Тұрсын ЖҰРТБАЙ. ЖЕР МӘСЕЛЕСI ЖӘНЕ ЖАЗАЛАУ САЯСАТЫ
Алаш арыстарының ұлттық идеяға адалдығы мен қайсарлығы хақында
1.
Алаш арыстарының ұлттық идеяға адалдығы мен қайсарлығы хақында
1.
1927-1930 жылдары ұлт басына төнген қауiптi жан-тәнiмен сезiнген алаш көсемдерi халықты төнiп келе жатқан ашаршылық пен ұлттық ыдыраудан құтқарудың жолдарын барынша жанталаса қарастырды. Мұны қас қақпай бақылап отырған Кеңес орындары дереу "Кеңес өкiметiн қарулы көтерiлiс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан "Алашорда" қайраткерлерiнiң контрреволюциялық, террористiк астыртын құпия ұйымын әшкерелеу" туралы қылмыстық iз қозғады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, Е.Омаров, М.Есполов, Х.Болғанбаев, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев бастатқан бiрiншi топтағы 41 адамның тергеу iсi 1927-1930 жылдары арасында жүргiзiлiп, үкiм шығарылған соң, Мұхамеджан Тынышбаев бастаған "ұлы құрбандықтың" екiншi легi, 30 адам түрменiң торына:
Ермеков Әлiмхан - 6/Х. 30 ж.; Тынышбаев Мұхамеджан - 4/ VIII - 30 ж.; Досмұхамедов Халел - 14/IХ - 30 ж.; Досмұхамедов Жаhанша - 31/Х - 30 ж.; Қожамқұлов Нашир - 20/Х - 30 ж.; Сүлеев Бiләл - 27/IХ - 30 ж.; Кеменгеров Қошмұхамед - 17/IХ - 30 ж.; Әуезов Мұхтар - 17/IХ - 30 ж.; Омаров Әшiм - 14/IХ - 30 ж.; Күдерин Жұмақан - 17/IХ -30 ж.; Бұралқиев Мұстафа - 17/IХ - 30 ж.; Ақбаев Әбдухамид - 14/VIII - 30 ж.; Ақбаев Жақып - 8/VIII - 30 ж.; Қадырбаев Сейдазым - 14/IХ - 30 ж.; Тiлеулин Жұмағали - 2/VII - 30 ж.; Мұрзин Мұхтар - 14/IХ - 30 ж.; Омаров Уәлихан 30/III - 31 ж.; Үмбетбаев Алдарбек - 8/VIII - 31 ж.; Искаков Кәкiтайұлы Даниал - 29/III - 31 ж.; Мұңайтпасов Әбдiрахман - 23/IХ - 31 ж." - күндерi түстi.
Осы тергеу iсiндегi басты нысаналы тұлға болып қарауылға алынған М.Тынышбаев туралы Қазақ ССР Мемлекеттiк Қауiпсiздiк комитетi төрағасының орынбасары А.Тiлеулиевтiң 1972 жылы 18 ақпандағы Партия институтының директоры С.Б.Бейсембаевқа жолдаған құпия хатында:
"Тынышбаев Мұхамеджан, 1887 жылы туған, қазақ, партияда жоқ, мамандығы инженер. Қазақстандағы бұрынғы ОГПУ мекемесi оны: "Алаш" партиясын құрушылардың бiрi, Мемлекеттiк Думаның мүшесi, "Алашорда" үкiметiнiң мүшесi, Уақытша үкiметтiң комиссары ретiнде 1930 жылы 3 тамызда тұтқынға алған. 1932 жылы 20 көкекте сотталған", - деп көрсеткен.
