МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНДАРЫ АУСТРИЯДА ӨНЕР КӨРСЕТУДЕ
Оңтүстік қазақстандық мәдениет майталмандары Аустрияда өнер көрсетуде. Бұл туралы әуелі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
2016 жылғы 4-6 тамыз аралығында Филлах қаласында өткізілетін Еуропадағы ірі фольклорлық «Villacherkirchtag» фестивалінің бағдарламасы аясында бүгін Каринтия астанасы Клагенфурт қаласында «Қазақстан маржандары» атты концерт ұйымдастырылуда.
Аталған фестивальге Оңтүстік Қазақстан облысының атынан Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Тұмар» фольклорлық ансамблі мен халықаралық, республикалық би байқауларының жүлдегерлері «Қазына» би ансамблі қатысып жатыр.
2017 жылғы ақпан айында Қазақстан мен Аустрия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толады. Осы уақыт ішінде екі ел арасындағы саяси, экономикалық, ғылыми және мәдени салалардағы ынтымақтастық үшін негіз жасалып, екі жақты 19 құжатқа қол қойылды. Мәдениет саласындағы табысты ынтымақтастықтың айқын дәлелдерінің бірі Каринтия астанасында өтетін Оңтүстік Қазақстан облысының бүгінгі концерті болып табылмақ.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан мен Аустрия арасында екі жақты бірсыпыра келісімдерге қол қойылған. Осыған дейін ОҚО мен Аустрияның сауда-экономикалық ынтымақтастығынын жанданып келе жатқанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ, ОҚО-лық мәдениет саласының делегациясы Еуропадыға ең ірі фестивальге қатысқанын да хабарлаған ек.
Abai.kz