ЖЕКПЕ ЖЕК. КІМ ЖЕҢЕДІ?
ЖЕКПЕ ЖЕК. КІМ ЖЕҢЕДІ?
Ермахан Ибыраимовпен сұхбат
Бүгін Риода өтіп жатқан Олимпиада ойындарының үшінші жарыс күні басталды. Дәл бүгін (дұрысы – санаулы сағаттардан кейін) үш салмақ дәрежесінде үш бірдей қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығады. Риодағы бірінші жекпе-жегін Біржан Жақыпов, Жәнібек Әлімханұлы және Василий Левит өткізеді.
Осыдан сәл ертеректе бокстан Рио Олимпиадасының жеребесі тартылып, ел намысын қорғайтын боксшыларымыздың алғашқы қарсыластары белгілі болған еді.
49 келіге дейінгі салмақта қазақ оғыланы Біржан Жақыпов Олимпиаданы екінші айналымнан бастайды. Ол екінші айналымда Намибия боксшысы Матиас Намуниела мен әзірбайжандық Руфат Хусеинов арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі деп күтілуде.
75 келіге дейінгі салмақ дережесінде Жәнібек Әлімханұлы ұлыбританиялық Энтони Фоулермен жұдырық түйістіреді.
Ал 91 келі салмақ дәрежесінде WSB жобасы бойынша Олимпиада жолдамасына қол жеткізген Василий Левит Олимпиада ойындарын екінші кезеңнен бастайды. Бұл кезеңде қытайлық Ю Фенкаймен жекпе-жекке шығады.
Қазақ боксшылары әлемдік рейтингтің жоғары сатыларынан көрініп жүргені белгілі. Риоға аттанар сәтте бокстан Қазақстанның бас бапкері Мырзағали Айтжанов қазақстандық боксшылардың бірсыпырасы Олимпиада жүлдесінен үмітті екенін айтқан еді. Төртжылдықтың дүбірлі додасында біздің былғары қолғап шеберлерінің шама-шарқы қандай? Боксшылардың дода алдындағы дайындықтары қандай? Жекпе-жектер барысында бізге жеңіс бұйыра ма?
Осы сұрақтар төңірегінде «Abai.kz» порталына сұхбат берген бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов ойын ортаға салды.
-Ермахан аға, бүгін шаршы алаңға шығатын біздің жігіттердің Олимпиада алдындағы дайындығымен таныссыз. Тіпті, бұл жігіттердің біразы өзіңіздің шәкірттеріңіз ғой... Үш боксшының әр қайсысына тоқталып өтсеңіз...
-Біздің жігіттер бабында қазір. Рас айтасың, мен бұл жігіттердің барлығын да жақсы танимын. Осыған дейін түрлі додаларда өздерінің қабылеттерін көрсете білген еді олар. Олар – Олимпиадаға баруғы лайық екендіктерін дәлелдеген жігіттер. Соның ішінде біздің Біржан – жалпы құрамадағы ең тәжірбиелі боксшы. Ол осымен үшінші мәрте Олимпиада ойындарына қатысып отыр. Біржанды осыған дейін жіберген қателіктерінен түгел дерлік сабақ алды, әбден ысылды деп ойлаймын. Және оның салмағы 49 келі ғой. Біржан өз салмағының фавориті болып саналады. Мынау AIBA мамандары, федерация мамандары ең мықты деген боксшыларды бір бірімен алғашқы кездесулерде жолығып қалмауы үшін, 4 топқа бөліп тастаған. Біздің Біржан да сол мықтылардың сапында, өз тобында ең үздік болып тұр.
-Демек, Біржанның алғашқы қарсыластары рейтингте төмен сатыдағы боксшылар болады ғой?
-Иә, солай болуы тиіс. Кем дегенде 2 кездесуде Біржанға өзінен әлдеқайда осал қарсыластар бұйырып тұр. Сондықтан біздің боксшы өз қарсылартарын оңай жеңіп, келесі кезеңге өтеді деп күтеміз.
- Ал 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Жәнібек те осал боксшы емес қой.
-Жәнібек те деңгейлі боксшыларымыздың бірі. Жаңағы айтқандай, Халықаралық бокс федерациясы мықты боксшыларды 4 топқа бөлгенде, біздің Жәнібек те фавориттер сапына енген. Оның үстіне Жәнебек – 2013 жылғы Әлем чемпионы, Азия чемпионы. Жәнібектің алғашқы айналымдағы қарсыласы ұлыбританиялық Энтони Фоулер.
-Жәнібек пен Энтони бұрын рингте кездескен бе? Қайсысы мықты?
-Иә, Жәнібек бұл боксшымен 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының жартылай финалында жұдырықтасып, жеңіскежетті.
-Василийдің өткен жолғы Астанадағы чемпионатта жолы болмаған еді.
-Василийді мен осал боксшы деп айта алмаймын. Олимпиада жүлдесінен үмітті боксшыларымыздың бірі тап осы Василий Левит. Рас айтасың, Астанадағы чемпионатта Василий кубалық Сабонға есе жіберген. Негізі ол кездесуде төрешілер Василийдің жолын кескен. Әйтпесе, кубалық Сабонның асып бара жатқан дәнеңесі жоқ қой. Екеуі тең дәрежеде бокстасқан еді. Төрешілер жеңісті Куба боксшысына беріп жіберді. Оның үстіне Олимпиада ойындарының тарихында Василий өз салмағында тұңғыш қазақстандық боксшы болып отыр. Осыған дейін 91 келіде өнер көрсеткен боксшы болған жоқ. Василий бұл салмақтағы Олимпиадаға қатысып отырған тұңғыш боксшы.
-Біздің боксшылардың алғашқы қарсыластары оңай болғанымен, ширек финал, жартылай финалдарда мықта боксшылармен кездеседі емес пе?
-Рас, ақырғы кездесулер нағыз тартысты өтетіні сөзсіз. Біз енді көріп отырмыз ғой. Анау алтын алады, мынау күміс алады деп нақты айта алмаймын. Себебі, бокста күтпеген жерден жағдай өзгеріп кете береді. Мысалы, кеше көрдіңіз ғой, ресейлік Замковой деген боксшы медалден үмітті еді.
-Андрей Замковой айтасыз ба?
-Иә, иә, тап өзі. Андрей Ресей кұрамасының алтыннан үмітті боксшыларының бірі еді. Кенияның боксшысынан ұтылып қалды. Ал кениялық боксшы рейтингте алғашқы жиырмалыққа да кірмейтін. Сол секілді біздің Берік те АҚШ боксшысынан ұтылды. Негізі Беріктің шамасының жеткен жері сол болды ма деймін... Одан ары күштесе де ештеңе өзгермейді. Берік қолынан келгенінше шапты. Сондықтан, біз боксшыларымызға үміт артамыз. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов та айтты ғой, жалпы 5 медаль алу ойда бар деп. Соның кем дегенде екеуі алтын болуы тиіс. Ол міндет.
-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!
-Сіздерге де рақмет, жеңісті жаңалықтармен жолығайық!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz