ATAU.KZ - ЭЛЕКТРОНДЫҚ ОНОМАСТИКАЛЫҚ БАЗА
Бүгінгідей ақпарат ағыны жойқын, алағай да бұлағай кезеңде ғаламтордағы қазақ тілді сайттардың қатары күн санап толығып келеді. Солардың бірі жақында ғана ашылған – қазақ және орыс тілдеріндегі ономастикалық электрондық база – "Atau.kz" торабы, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Ономастикалық атаулар жүйесін қоғам қалыптастыратыны белгілі. Елді мекен, жер-су, көше аттарын заман талабына сай өзгерту жөніндегі жұртшылықтың ұсыныс-пікірлері уақыт талабы екенін ескеретін мезгіл әлдеқашан жеткен.
Осы тұрғыдан қарастырғанда еліміздің ақпараттық кеңістігі мемлекеттік тілдің, оның түйткілді проблемаларын толық қамтитын жаңа электрондық базамен толықты.
Аталған портал Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей пәрменімен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша құрылған.
Өзге сайттардан өзгешелігі «Atau.kz» порталы тек ономастикалық базамен ғана емес, сондай-ақ, ономастика саласына қатысты мол ғылыми мұрағатпен де толықтырылған. Аталған салағаға байланысты сайттың – «Ғылыми тәжірбиелік негіздері» деп аталатын айдарында ғылыми еңбектер топтамасы енгізілген. Сонымен қатар, сайттың дәл осы айдарында еліміздегі ономастика мәселелеріне қатысты ғылыми-зерттеу мақалалары топтастырылған.
Ұлттық ономастика – мемлекеттің мәдени-рухани танымынан бастап, шекарасының тұтастығына дейінгі ауқымдағы әртарапты орасан зор мәселелерді қамтиды. Ономастикалық электрондық қорды ашудың негізгі мақсаты – еліміздің өңірлеріндегі көше, елдімекен, мекемелер мен түрлі нысандарға берілген атауларды жинақтау арқылы қазақ ономастикасының біртұтас жүйесін жасау. Бұл электронды қор ономастика саласындағы қордаланған мәселелерді шешудің бір тетігі болады.
Сайттың сілтемесі: Atau.kz
Abai.kz