Демек, М.Тынышбаевқа астыртын ұйым, басмашылармен байланыс, контрреволюциялық әрекеттер туралы тағылған айыптың қолдан жасалғанын құпия мекемелердiң өздерi де мойындап, жалтара жауап берген. Сонда алаш ардагерлерiн қандай "айыптары үшiн" жаппай қамаққа алған? Әрине, алаш идеясы мен оның бағдарлы нысанасы үшiн жазаға тартылды. Өйткенi сол қарсаңда жаппай "мойынсерiктендiру", байлар мен орташаларды тәркiлеу, "қазақ даласына жұмысшы, шаруаларды жаппай қоныстандыру" (алғашқы лекте Ресей мен Украиинадан 240-360 мың адам көшiру жоспарланған), ұлттық идеяны пролетариаттық идеяға толықтай алмастыру, түрi ұлттық, мазмұны социалистiк мәдениеттiң негiзiн қалау, сөйтiп, тегiн ұмытып, табы мен партиялық идеологияның "жасасындатқан" (М.Әуезов) жалаңтөстерiне айналдыру науқаны шұғыл әрi шеңгелдей жүргiзiлiп жатқан. Ұлтты аздырып, рухани тоздыратын, жерiн телiмдететiн мұндай саясат алаш идеясымен еш қабыспайтын. Соның iшiнде жер мен мәдениет мәселесi алаш қайраткерлерiн ерекше алаңдатты. Әсiресе, жер телiмi мен қоныстандыру, тәуелсiз экономика, мемлекеттiк тiл, тәуелсiз ғылым мәселесiнде ұлт зиялылары ашық күрестi.
Тергеу iсiнiң "Айыптау қорытындысының" "Ұлтшыл контрреволюциялық қастандықтар" атты екiншi бөлiмiндегi "Жер мәселесi туралы" тарауында бұл ұстанымдар былай баяндалған:
"Астыртын ұйымының негiзгi мақсатты бағдарламасының бiрi - жер мәселесi болды, мұны шешу арқылы олар "Алаш" партиясының ауыл шаруашылығы жөнiндегi бағдарламасын, яғни, жердi ең алдымен бұратана тұрғындарға (иә, Кеңес өкiметi үшiн қазақтар тек қана "бұратана" болып қалды - Т. Ж.) ешқандай кесiмсiз қажетiнше бөлiп беруге және ру-руымен қоныстандыруды жүзеге асыруға тырысты. Бұл бағдарлама бойынша, жергiлiктi тұрғындар толықтай жермен қамтамасыз етiлгеннен соң ғана Қазақстанға сырттан келген қоныстанушыларды орналастыруға болады, ал қазақ жерiне бұрыннан орналасып қалған қоныс аударушылар ол жердi қазақтарға керi қайтарып беруге тиiстi едi. (...) Ташкент қаласында, Түркiстан Атқару комитетiнде, ауыл шаруашылығы факультетiнiң үйiнде өткен Жер мәселесi жөнiндегi ұйымның мәжiлiсiне Досмұхамедов, Тынышбаев, тағы да басқа адамдар қатысып, жоғарыдағыдай көзқарас бiлдiрген және Жер реформасын жүргiзетiн өкiлдiктiң құрамына өз адамдарын кiргiзудi ұйғарған (№5417 - iс, Тынышбаевтың жауабы, №2370-iс, 275-бет).
Айыпкер Тынышбаев бұл жөнiнде мынадай куәлiк бердi: "1923 жылы, Мемлекеттiк университеттiң үйiнде профессор Қожанов жерге қоныстандыру мәселесi туралы баяндама жасады. Бұл жиналыста бiздiң ұйымнан: мен, Есполов және Досмұхамедов Халел сөйледi. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан бiз, өзiмiздiң бағдарламамызға орай, жерге ең алдымен негiзгi тұрғындар орналастырлсын деген пiкiрдi қорғадық" (Тынышбаевтiң 1930 ж. IХ. 3. күнгi жауабынан № 2370-iс, 1 т. 4-парақ).
"1923 жылғы Жетiсу губерниясындағы жер реформасы кезiнде, Жер жөнiндегi халық комиссарының мiндетiн атқарушы Есполов жетекшiлiк еткен техникалық кеңестiң құрамына - мен және Қожықов мүше боп кiргеннен кейiн, бiздiң ұйымымыздың жер мәселесi жөнiндегi бағдарламасын кеңiнен жүзеге асыруға мүмкiндiк туды. Соның нәтижесiнде, Талдықорған ауданының Шұбар селосында жаппай наразылық туды" (сонда, 4-парақ. Тынышбаевтiң 1930 ж. IХ. 3 күнгi жауабынан).
