Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Даңғыл 5779 0 пікір 31 Шілде, 2016 сағат 16:14

КӨЛЕҢКЕЛІ БИЗНЕСКЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің биылғы жылдың алты айында атқарған жұмыстарын есепке алар болсақ, бюджеттің кіріс бөлігі анағұрлым ұлғайып, межеленген міндеттердің асыра орындалғанын байқауға болады. Әйтсе де, бүкіл әлемді шарпыған дағдарыс салқыны Қазақстанға әсерін тигізбей қойған жоқ. Импорт пен экспорттың ара-салмағы әжептәуір төмендеді.Бұл туралы ҚазАқпарат порталы жазады.

«Егемен Қазақстан»  газетінің ОҚО-дағы тілшісінің облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Алтынсары Үмбетәлиевпен сұхбаты осы түйткілді мәселелерді қаузайды.

- Өздеріңіз де анық байқағандай, бүкіләлемдік қаржы дағдарысы импорт пен экспортқа едәуір әсерін тигізді. Мәселен, өткен жылдың алты айында сыртқы тауар айналымы 1 млрд. 340 млн. доллар болса, биылғы жылдың осы мерзімінде 759,2 млн. доллар ғана болды. Тауар айналымының азаюы импорт пен экспорттың төмендеуін көрсетеді. Экономикалық дағдарысқа байланысты тауарлардың экспорты 271 млн долларға төмендеген. Сонымен қатар, мұнай және мұнай өнімдері, ұн, өсімдік майы, цемент, қара металл және трансформаторлардың экс­порты да едәуір азайған.

Бұл, әрине, Қазақстанның басына түскен экономикалық қиындық емес, әлемдегі барлық мемлекеттерде орын алып жатқан жағдай.

Атамыз қазақ «орнында бар оңалар» дейді. Бұл уақытша қиын­дық та өтер, мемлекетіміздің әбден кемелденген кезін де көреміз. Ол үшін бәріміз Елбасының төңірегіне топтасып, бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығаратындай іс-қимыл жасауымыз керек.

Бүгінгі таңда жалпы облыс бойын­ша кеден бекеттері 11087 тауар декларацияларын ресімдеді. Қаржы министрлігі бекіткен стра­тегиялық жоспарға сәйкес импорт - 7 сағат­та, экспорт 2 сағатта ре­сімделуге тиіс. Департамент тарапынан бұл талап орындалуда және үнемі бақылауға алынады. Нәтижесінде импорт ресімі орта есеппен 3 сағат 50 минутке, экс­порт 37 минутке жеткізілген. Бұл дегеніміз, бизнес өкілдеріне қолайлы, оң нәтиже деп айтуға болады.

- ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департаменттің са­лық түсімі бойынша жақсы нәтижелерге жеткендігі айтылды. Осы бағыттағы жұмыс­тарыңызды айтып беріңізші?

- Мемлекеттік кірістер ор­гандарының негізгі қызметі - мемлекет қазынасын толтыру. Департамент ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығына қойыл­ған міндеттерді абыроймен орындады. Барлық деңгейдегі бюджеттер бойынша болжамдар асыра орындалды.

- Соңғы уақыттары жал­ған кәсіпкерлік деген жа­уын­нан кейінгі шығатын саңы­рау­құлақтай көбейіп кетті. Эко­номикалық тергеу саласы сіздердің департаментке тиесілі. Оңтүстік Қазақстан облысы елі­міздің маңызды қақпасы саналады. Жастарымызды жегі құрттай кеміріп жатқан есірткіні саудалау­шылар шекарадан тесік табуға тырысады. Осы бағыттар бойынша қандай іс-қимылдар атқарып жатырсыздар?

- Өкінішке қарай, мемлекет және Үкімет тарапынан барлық жасалынып жатқан қолдауды дұрыс түсінбей, заң бұзушылыққа жол беретін жауапсыз бизнес өкілдері де арамызда баршылық. Соның дәлелі, есепті кезеңде экономикалық тергеу қызметінде жалған кәсіпкерлік саласындағы қылмыстық істердің саны 244-і құрап отыр. Оның ішінде бүгінгі таңда 45 қылмыстық іс өндіріспен аяқталған. Нақты айт­қанда, 31 қылмыстық іс сотқа жол­данды, 14 қылмыстық іс ақта­латын негіздермен өндірістен қыс­қартылды.

Бюджет саласындағы бағытты алатын болсақ, ағымдағы жылдың басынан жалпы 58 қылмыстық іс тіркелген. Өндіріспен аяқталған қылмыстық істер бойынша бюджетке 584,2 млн.теңге залал келтірілсе, бұл қаражат толығымен бюджетке өндірілді.

Ағымдағы жылдың басынан жалған кәсіпкерлік белгілері бар мекемелердің мемлекеттік тіркеулерін жою үшін жолданған құжаттардың ішінен сот органдары 33 мекеменің мемлекеттік тіркеулерін заңсыз деп таныды. Сондай-ақ, 31 мекеменің 1531 мәмілелерін 3,3 млрд. теңгеден астам сомаға жарамсыз деп тану үшін сотқа талап-арыз жолданды. Осының ішінен 15 мекемеге қатыс­ты мәмілелер сот шешімімен жарамсыз деп танылды. Бүгінгі таңда мемлекетке келтірілген залалды өндіру жұмыстары жүр­гізілуде.

