтты. «Жасым болса 77-де. Туған жерді бір көріп қайтсам екен» деді. Мен «кел» дедім. Алайда соған жетпей кетті ғой.
Үңгірде үнпарақ жазған
60-жылдары Қарағанды өңірін¬де жастар «ЕСЕП» (елін сүйген ерлер партиясы) атты жасырын ұйым құрады. Сол ұйымның басы-қасында жүргендердің бірі қазір осы өңірдегі Ақсу-Аюлы ауылында тұратын жазушы Кәмел Жүністегі.
Сол жылдары тың өлкесі игеріліп жатты ғой, – деп еске алады Кәмел аға. – Біздің ауданға мың жарым орысты алып келді. Көшеде жүре алмайтын болдық. Құдай сақтасын! Орыстың жігіттері мен қыздары... сұмдық! Клубта қазақша концерт қойылмайтын болды. Қызметте жүрген азаматтарды орысша жазуы қате болғаны үшін жұмыстан шығарып жатты...
Кәмел аға мұндай әділетсіздікті аудан, тіпті облыс басшыларына жеткізеді. Бірақ ешкімнен қолдау таппаған. Ақыры, коммунистік жүйемен күресіп, әділет жоқтаушысы болуды жөн көреді. Жоғарыда атал¬ған ұйымның жұмысына белсене араласады. Аса сақ қимылдаған бұл ұйым мүшелері үнпарақты Ақсу-Аюлы ауылынан үш шақырымдай жердегі үңгірге барып жазатын. Жазу машинкасын сол жерге тығып қоятын болған. Осы жерде үнпарақ басылып жатқанда бөгде біреу көр¬мес үшін бір жігіт атпен торуылдап жүреді екен.
Ақыр аяғында «үш әріпке» бұл амал да мәлім болды. К.Жүністегі төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Челябі түрмесінде жазасын өтеп, елге оралған соң оның жұ¬мыс¬¬қа тұруы қияметке айналды. Маман¬дығы тарих¬шы екеніне қарамастан, ұлтаралық араздықты қоздыруға әккі билік оны, қас қылғандай, орыс мектебіне дене шынықтыру мұғалімі етіп қойды. Кейіннен аңшылықпен, жазумен айналысты. 12 кітабы жарық көрген. Қазір өз өлкесінің қадірменді ақсақалына айналып отыр.
Сұлтан Оразалинов, жазушы, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері:
– Ұмытпасам, 61-жыл¬дың күзі болуы керек. Дүкенбай Досжанов екеуміз бір пәтерде тұратынбыз. Ол маған бір күні хат алып келді де, «мынаны оқышы» деді. Ашылған екен. Оқысам, біздің ойымыздағы сөздің бәрін жазыпты. «Елден, жерден айырылайық деп тұрмыз. Біз, қазақтың жастары, тұяғымызды серппей өлеміз бе?» деген мазмұнда құралған. Хаттың Қарағанды жақтан келгені байқалады.
Түйін
Сол тұста Кеңес Одағына деген наразылықтың көбі ұлттық мәселеден туындады. Еліміздің күнгейіндегі жердің біразы өзбекке берілгені мәлім. Қазаққа өте-мөте қас Хрущевтің зымиян пиғылы басқа аймақтарды да бөліске салды. Ол аздай, қазақ балабақшасы мен мектебі жаппай жабылып жатты. Сол заманның жастары бұған үнсіз қарап тұрмады, наразылығын білдіргісі келді. Білдірді де. Бүгін біз кеңестік саясатқа қарсы сөйлеймін деп қуғынға ұшыраған үш қазаққа ғана тоқталдық. Олардың аз еместігіне көзіміз анық жетеді. Сондықтан бұл тақырыптағы әңгіме әлі де жалғасын табуы тиіс...
Оразәлі БАЙМҰРАТ
«Жас Қазақ» газеті 29 мамыр 2009 жыл