"Тысқары жерден Қазақстанға келiмсектердi орналастыруға бұрын да қарсы тұрдық және ұлтшыл ұйымның мүшесi ретiнде қазiр де келiмсектерге қарсымыз. Бұл өзi ежелден келе жатқан бiздiң ұйымымызбен тiкелей тарихи байланысы бар мәселе" (№ 2370-iс, 1 т., 125-парақ, Тынышбаевтың 1930. IХ. 3 күнгi жауабынан).
"Жер мәселесiне бiз қатты мүдделi болдық және жерге қоныстандыру мәселесi бiздiң ұйымымыздың мүддесiне сай жүргiзiлуiн қаладық. Бұл мақсатқа бiз Жер жөнiндегi комиссариаттағы бiздiң ұйымымыздың мүшелерi арқылы, оның iшiнде - Есполов пен Тынышбаев арқылы қол жеткiздiк" (№ 2370-iс, 1 т., 205-парақ. Досмұхамедовтiң 30 ж. IХ. 12 күнгi жауабынан).
"Қазақстанға келiмсектердi жолатпауға тырысып, бұны патшалық отарлау саясатының жалғасы ретiнде көрсеттi, ұйым жердi жергiлiктi тұрғындарға бекiтiп берудi, сөйтiп Қазақстанда басы артық жер жоқ екендiгiн дәлелдеуге ұмтылды" (№541784-iс, 1 т., 98-102, 220-222-парақтар).
Жерге қоныстандыруды осындай кезек сақтай отырып жүргiзудi және жер бөлiп берудi дәл осы негiзде жүзеге асыруды қамтамасыз етуi үшiн ұйымның бұрынғы мүшелерi жер кесiмiнiң мөлшерiн ғылыми тұрғыдан тиянақтауды талап еттi. Осы мақсатқа жету үшiн Бөкейхановтың тiкелей ұйымдастыруымен Ғылым академиясының арнайы экспедициясы жасақталды, оны Бөкейхановтың С-Р-дағы (социал-революциялық партияның - эсердiң мүшесi - Т.Ж.) пiкiрлесi профессор Швецов басқарды; экспедиция мүшелерi Жер жөнiндегi комиссариаттың жауапты қызметкерлерi Қаратiлеуов пен айыпкер Мұрзин Мұхтардың iрiктеуi бойынша тек қазақ шәкiрттерiнен құрылды. Экспедиция өзiнiң ғылыми жұмысын: жерге қоныстандырудың ғылыми тұжырымын негiздеу және Қазақстанда басы артық жер жоқ деген пiкiрдi дәлелдеу бағытында жүргiздi" (№ 541784-iс, 1 т., 103-111-парақтар).
Швецовтың экспедициясының жұмысына экспедиция жетекшiсiнiң орынбасары ретiнде Ә.Бөкейханов та қатысты, сөйтiп, ол "Қазақстан - қазақтар үшiн ғана!" деген ұранды заң жүзiнде бекiтуге ұмтылды, сондай-ақ, Ташкенттегi жоғары оқу орнының профессоры Успенскийге КССР-дiң Жер туралы кодексiн жасауға тапсырма бердi, ол ұсыныс 1927 жылы Өлкетану бюросының жиналысында жауапқа тартылған Бұралқиев Мұстафа мен Омаровтың, тағы да басқалардың қатысуымен қабылданды (№ 541784-iс, 1 т., 10-парақ)", - деп жазылды.
Екiншi лекке жер мәселесi жөнiндегi тағылған айыптың ұзын-ырғасы осындай. Бiз жоғарыда тергеушiлер айғақ ретiнде келтiрген жауаптарды талдап жатпаймыз. Мұның себебi: ол көрсетiндiлер айыпкерлердiң өз қолымен жазылды ма, жоқ, хаттама арқылы тергеушi толтырды ма? - деген сұраққа сенiмдi түрде жауап беру қиын, iшкi астары көп, шырғалаңы мол мәселе. Әрине, "Алашорда" үкiметi мен "Алаш" партиясының жерге қоныстану жөнiндегi бағдарламасын басшылыққа алғаны рас. Бұл - қазақ ұлтын отарлық бұғаудан құтқарып, отанды тәуелсiз жолға түсiрудiң бiрден-бiр бағыты болатын. Бұл пiкiрдi баспасөз беттерiнде ашық бiлдiрдi де.
Ал, астыртын ұйымның жайына келетiн болсақ, ондай ұйым ресми түрде өмiр сүрмеген. Тек әр жерде бастары қосылған, оңаша пiкiр алысқан. Туған халқының болашақтағы тағдырын талқылаған. Қандай талқыға түспесiн Жер жөнiнде олардың үндемей қалуға қақысы жоқ едi. "Коммунистiк-колонизаторлық" саясат бұл қитұрқылы әрекеттi отыз жылдан кейiн "тың игеру" деген дақпыртпен жүзеге асырды. Оған дейiн де қазақ ұлты үш рет зауалға ұшырады. 1931-1932 жылғы аштықтан, отыз жетi-отыз сегiзiншi жылғы жазалау науқанынан, Ұлы Отан соғысындағы қантөгiстен соң 1913 жылы 6 миллионға жеткен қазақ ұлтының саны 1948 жылы 1 миллион 400 мыңға дейiн құлдырады. Қырып-жоюдың мұндай қасiретiн басынан кешкен ұлт әлемде некен-саяқ қана. Адамның сүйегi ғана қалған иесiз даланы ың-шыңсыз игерудiң бұдан асқан аярлық жолының болуы да мүмкiн емес. Аштан қырылған қазақтың тәнi мен сүйегi құнарланған топыраққа өсiп-өнген астық мұқым кеңес өкiметiн асырады.
Мұндай "коммунистiк-колонизаторлыққа" кеңес өкiметiнiң тiзгiнiн ұстаған Смағұл Сәдуақасов, Ыдырыс Мұстамбаев, Нығымет Нұрмақов, Жалау Мыңбаев, Ораз Жандосов сияқты өжет мiнездi қайраткерлер ашық қарсы шықты. Мысалы, Ақтөбенiң Елек ауданын Орынбор облысына беру туралы шешiмге орай Қазақ Автономиялы республикасының Халық комиссарлары кеңесiнiң төрағасы Нығымет Нұрмақов:
"Егер орталық жеке аудандардың тағдырын осылай шеше беретiн болса, онда келешекте Қазақ республикасының сақталып қалуы мүмкiн емес", - дедi.
Ал Орталық атқару комитетiнiң төрағасы Жалау Мыңбаев:
"Сөз әзiрге бiз ұға қоймаған, бiрақ болашақта алдымыздан шығатын мәселе туралы болып отыр... Мен өзiм орталық мекемелердiң тек орыс шаруаларының мүддесiне деген ерекше қамқорлығын бiрнеше рет байқадым... Ендеше, неге сiздер қазақ шаруалары Қазақстан өкiметiне талап қоя алмайды деп ойлайсыздар? Егер бiлгiлерiңiз келсе, айтайын, қазақтардың жағдайы күн сайын нашарлап барады. Олар: "Бiздiң жерiмiздi неге алып жатыр?", - деп сұрайтыны анық. Бiз болсақ: "Ол жердiң тұрғындарының басым көпшiлiгi орыстар" деймiз. Оған олар: "Патшалық Ресейдiң бiздiң жерiмiздi тартып алып, оған өзiнiң отаршылдарын қоныстандыр деп кiм сұрапты?", - десе, не деймiз... Қазiр ел арасында: "Қазақстанда кiм бұқараның жағдайын көтеруге қатты күш салса, сол адам өкiмет басында көп тұрмайды",- деген қауесет сөз бар. Бұл, әрине, қазақ қызметкерлерiне қатысты айтылған. Мейлi, солай-ақ болсын дер едiк, бiрақ қазақ бұқарасының алдында масқара болып қалар жайымыз жоқ. Осында Боярский жолдас менен: "Сiздiң басыңыз ауырды ма?",- деп сұрайды. Мен: "Жоқ, басым емес, жаным ауырады", - деймiн. Шынымен де ауыратындай себеп жеткiлiктi", - деп күйiне айтты.
