Жексенбі, 24 Қараша 2024
Дода 2972 0 пікір 11 Тамыз, 2016 сағат 10:34

НИ "АСПАННАН АЛТЫН ЖАУДЫРМАҚ"

Қазақстандық ауыр атлет Нижат Рақымов Риода өтіп жатқан Олимпиада ойындарының чемпионы атанып, ел қоржынына алғашқы алтын медальді салды.  

Ал Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни Рақымовтың жеңісінен кейін БАҚ-қа сұхбат беріп, өзінің бұл жолғы тактикалық ойынының сырын бөлісті.

«Бірінші сайыстан кейін біз қытайлық атлеттен 12 келі, армян спортшысынан 9 келі артта қалып қойдық. Бәрі бізді төпелеп, тірідей жерлей бастады. Ал біз серпе көтеруде бар болғаны 202 келі көтерген болып қойдық. Қарсыластарымыз да біздің шамамыз осыған ғана жетеді деп ойлады. Сөйтіп, қытайлық еркінсіп, өзін чемпион сезіне бастады. Ал біз сол кезде бірден 12 келі қосып, 214 келіні аспанға бір-ақ аттық. Ешкім бізден мұндайды күткен жоқ»,-дейді Ни.

Оның айтуынша, Рақымовпен мұндай тәуекелге қорықпастан баруға болады. «Дәл осындай екі спортшымыз болған. Оның бірі 205 келіні көтеріп қойып, бірден 225 келіні көтеріп сенсация жасаған Анатолий Храпатый болса, екіншісі Илья Ильин. Мұндай жігіттермен жұмыс істеген де жақсы ғой. Не істесең де өзің білесің және қарсыластарың дірілдеп отырады. Ешкім бірден 12 келі қосып, әлем рекордын 4 келіге жаңартып көрген жоқ. Бұл бірінші мәрте болып отыр. Ал үшінші мүмкіндікке шыққанымыз жоқ. Оның керегі де жоқ еді. Бізде басқа жол да болмады. Қайтемін енді. Мен бір алтын, бір күміс  уәде еттім ғой»,-деді Алексей Ни.

Сонымен қатар, бас бапкер Ни аталған Олимпиадада тағы екі алтын алуға уәде берді.

Ал ауыр атлетикадан әйелдер арасындағы сында қазақстандық ауыр атлет Жазира Жапарқұл 69 келі салмақ дәрежесінде Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. 

Ол қос сайыс есебі бойынша 259 келіні көтеріп, Қазақстан қоржынына екінші күміс медельді салды.

Бұл салмақ дәрежесінде Олимпиада алтыны қытайлық атлетке бұйырды. Йаңмей қос сайыс бойынша 261 келіні көтерген. Ал Олимпиаданың қола меделін 18 жастағы Мысыр спортшысы Сарах Ахмад еншіледі. Сарах барлығы 255 келіні көтерген.

Сөйтіп, Жазира Жапарқұл спорттың осы түрінде Олимпиада тұғырына көтерілген тұңғыш қазақ қызы атанды.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562