«АДК»-ДА АШ ЕМЕС.., ЖАЛАҢАШ ЖҮРГЕНІ НЕСІ?
Алматыдағы «АДК» ойын-сауық сауда кешеніне келгендер жалаңаштанып тастады. «АДК»-дағы аш емес.., жалаңаштардың бар әуретін көрсетіп, азық-түліктің кезегіне тұруы азаматтық ар-намысы жоғары, ұят-аятты білетін жандардың жағасын ұстатты. Жалаңаштардың саудасын әлемжеліге белгілі журналист Ирина Советжанқызы шығарған болатын. «Аш-жалаңаш деген осы шығар» деп жазды ол әлемжеліге төмендегі бейнекөріністі сала отырып.
Осыдан кейін ғаламтордан ақпарат алатын қазақ қоғамы әлгі жалаңаштар мен оларды жалаңаштағандардың тірлігіне наразылық танытып бастады. Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай Фейсбуктегі парақшасында "Ау, алматылық ағайын! Ертеңнен бастап, ең құрмаса, осы азғындыққа қарсылық шарасын бастайық! Бұл саясат емес қой, рұқсат беретін шығар... Арлы ұрпақ қажет маған!" деп жазса, публицист-ғалым Қуандық Шамақайұлы «5000-ақ мың теңгенің тамағы үшін беттің арын белбеуге түйіп шешінген жұртқа ертең біреу 5 млн-ның шетін көрсетсе не істерін ойлашы!» деп ой тастады. Алайда мына жұртты 5000 теңгенің тамағы үшін шешініп тастады деуге немесе соған мәжбүр болғандықтан лыпасыз қалды деуге келмейді. Бұның аты – шектен шығу. Ұят пен ардан безу. Ынсапсыздық. Қарынның тоқтығы мен қайғының жоқтығынан туған азғындық. Аталған сауда үйінің әкімшілігі соны білді де қызық көрді. Тамашалады. Алайда, бұндай сорақылық пен масқараға бей-жай қарай алмайтын қоғамның наразылығына ұшырады. Содан кейін амалсыздан төмендегідей мәлімдеме жасауға мәжбүр болғанға ұқсайды. Ол қандай мәлімдеме. Қараңыз:
Азаматтардың жағымсыз пікірлерін назарға ала отырып, 2016 жылғы 14 қарашадан бастап «АДК» ойын-сауық сауда кешеніндегі «Квартирная закупка» шарасы шеңберінде ұйымдастырылған «Кел де ал» акциясы тоқтатылғандығын хабарлаймыз.
Осы акцияны қорлау деп ойлаған барлық азаматтардан кешірім сұраймыз.
Сонымен қатар, «АДК» ойын-сауық сауда кешені қоғамымызда қалыптасқан моралдық және адамгершілік қағидаларын толығымен қолдайтынын мәлімдейміз.
Ізгі ниетпен
«АДК» ойын-сауық сауда кешенінің Әкімшілігі
Abai.kz