Жексенбі, 24 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 4542 0 пікір 27 Шілде, 2016 сағат 11:51

ДИЗЕЛЬДІК ОТЫН МӘСЕЛЕСІНІҢ ТҮЙТКІЛДЕРІ ШЕШІЛУІ ТИІС

Ауыл  шаруашылығы – Қазақстанда басымдықтағы салалардың бірі. Жыл сайын мемлекет көктемгі егіс және күзгі егін жинау науқаны кезеңінде дизельлік отын бағасын арзандату жолымен ауылшаруашылық тауар өндірушілерін субсидиялайды. Субсидияланатын дизельдік отын көлемі жылына 700 мың тоннаны құрайды, ол жалпы тұтынылатын жанармайдың 6/1-і.           

Дегенмен, жыл сайын көктемгі және күзгі егін науқаны тұсында ауылшаруашылық еңбеккерлері тарапынан дизельдік отынмен қамтамасыз етуге байланысты арыз- шағымдар көбейе түсетіні жасырын емес. Олардың басым көпшілігі жеңілдікті жанармай бөлудің қолданыстағы жүйесі тиімсіз деп есептейді. Бұл, негізінен, мемлекет тарапынан дизельдік отынға қойылған нақты бағамен сатып алуға қол жеткізудің қиындығына байланысты туындар отырған жайт. 

Қолданыстағы жүйе бойынша, ең алдымен,  салалық  министрлік (Энергетика министрлігі) өңірлердің сұранысына қарай арзандатылған дизельдік отынның нақты көлемін бөледі, ол жергілікті атқарушы органдардың өтініштерінің негізінде жасалады. Бұдан кейінгі кезек  әкімдіктердің еншісінде, жергілікті әкімдіктер арзандатылған дизельдік отынды өңірлерге жеткізуге міндетті операторларды тағайындайды. Бірақ, осы тізбектегі бүкіл кемшілік дәл осы жерде басталады. Облыстарда әкімдіктер бекіткен операторлар дизельдік отынның тиісті көлемін тұтастай мақсатты бағытта пайдаланбай, нарықтық бағасымен сатуы жиі кездеседі. Мұндағы басты мәселе операторды анықтау рәсімінің ашық жүргізілмейтініне келіп тіреледі. Яғни, мемлекет субсидиялайтын дизельдік отын көлемін нақты тұтынушыларға, яғни ауылшаруашылық өндірушілеріне тікелей жеткізетін компаниялардың жауапкершілігі айқындалмаған.    Әкімдіктер операторды іріктеу талаптарын толық жарияламайды, оған қатысуға қажетті құжаттардың тізімі де ашық көрсетілмейді. Яғни, кімге және қанша бөлінгенін көрсететін тетіктер жоқ. Бұл негізінен операторларды іріктеу жөніндегі комиссияның жұмысында кемшіліктер бар екенінің дәлелі.

Шаруалардың негізгі мәселесі –  өздеріне арналған, мемлекет бағасын нақты белгілеген арзан отынға қол жеткізе алмау. Дизельдік отын жеткізуші ретінде таңдалған операторлар көбінесе облыс орталықтарында орналасады,  олардың көпшілігінің меншігінде қажетті ресурстар –  отынды сақтау қоймалары, тасымалдауға арналған көліктер жоқ.  Аталған ресурстарды жалға алған жағдайда тиісінше олардың шығындары да көбейетіні сөзсіз. Ал,  бұл шығындардың орнын операторлар жанар-жағармайдың көтерме бағасын нарықтық бағамен теңестіру арқылы өтеуге тырысады. Осылайша, мемлекет жасап отырған жеңілдіктер қымбатқа түсуде. Жасанды кедергілер салдарынан дизельдік  отынмен қамтамасыз ету жүйесінде туындаған түйткілдер ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің адымын жаздырар емес. 

Осы уақытқа дейін дизельдік отын жеткізуші операторларды «Жанар- жағармай» қауымдастығы ұсынып келді және содан кейін оларды әкімдіктер бекітеді. Алайда, ауылшаруашылық тауар өндірушілері тарапынан шағымның көбеюі, арзан отынның ауылға жетпеуі  бұл жүйенің кемшілігі көп екенін білдіруде. Сондай-ақ,  ауылшаруашылық өндірушілері жеңілдікпен берілетін отынды біркелкі пайдалана алмай отыр. Айталық, ірі шаруа қожалықтарының қолы ұзын және де олар арзан отынды мұнай базасына өздері барып, тиеп алып кетеді.  Ал, ұсақ шаруашылықтардың қолында ондай мүмкіндік жоқ екені мәлім, олар жол, көлік шығыны және  т.б. себептермен өздеріне тиесілі дизельдік отынға қол жеткізе алмайды. Осыдан барып жақын жердегі жанармай құю бекетінен бөлшек сауда бағасымен сатып алуға мәжбүр болады. Осы себептен еліміздің кейбір аудандарында дизельдік отынға сұраныс 30%-ға ғана қамтамасыз етілген.

Сондықтан, жеңілдікті дизельдік отын әрбір шаруашылыққа  жетуі үшін қолданыстағы жүйеге өзгертулер енгізіп,  операторлардың жауапкершілігін көтеру, жаңа тетіктер әзірлеу мәселесі кезек күттірмейді. Жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлер операторлар санын көбейтуді, оларды іріктеу рәсіміне жергілікті жанармай құю бекеттерінің қожайындарын қатыстыруды ұсынады.  Дизельдік отынды бөлу рәсімдерін өзгерту, операторды таңдау үдерісінің ашықтығы – міне, ауылшаруашылық тауар өндірушілерін мазалайтын сұрақтар осындай.

Сондай-ақ, оператор ретінде бекітілген кәсіпкерлік субъектілерінің  мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы жұмыстарды орындауға құқығы болуы тиіс және дизельдік отынның вагондық партияларын тасуға және төлеп алуға қаражаты болуы міндетті. Сонда ғана олар ЖЖМ-мен қамтамасыз ету жұмыстарына қатыса алады. 

Мұның бәрі шаруалардың егін науқаны кезінде шығындарын азайтып, өнімнің өзіндік құнының қымбаттамауына септігін тигізуі тиіс.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5563