Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 3816 0 пікір 11 Тамыз, 2016 сағат 11:11

"ШЫМКЕНТ-ТІКТЕР"

Қайбір күні Шымкентке бара жатып жол-жөнекей қол көтерген бір кісі мен әйелді ала кеттім. Екеуі ерлі-зайыптылар емес, жай жақын таныстар сияқты. Артқы орындықта қатар отырып əңгімелесіп барды. 

Әйел жақында Астанаға барып келген екен. Езуі жиылмай Елордада көрген қызықтарын айтумен болды. 

- Ойбай, Астанаң толы өзіміздің шымкенттіктер екен, -- деді бір кезде. -- Тамақ ішуге кафесіне барсаң да, бір зат сатып алайын деп дүкеніне кірсең де бәрі Шымкенттен келген. 

- Иә, шынында Астанада шымкенттіктер қаптап кетті ғой... – деп еркек те мақұлдай кетті. 

- Бір күнде үш рет таксиге міндім, екеуі шымкенттік екен, -- деді әйел одан бетер таңданысын жасыра алмай. - Айналайын, Шымкентімнің адамдары шетінен иманжүзді ғой... Қайта көптеп барғандары дұрыс... Қазірдің өзінде Астананың көшесінде шымкенттіктер қаптап жүр екен. Өз басым қатты қуандым...

Бұдан кейін Астананың ауа-райын айтып, апта бойы сіркіреп жаңбыр жауғанын, көшелерде сел жүргенін біраз әңгіме қылды. 

Сөйтті де кенет:

- Ой, Астананың адамдары қиын екен... - деп жүрегін ұстады. - Көшесінде қаптап жүрген адамдардан жөн сұрасаң, ойпырмай, біреуі дұрыстап жауап бермейді ғой... Тіпті теріс бұрылып кететіндері де бар. Мұндай суық адамдардарды бірінші мәрте көрдім. 

...«Апай, Астананың көшесінде өріп жүрген әлгі өзіміздің шымкенттіктер қайда?» деп сұрайын деп тұрдым да, бөгде адамның әңгімесіне араласқан ыңғайсыз болар деп үнсіз қалдым. 

Сонда əлгі əйелдің əңгімесіне қарағанда Астананың көшесінде қаптап жүргендер шымкенттіктер болады да, бірақ олардан жөн сұрай қалсаң аяқ астынан астаналыққа айналып кете ме, қалай боп кетті өзі...

Оралхан Дәуіт

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562