Біздің қызметіміздің басым бағыттарының бірі есірткі зат­тарының заңсыз айналымын анықтау болып табылады. Ат­қарылған жұмыстардың қоры­тындысымен ағымдағы жыл­дың басынан 20 қылмыстық іс қозғалып отыр. Негізгі құқық бұзушылық, - шекара арқылы Өзбекстан Рес­публикасына есірткі заттарын алып өту. Анықталған деректер бойынша 19 тұлға ұсталған, олардың 13-і Өзбекстанның азаматтары болса, 6-уы Қазақстанның азаматтары.

Мысалы, биылғы 21 қаңтарда «Жібек жолы» кеден бекетінде Қазақстан Республикасының азаматы Д.Сулпатаев 57 грамм «марихуана» есірткі затын 12 дана сіріңке қораптарына салып алып өтпек болған кезде ұсталған. Сот үкіміне сәйкес аталған азамат 7 жыл бас бостандығынан айырылды.

Жалпы, атқарылған жедел із­дестіру іс-шаралары бары­сында 517 грамм есірткі заттары тәркіленді. Заң бұзған 13 жеке тұлға бойынша сотпен үкімдер шығарылды, ал қалған 6 қылмыстық іс сотта қаралу сатысында. Экономикалық контрабанда және кеден саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша 19 қылмыстық іс қозғалды.

- Алтынбек Дүйсенбекұлы, Қазақстанның әр­бір азаматы өзінің дүние-мүлкі жөнінде келер жылдан бастап толық есеп береді. Мүлікті жария етудің жаңа толқыны осы дек­ларация алдындағы соңғы дайындық сияқты. Бұл жұмыстар қанша­лықты нәтиже беріп жатыр?

- Заманның әр иірімінде жас тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа қалыптасып жатқан кезеңінде түйені түгімен жұтқандар да болды. Енді ондай сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі бизнеске есік қатты жабылады.

Жалпы, «100 нақты қадам» аясында, 2017 жылдан бас­тап кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау басталады, бірінші кезекте декларацияны мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, соттар, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайланған тұлғалар, Ұлттық банк пен ведомстволар қызметкерлері, квазимемлекет­тік секторда басқару функцияларын атқаратын тұлғалар және олардың жұбайлары, ұлттық бас­қару холдингі, ұлттық холдинг және ұлттық компаниялар­дың қызметкерлері тапсырады. Ал, екінші кезекте, 2020 жылдан бастап декларацияны басқа қалған жеке тұлғалар тапсырады.

Елбасының салиқалы сая­са­тының арқасында, халықты жал­пыға бірдей декларациялауға дайындау мақсатында, елімізде үшінші рет мүлікке рақымшылық жасау акциясы өткізілуде. Мүліктер мен қаражаттарға рақымшылық жасау мерзімі осы жылдың соңына дейін ұзартылғаны баршаға мәлім.

Мемлекеттік кірістер депар­таменті мен облыс әкімдігі мүлікті жария етуге байланысты бірлес­кен медиа-жоспар құрып, халық ара­­сында кеңінен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Атқарылып жатқан жұмыс­тардың нәтижесінде облыс бойынша жергілікті атқарушы органдар­да құрылған комиссиялар жалпы сомасы 64,0 млрд.теңгені құрайтын 6952 өтініш қабылдады.

Жыл басынан облысымыздың 146 азаматы 14,2 млрд.теңге көле­мінде ақша қаражаттарын жар­ия етті. Ал, мемлекеттік кірістер ор­­гандары тарапынан бүгінгі күнге Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан жылжымайтын мүліктер бойынша 328,4 млн. теңгені құрайтын 19 өтініш бойынша рақымшылық жасалынды.

Мүлікті жария ету акциясы халыққа қолда бар мүлікті жария етіп, заңды айналымға енгізуге мүм­кіндік береді. Сондықтан, жалпыға бірдей декларациялау алдында осы мүмкіндікті толығымен пайдалану қажет.

Мүліктері мен табыстары туралы мәліметтер жалпыға бірдей декларациялауға қажет болатынын ескерсек, мүліктерін жария ететін азаматтардың саны көбейеді деген ойдамыз.

Халықты жалпыға бірдей дек­­­­ларациялауға дайындаудың тағы бір бағыты, «көлеңкелі эко­номиканың» пәрменді саласы­ның бірі қолма-қол есеп айырысу тәртібін ретке келтіру болып та­былады. Осы мақсатта бюджетке тиесілі салық және басқа да төлемдердің толық түсуін қамтамасыз етудің басты құралы - онлайн режімінде деректерді жолдауға мүмкіндігі бар бақылау-касса машиналарын қолдануды енгізіп жатырмыз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, рефор­малар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындаған міндеттерді іске асыруға барлық мемлекеттік қызметкерлер халық­пен бірлесе атсалысуы керек. Біз­­дің бірлесіп атқарып жатқан жұмысымыз - мемлекеттің және елдің мүддесі. Ол баршамызға ортақ іс.

Абай ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2068