ЖЕР МӘСЕЛЕСІ. ҚЫТАЙ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ ҚАҚПАНЫ
Шетелдiктерге тоқымдай жердi де жалға беруге болмайды деп шыр-пыры шыққан халықтың күмәнi ақыры шындыққа айналды. Бұл – нақты дәлел. Қазақстанға келiп, бiрiккен кәсiпорын құрған қытайлық компаниялардың көкейiнде не жатқанын әйгiлейтiн кеп. Билiк басындағылар бұдан кейiн де әуелгi ниетiнен айнымаса, онда қазақ жерiнiң бүтiндiгiне, қазақ елiнiң тәуелсiздiгiне төнген қатердiң шындап күш алғаны. Бiз осылай ойлауға мәжбүрмiз.
Сонымен, қазақ кәсiпкерi Қытай компаниясының қақпанына қалай түстi? Отандық шаруа қожалығының обал-сауабына қарайтын бiрде-бiр мемлекеттiк мекеменiң табылмауында не сыр бар? Бiрiгуiнен бүлiнуi тез болған серiктестiктiң ендiгi тағдыры қандай болмақ?
Әңгiменi басынан бастайық. «Қордай Халал-Ет» селолық тұтыну кооперативi – аса iрi болмаса да, елiмiздегi iргелi шаруа қожалықтарының бiрi. Жамбыл облысының Қордай ауданында 2009 жылы құрылған кооператив бiр жылдан кейiн өзiне тиесiлi жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын еге бастаған. 2010-2012 жылдар аралығында жыл сайын 250 гектар жерге жүгерi, 1 мың гектар жерге мақсары, 500 гектарға соя, 1 мың гектарға арпа еккен. Түсiм жаман болмаған. Орта есеппен жыл сайын 1 мың тонна мақсары, 1,5 мың тонна арпа, 20 мың тонна жүгерi жинаған. Су құбырлары орнатылып, егiс алқаптарының бәрi сумен толық қамтамасыз етiлген. Тiптi кооператив өзiне тиесiлi жерге электр желiлерiн де тартқан.
2012 жылдың жазынан бастап осындай жүйелi жұмыстың кетеуi кетiп, берекесi қашады. Себебi сол кезде кооператив төрағасы Саттар Бейсеқожаев қытайлық инвесторлармен келiсiмшартқа отырған. Шетелдiк тарап: «Бiрiгiп жұмыс iстейiк. Мал бордақылау алаңдарын саламыз, тамшылатып суару технологиясын енгiземiз» деп уәденi үйiп-төгедi. Сөйтiп, бiрiккен «СПК Қордай Халал-Ет» ЖШС құрылған. Оның жарғылық капиталының 54 пайызы «Қордай Халал-Етке» тиесiлi болса, 46 пайызы қытайлық «Уэйз Груп» ЖШС-ның меншiгiне өтедi. Осы жерде ерекше ескеретiн бiр мәселе бар. Қытайлық компания «инвестиция әкелу үшiн жердi жарғылық қорға енгiзесiңдер. Олай болмаса, бiр тиын да қаржы әкеле алмаймыз» деген талап қояды. Осылайша «Қордай Халал-Ет» кооперативi 49 жылға жалға алған 8 мың гектар жер жарғылық капиталға өткен.
Ал ендi «Уэйз Груп» деген қайдан шыққан серiктестiк, бұл жөнiнде де мәлiмет бере кетейiк. Шетелдiктермен бiрiгемiн деп басына бәле тауып алған Саттар Бейсеқожаевтың айтуынша, «Уэйз Груп» ЖШС Гонконктағы «Oriental Patron Group» атты алып инвестициялық компанияның Қазақстандағы филиалы екен. Инвестиция таратқыш алпауыттың Қазақстандағы жайған қанаты жалғыз «Уэйз Группен» шектелмейдi. Оның құрамында техниканы лизингке беретiн «Пәрмен» ЖШС және несие тарататын «Jin dou development fund» мекемесi де бар. Осының бәрiне Хао Бинь есiмдi қытайлық азамат жетекшiлiк етедi. Оның төбесiнен қарап тұратын тағы бiр дөкей бар. Ол – қытайлық Джан Вейдон (Джэймс) деген әлдебiреу.
