ЭКСПО-2017: Көне Отырар Дүниежүзілік банкті де қызықтырып отыр
Келер жылы Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтетіндігі мәлім. Халықаралық көрмеге келген қонақтарды Отырар, Түркістан секілді көне тарихи қалалар қызықтырмай қоймасы анық. Осы мақсатта бүгін ауданымызға Дүниежүзілік банктің консультанттары Шаолянь Ванг пен Матс Андерсондар арнайы келді. Мәртебелі меймандарды күтіп алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы аумағында бой көтеріп жатқан ХІ-ХІІ ғасырлардан сыр шертетін этноауыл кешенімен таныстырды.
Қонақтар көне замандағы бабаларымыздың тұрмысы мен тіршілігінен мол мағұлмат беретін жәдігерлерді үлкен қызығушылықпен тамашалады. Мұнан соң Арыстанбаб кесенесіне ат басын бұрған Дүниежүзілік банк өкілдері баба кесенесін аралап, баба кесенісі төңірегін абаттандыру, жаңа қонақ үй мен мұражайдың эскиздік жобаларымен танысты.
Көне Ұлы «Жібек жолы» бойында орналасқан ежелгі Отырар қаласының төңірегіндегі «Құйрықтөбе», «Алтынтөбе», «Бесіктөбе», «Пышақшытөбе», «Мыңшұқыр керамикалық шеберханасы», «Мардантөбе», «Күйіктөбе» сынды және көне қалашықтың жанынан туристерге сервистік қызмет көрсету кешені жобасы да қонақтарды бей-жай қалдырмады. Меймандарды әсіресе Отырартөбедегі қала қақпасы мен көне Отырар қалажұртын тамашалау қатты қызықтырды.
Туристерге қолайлы жағдайларды қарастыру мақсатында алдағы уақытта атқарылар ауқымды жұмыстарды сөз еткен Ерлан Қуанышұлы үлкен жобалардың қомақты қаржы талап ететіндігін ерекше атап өтті. Түркістанға бет алған мәртебелі меймандарға сәттілік тілей отырып, аудан басшысы игілікті рухани маңызы зор жобалар Дүниежүзілік банк тарапынан қаржылай қолдау тауып жатса, туризм өркендеп халықтың рухани байлығы да арта түсер еді, деген ізгі ниетін білдірді.
Abai.kz