БКП(б) Қазақ өлкелiк комитетiнiң екiншi хатшысы Сұлтанбек Қожанов:
"...Бiздiң республикамыздың тұла бойы тұнған ұлттық проблема (мәселе) ... Мәселенiң ұлттық тұрғыдан қойылуынан тайсақтап, ең құнарлы экономикалық аудандардан айырылып отыра бергiмiз келмейдi. Қазiргi кезде қоныстандырудың қарқынды жүргiзiлiп жатқаны байқалады... Менiң пiкiрiмше, Қазақ республикасын бiр өлке немесе Ресейдiң бiр ауданы есебiнде емес, өзiнше мемлекет ретiнде сақтап қалу және оны одан әрi нығайту тұрғысынан келу қажет... Кейбiр жолдастарға ерiк берсек, олар бұл республиканы таратып жiберуге құлшынып отырған сияқты", - дедi (Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. А. 2004, 268-бет).
1927 жылы ақпанда БКП(б) саяси бюросының мәжiлiсiнде "Қазақстандағы байларды тәркiлеу науқанын жүргiзудiң жоспары" арнайы талқыланды. Оған Сталиннiң өзi төрағалық еттi. Қазақ Өлкелiк Халық Комиссарлар кеңесiнiң төрағасы Нығымет Нұрмақов бұған үзiлдi-кесiлдi қарсы шықты. Ф.И. Голощекин мен оның идеологиялық қолбаласы О.Исаев бұған қатты "намыстанып", өздерiнiң әрiптестерiн "байлардың құйыршығы" деп айып тақты.
Қазақ байларын тәркiлеу туралы өкiметтiң қаулысы мұқым дала тұрғындарының ашу-ызасын қоздырып, тұс-тұстан ашық наразылық туып, әр жерде қарулы көтерiлiстер бұрқ ете қалды. Мұның өзi ұлт қайраткерлерiне қосымша айып тағылып, "қылмысын" ауырлатты. Кеңес үкiметiнiң ауыл шаруашылығы жөнiндегi "асыра сiлтеулерi" мен қателiктерiн "ұлтшыл-буржуазияшыл алашордашылардың" мойнына "қарғыс қамыты" ретiнде кигiзуге сылтау болды. Сондықтан да, үкiм де соған сай шығарылды. Мәскеу мен Алматының "ең үздiк" тергеушiлерi өздерiнiң "контрреволюциялық астыртын ұйымның қылмысты қастандықтарын әшкерелеу" бағытындағы бес жыл бойы жүргiзген тергеу iсiнiң "нәтижесiнде" тәркiлеу науқанына байланысты "Алашорда" азаматтарына мынадай айып тақты.
"3. 1928 жылғы байлардың мал-мүлкiн тәркiлеу науқанына қарсы жүргiзiлген әрекеттер.
Жер мәселесi жөнiндегi өздерiнiң негiзгi мiндеттерiн шешуге ұмтылған астыртын ұйымның мүшелерi Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан өзге де кеңестiк науқандар мен түрлi шаралардың мән-мазмұнын бұрмалап көрсетуге тырысты.
1928 жылы байлардың мал-мүлкiн тәркiлеу науқанына дайындық жүргiзу барысында олар байлардың тәркiленуге тиiстi мал мен мүлкiнiң мөлшерiн (нормасын) неғұрлым көтерiп көрсетуге (мысалы: тәркiленуге жататын мал санының кесiмдi мөлшерiн белгiлi бiр дәрежеден төмендетпеу керек. 50-60 қойы бар қазақты байлардың қатарына қоспау керек деген ұсынысты айтып отыр - Т.Ж.) тырысты, сөйтiп, белгiленген мөлшерден көп мал мен мүлкi бар байлардың шаруашылығын жоюға қарсы шықты.
Ұйымның жекелеген мүшелерi өзара хат арқылы пiкiр алысып, бұл мәселе жөнiнде қоғамдық пiкiр қалыптастырды және ұйым мүшелерiмен байланысы бар, осы науқанның дайындық жұмысына тiкелей қатысып отырған ұлтшыл кеңес қызметкерлерiн өз мүдделерiне пайдаланды, ал үкiметтiң жоспарлау мекемелерiндегi ұйым мүшелерi бұған тiкелей ықпал еттi.