Қысқасы, 2013 жылы «Jin dou» мекемесi «СПК Қордай Халал-Ет» ЖШС-ға несие (2 млн 320 мың АҚШ доллары) бередi. Алайда, мерзiмi 1 жыл ғана!
«Мен сонда Хао Биньнен “Неге 1 жыл? Қысқа уақытта бiз оны қалай қайтарамыз?» деп сұрадым. Ол: «Jin dou» бiздiң мекеме, оған бола алаңдамаңыз. Қажет болса, келiсiмшарт мерзiмiн ұзартамыз. Бiзге керегi – қаржының тезiрек жеткенi. Қорықпай жұмысыңызды жүргiзе берiңiз» дедi. Мен оған сендiм» дейдi С.Бейсеқожаев.
Сонымен, «СПК Қордай Халал-Ет» серiктестiгiне «Пәрмен» ЖШС арқылы бiрқатар ауыл шаруашылығы техникасы жеткiзiледi. Несиенiң басым бөлiгiне 729 гектар жерге тамшылатып суару жүйесi тартылады.
Қызықтың көкесi осыдан кейiн басталған. Арада 6 ай ғана уақыт өткенде «Jin dou» қарызды қайтаруды талап етедi. Қорықпа деп қазақты арқасынан қаққан Хао Бинь әуелгi сөзiнен айнып шығады. Ал несиенi шұғыл қайтару еш мүмкiн емес. Өйткенi қаржы тамшылатып суару технологиясын жүргiзуге жұмсалып кеткен. Мұны бiле тұра қытайлық тарап «BDO Kazakhstan» халықаралық аудиторлық компаниясы арқылы серiктестiң жұмысына тексеру жүргiзедi. Бiрақ еш заңбұзушылық, бәлеге iлiк болар еш себеп таппайды. Соған қарамастан, қытайлықтар бiрiгiп жұмыс iстеуден бас тартады. «Пәрменнен» келген техникаларды қайтарып алады да, «СПК Қордай Халал-Ет» серiктестiгiн сотқа бередi. Және соттан серiктестiктi банкрот деп тануды сұрайды.
Сонда Қытай компаниясы мұның бәрiн не үшiн iстеп отыр? Олардың араға жыл салмай жатып бастапқы жоспардан айнуында не сыр бар? Мұны С.Бейсеқожаев былай түсiндiредi: «Олардың көкейiн не тесiп бара жатқанын мен кейiн ұқтым. Қытайлықтарға керегi жер ғана! Басқаға басын ауыртпайды. Менiң оларға сенiп, өз жерiмдi жарғылық қорға енгiзуiм қателiк болып шықты. Бiрақ қордың 54 пайызы өз еншiмде болғандықтан, оларға тоқымдай жердi де бермеймiн. Есесiне, менi тұралатып, тұйыққа тiредi. Жұмыс iстеуiме мүмкiндiк қалдырмады. Мәселенi шешудiң бiрнеше жолын ұсынып едiм, оның бiрiне де көнбедi. Тiптi «Жердi бiзге берсең ғана қарызыңнан құтыласың» дегендi ашық айтты».
Ал қазақ кәсiпкерi қытайлық әрiптестерiне қандай ұсыныстар жасады? Алдымен С.Бейсеқожаев алынған қаржыны бiрнеше жылда бөлiп төлеудi ұсынған. Бiрақ қытайлық компания оған келiспейдi. Содан кейiн көкөнiс сақтау қоймасы секiлдi өз иелiгiндегi жылжымайтын мүлiктердi беруге талпынады. Бұл мүлiктердiң құны қанша екенi заңдық тұрғыда нақтыланған. Құжаттары да дайын. Алайда қытайлар одан да бас тартады. Ендi қандай жол қалды? Жалғыз жол – қолма-қол ақшамен қайтару. Үлкен сомадағы қаржыны ұзақ iздеген кәсiпкер ақыры «Қазагроқаржы» компаниясынан несие алып, борышын өтемекке, сөйтiп, қытайлықтармен арадағы дауды бiтiруге ұмтылады. Бiрақ ол үшiн серiктестiктiң көп дүниесiн кепiлге қоюға тура келедi. Ал шетелдiк тарап бұған да қарсылық танытқан.
