«Абай оқулары» республикалық байқауын өткізу жөніндегі ережесі
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен "Абай оқулары" республикалық байқауы өтеді, - деп хабарлайды Абай-ақпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан республикалық байқауға қатысуға ниет білдіруші азаматтарға арнап доданың өткізу жөніндегі ережесі толық жариялап отырмыз.
«Абай оқулары» республикалық байқауын өткізу жөніндегі
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. «Абай оқулары» республикалық байқауы (бұдан әрі – Байқау) этнос жастары өкілдері арасында Қазақстан халқы тілдер күніне орай өткізіледі.
2. Байқауды өткізудің мақсаты қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөздік қорын, Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген этнос өкілдерінің ықыласын арттыру әрі еліміздің рухани бірлігін нығайту.
3. Байқау мемлекеттік тілде өтеді.
4. Байқау екі кезеңде өткізіледі.
1) Бірінші кезең – облыстарда және Астана, Алматы қалаларында
2016 жылғы 10 тамызына дейін өткізіледі.
2) Екінші кезең – республикалық байқау, 2016 жылдың қазан айына дейін өтеді.
5. Байқауға көркем сөз оқу және ән айту шеберлігін қатар игерген
18-22 жас аралығындағы Қазақстанның этнос өкілдері қатыса алады. Бұрынғы республикалық байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері (бас жүлде,
І, ІІ, ІІІ орын иегерлері) осы байқауға қатыстырылмайды.
2. Байқауды ұйымдастыру тәртібі
6. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің
Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті (бұдан әрі – Комитет) Байқаудың ұйымдастырушысы болып табылады.
7. Байқауды өткізу туралы хабарландыру өңірлік, республикалық БАҚ-та жарияланады және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтында орналастырылады.
8. Облыстар мен Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары (Тілдерді дамыту басқармалары) бірінші кезеңнің жеңімпаздары туралы мәліметті екінші кезеңге қатысу үшін Комитетке 2016 жылғы
10 тамызға дейін ұсынады.
9. Көркемсөз оқу шеберлігін анықтау үшін төмендегідей талаптар қойылады:
1) Абай шығармаларын (білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиялық шығармасын немесе қара сөзін) жатқа мәнерлеп оқу. Орындау уақыты 3-4 минуттан аспауы тиіс;
2) М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа орындау (3-4 минут).
10. Әншілік қабілетін айқындау:
1) Халық және Абай әндерін орындау (1 ән). Уақыты
3-5 минуттан аспауы тиіс.
3. Байқау қатысушыларын бағалау
11. Байқау қатысушыларының жұмысын бағалау және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау үшін қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының құрамын Комитет анықтайды. Қазылар алқасының құрамы тіл мен әдебиет, педагогика салаларының ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнердің беделді қайраткерлерінен тұрады. Сандық құрамы 5-7 адамнан аспауы тиіс. Қазылар алқасының құрамы төрағадан және мүшелерінен тұрады.
12. Қазылар алқасы шешім шығару барысында келесі критерийлерді басшылыққа алады:
1) көркем мәтінді таңдау және оқу шеберлігі;
2) қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтауы;
3) ән орындау шеберлігі;
4) сахнада өнер көрсету мәдениеті және қазақтың ұлттық киім үлгісі.
13. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының дауыс беру қорытындысы бойынша айқындалады.
14. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, алғысхаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Мекенжайымыз: Астана қаласы, Орынбор көшесі, 8, 15-кіреберіс, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің
Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті.
Байланыс телефондары: 8 (7172) 74-09-85, 74-05-03, 74-14-97, 40-83-67,
40-83-93.
Abai.kz