Ташкент қаласында тұрған айыпкер Ә. Ермеков 1928 жылы ақпан айында осы ұйымның мүшесi, Ленинград қаласындағы М. Әуезовке: "Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау - өз жерiңнен өзiң қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды",- деп жазды (№ 541784-iс, 5 т., 192-парақ).
Ал М.Тынышбаев: "1928 жылы Қазақстанның үкiмет орындары байлардың мал-мүлкiн тәркiлеу науқанына дайындық жүргiзiп жатқан кезде, мал-мүлкi тәркiленiп өздерi жер аударылуға кесiлетiн байлардың санын азайту үшiн бiз тәркiленуге жататын шаруашылықтың мал санының мөлшерiн неғұрлым жоғары белгiлеу туралы қоғамдық пiкiр қалыптастырдық... Мұның барлығы Мемлекеттiк жоспарлау мекемесi мен Жер жөнiндегi комиссариатқа тiкелей байланысты едi. Ол кезде Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде бiздiң ұйымның мүшесi Ғаббасов Халел қызмет iстейтiн, ол бiздiң мақсатымызды жүзеге асыруға тырысты, ал бiздiң ұйымның ықпалында болған, бiздiң ұйымымызбен кездесiп, келiссөз жүргiзген Сұлтанбеков Жер жөнiндегi комиссариатта жұмыс iстейтiн", - деп көрсеттi (Тынышбаевтiң 1930 ж. Х. 4 күнгi жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 313-парақ).
Сонымен қатар, аса iрi байлардың шаруашылығын жою туралы қаулыдағы тәркiленуге тиiстi байлардың тiзiмiн алдын-ала бiлiп алған ұйым мүшелерi аудандарды аралап, алдағы жүргiзiлетiн науқанға кесiрiн тигiздi, жалған мал шаруашылығының мойынсерiктерiн құрды, iрi шаруашылықтарды ыдыратты, сондай-ақ бұл iске байлардың туыстық, рулық жақындығы бар ауылнайлар мен аудандық әкiмшiлiктiң қызметкерлерiн тартты (№ 2370-iс, 1 т., 313-парақ).
Куәгер Байсеңгiров: "Мiржақып Дулатов Мерке ауданында болған кезде өзiнiң маңына жиналған осы ауданның байларына ол тәркiлеу науқанына қатысты мәселелер жөнiнде науқанның мақсатына қарсы бағытталған бiрнеше нұсқаулар бердi" - деп көрсеттi (Байсеңгiровтiң 1928 ж. IХ. 25 күнгi жауабынан. №2370-iс, 2 т., 888-890-парақ).
"Бiз, ұйым мүшелерi, байлардың жер аударылуына және олардың мал-мүлкiнiң тәркiленуiне қарсы шара қолданып, оларға алдын-ала ескертiп отырдық, сөйтiп науқанның жүргiзiлуiне бөгет жасадық. Соның iшiнде, менiң өзiм бiреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңiрбергеновтерге және Есенқұлға және басқаларға, сонымен қатар Лепсi уезiндегi өзiм шыққан "найман" руының байларына хабар бердiм (Тынышбаевтiң жауабынан, № 2370-iс, 1 т., 125-парақ және Х. Досмұхамедовтiң жауабынан, 207-парақ)".
Мемлекеттiк жазалау құрылымының барлық күшiн сарқа жұмылдырып, бес жыл бойы жанталастырғандағы айыптау қорытындысының ұсқыны осындай. Үкiмет басында кiлең жартылай сауатты адамдар отырғандықтан да, ең болмаса, қиыстырып, баптардың басын иiп, жалған да болсын "дұрыстап" айып таға алатындай тергеушiлердiң табылмауы заңды да. Чадааевтiң:
"Қайран, Ресей! Адамды бақытты қылу қолыңнан келмегенi айып емес, тым құрыса дұрыстап өлтiрудi де үйiренбедiң-ау!",- деген сөзi осындайдан барып айтылса керек.
(Жалғасы бар).
"Түркістан" газеті