Мiне, сол 2013 жылдан берi қос тарап итiс-тартыспен күн кешiп келе жатыр. Әйтсе де шешiлген шаруа жоқ. Аграрлық салада өзiндiк орны бар «СПК Қордай Халал-Ет» кооперативi құрдымға кетуге таяған. Қытайлықтар келмей тұрғанда онда еңбек етiп, бала-шағасын асыраған 60-70 адам бүгiнде жұмыссыздар қатарына қосылған.
Жалпы, бұл оқиғадан ненi аңғаруға болады? Бiрiншiден, шетелден инвестиция тартып, азық-түлiк өндiрiсiн дамытпақ болған, бiрақ айлалы әрiптестерiнiң алдауына түсiп, жерден айырылып қалу қаупi төнген кәсiпкер сол қиындықтармен тек өзi ғана күресуге мәжбүр. Бұл даулы мәселенi шешуге не жергiлiктi әкiмшiлiк, не Кәсiпкерлер палатасы мен Ауыл шаруашылығы министрлiгi ұмтылмаған. 8 мың гектар алқап 49 жылға жалға алған отандық серiктестiктiң жерi болғанымен, ол ең алдымен мемлекеттiң меншiгi. Сол мемлекеттiң меншiгiн қорғайтын, оның шетелдiктердiң қолына өтiп кетпеуiн қадағалайтын, оның заңдылығын тексеретiн бiрде-бiр мемлекеттiк мекеменiң болмағаны қалай? Фермердiң барлығы жақсы агроном болуы мүмкiн. Бiрақ барлығы бiрдей заңгер емес қой. Сонда олардың құқын кiм қорғайды?
Екiншiден, отандық кәсiпкердi көпе-көрнеу қарызға кiргiзiп, жердi тартып алуға ұмтылу – таза басынғандық. Ешбiр мемлекет мұндай бассыздыққа жол бермейдi. Сонда Қазақстанда бiлгенiн iстеп жүрген қытайлық компания кiмге сенедi? Әлде жоғарыда оларды қолдап-қорғаштап отырған бiреу бар ма? Болса, ол кiм?
Үшiншiден, шетелдiктерге жалға жер берiп, инвестиция тартпақ болып жүрген билiкке осы оқиға үлкен сабақ болуы тиiс. Осыдан 3 жыл бұрын келген инвестицияның соңы не болғанын, бiрiккен кәсiпорынның жердi дұрыс пайдаланған-пайдаланбағанын ешбiр мекеменiң тексермеуi де таңқалдырады. Егер ертең жер қазақстандықтарға сатыла қалса, дәл осы схема бойынша шетелдiктердiң қолына өтiп кетпеуiне еш кепiлдiк жоқ.
Төртiншiден, жоғарыда аты аталған бiрнеше қытайлық компанияның қармағына түсiп, тал қармаған адам жалғыз С.Бейсеқожаев па, әлде басқалар да бар ма? Қытайдан қанша инвестиция келдi? Ол қайда жұмсалды? Тағы бiрiккен қанша кәсiпорын бар? Олардың жай-күйi қалай? Бiрiккен кәсiпорындардың иелiгiндегi жердiң бәрi игерiлiп жатыр ма әлде “СПК Қордай Халал-Ет» кооперативiнiң жерi секiлдi «қаңтарылып» тұр ма? Мiне, осы сауалдарға шұғыл жауап iзделуi шарт.
Әрине, елге бүйрегi бұратын, жерге жаны ашитын билiк болса!
Сансызбай Нұрбаба
«Жас Алаш» газеті. Түпнұсқадағы тақырып: Қазақ кәсiпкерi қытай компаниясының қақпанына қалай түстi?
Abai.kz