Қазақ боксшылары айқын басымдықпен жеңіске жетті
Бокс турнирінің 1/16 финалдық кезеңінде Жәнібек Әлімханұлы (75 кг) ұлыбританиялық Энтони Фоулерді айқын басымдықпен жеңіп, 1/8 финалға қадам басты.
Жекпе-жекте Жәнібек тәжірибелі қарсыласын соққының астына алды. Нәтижесінде төрешілер жеңісті бір ауыздан қазақстандық боксшыға берді. Сөйтіп Риода Жәнібектің жеңісті жолы басталды.
Ал, 91 кг салмақ дәрежесіндегі қазақстандық Василий Левит қытайлық Фенгкай Юмен кездесіп, 2-раундта айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Ұрыс Василийдің айқын басымдылығымен өтті. Оның қатты соққылары қарсыласын қайта-қайта теңселтумен болды. Екінші раундта қытайлық спортшы нокдаунға да түсіп қалды. Ал қапталдағы төрешілер сол кезде есепті 20:17 есебімен қазақстандықтың пайдасына шешіп тұрды. Оның қатты басым екенін байқаған қарсылас жақтың жаттықтырушылар штабы ақыры ортаға ақ сүлгі тастады.
Енді Василий Левит келесі жұптағы Чоуаиб Боулоудинат (Алжир) – Кеннеди Ст Пиерре екеуінің қай жеңгенімен ширек финалда кездеседі.
49 кг салмақтағы Біржан Жақыпов намибиялық Матиас Хамуниеламен кездесіп, 3:0 есебімен ұтты.
Шайқас тартысты өтті. Бірақ оның әрбір раундында әлем чемпионы, тәжірибелі Біржанның басымдылығы айқын білініп тұрды. Мұның алдында әзербайжан Руфат Гусейновті жарыс жолынан шығарып тастаған африкалық боксшы қаншама рет шабуылға шыққанымен, соққылары дөп Біржанға дарымады.
Енді Біржан Жақыпов осының алдында мексикалық Йоселито Веласкуесті 3:0 етіп ұтқан өзінің ежелгі қарсыласы, өзбек Хасанбай Дусматовпен кездеседі.
Абай-ақпарат