ЗАМАНБЕКТЕЙ ЕР ҚАЙДА?
12 қараша - қаймана қазақтың бір үміті опат болған күн. Оқыс қазаның қайғысы елді езгіден құтқара ма деген нәумиез дәмені тас-талқан еткен. Семсер мінезді ұлының сұрқия саясаттың құрбаны болғаны кейінгілердің де ұмтылысын іркіп қалды.
Кенесары ҚАПТАҒАЕВ,
қоғам қайраткері
- Мен 1989-90 жылдары Халық шаруашылығы институтында деканның орынбасары болып қызмет атқарып жүрдім. Сол жылы біздің институт және Сәулет-құрылыс институты, Алматы үй-құрылыс комбинаты, Мақта-мата комбинаты сияқты бірқатар білім ошақтары мен қоғамдық орталықтардың қыз-жігіттері бірлесіп, «Қазақ тілі қоғамын» құрдық. Бізге сол кезде жергілікті билік тарапынан рухани және материалдық көмек көрсетуге мұрындық болған Сапура Жүсіпова болатын. Сапура онда Алматы қалалық атқару комитетінде Заманбек Нұрқаділовтың орынбасары еді. Кейіннен білсек, Зәкең бірінші басшы ретінде мұндай ұлттық мәселемен басқалардың жынын қоздырмау үшін, Сапураға барлық міндетті жүктеп, өзі жағдайды сырттан бағып жүреді екен.
Біз қазақ өз мүддесін жоқтаған сол қиын-қыстау заманның өзінде ұлттың салт-дәстүріне, болмысына біраз пайдалы жұмыс істедік. Сол кезде Сапура Таубалдықызы Қалалық атқару комитетінің Ұлтаралық қатынастар бөлімінде бір орынның бос екенін айтты. Мен бардым, Зәкеңе кіріп едім, жұмысқа бірден қабылдады. Өйткені «Қазақ тілі қоғамындағы» шаруаларымнан хабары бар екен. Сөйтіп, Зәкеңнің қарамағында қызмет істей бастадым. Зәкеңді дәлізде көргендер: «Здрастье, Заманбек Қалабаевич!» - деп амандасып жатады. Ал мен «Ассалаумағалейкум, Заманбек аға!» - деп амандасамын. Оған Зәкеңнің іші жылып, тоқтап тұрып қолымды алатын.
Бірде қалалық кеңесте үлкен мәжіліс өтетін болды. Орны - «Саяси ағартушылар үйі». Мәжілісте тұңғыш рет бейбіт шерулерді қалай өткізу туралы мәселе көтерілді. Заң бойынша мәжіліс өтетін жерге Қазақстанның туы ілінуге тиіс еді. Алайда ту не үйдің төбесіне, не кіреберіске ілінбепті. Қалалық кеңестің төрағасы Қадір Бәйкенұлы жиынды ашып, кімнің қандай ұсынысы бар екенін сұрады. Мен қолымды көтеріп, орнымнан тұрып: «Қазақстанның туынсыз мәжіліс өткізу еліміздің заңына қайшы келеді», - дедім. Бәйкенұлы: «Сіз кімсіз, депутатсыз ба?» - деп сұрады. Мен: «Жоқ, депутат емеспін», - дедім. «Онда жиналысқа қатыспайсыз, боссыз!» - деп, залдан шығарып салды. Ол сенбі күнгі жағдай болатын.
Дүйсенбі күні жұмысқа келсем, жұмыстағылардың бәрі алдымнан шығып: «Сізді Нұрқаділов күтіп отыр», - дейді, жүздері салыңқы, Зәкең бәрін «қуырыпты». Кеңсесіне кірдім. Заманбек аға бірден айқайға басты. «Ондай данышпан болсаң, қайда жүрдің, туды өзің ілсең болмай ма?!» - дейді барлық қызметшілердің көзінше. Айқайлап алып: «Боссың, енді мұнда жұмыс істемейсің!» - деді қолын бір сілтеп.
Салым суға кетіп, екі күннен кейін «Еңбек кітапшамды» алайын деп әкімдікке келсем, тура қарсы алдымнан Зәкеңнің өзі шыға қалды. Әдетім бойынша: «Ассалаумағалейкум, Заманбек аға!» деп амандастым. Зәкең сәлемімді алып: «Әй, сен не істеп жүрсің?» - дейді. Мен: «Не істеуші едім, аға? Сіз жұмыстан қудыңыз, енді «Еңбек кітапшамды» алуға келдім», - дедім. Сөзімнің соңын күткен жоқ: «Бұрын қанша айлық алып жүрдің?» - деп сұрады. Мен: «120 рубль», - дедім, қысқа сұраққа қысқа жауап қайтарып. Зәкең: «Онда ертеңнен бастап 280 рубль аласың, жұмысқа кіріс», - деді кесіп сөйлеп. Мұны айтқан себебім - Зәкеңнің азаматтығының биік, қазақы менталитетінің терең екенін және ол кісімен қалай, қандай жағдайда танысқанымды еске алуым еді.
Зәкең мен істеген жұмыстарды сырттай бақылап, іштей риза болып жүріпті. Онысын жүзінен сезетінмін. Бетпе-бет кездесіп қалған кезімізде үнемі жылы жымиып аманымды алатын. Бірде Зәкеңе бір құжат апардым. Онда Алматыдағы мектептерде қазақ тілі пәнін оқытудың өте сұрқия саясаты жазылған болатын. Яғни сол жылдары қалалық мектептерде қазақ тілі пәнін тар, нашар кәбинеттерде оқытып жүріпті. Мен соны шешу туралы құжат дайындағам, Зәкең ойланбай қол қойды. Сөйтіп, біз барлық мектептердегі ең үлкен, таза, бұрын «Орыс тілі» мен «Литература» кәбинеттері болған жақсы аудиторияларда «Қазақ тілі» сабағын оқытуға жол аштық. Нұрқаділов мектеп-балабақша мәселесінде айтарлықтай тамаша қызметтер істеді. Мәселен, Қалабайұлының шешімімен 15 орыс мектебі, 30 балабақша қазақшаланды. Шешімді қабылдауға Зәкең қарапайым әдіс-амал қолданатын. Радиусы бір шақырым келетін аумақтағы мектеп-балабақшаларды күрделі жөндеуден өткіземіз деген сылтаумен жауып, 5-6 айдың ішінде қайтадан ашқан кезде, қазақшаға айналдырып жіберетін. Осы қазаққа жаны ашыған қулықты қазіргі басшылар білмейді де ғой...
Қазірге дейін қазақ мектептерінен өзге білім ошақтарында «Қазақ тілі» пәнін бөліп оқыту дәстүрі Заманбектің заманында басталған. Қалабайұлының қазақ десе, шығарда жаны бір еді. Мәселен, ұлттың кез келген мәселесіне байланысты шаруада ол ешқашан екі сөйлеген емес. Абайдың 150 жылдығы, одан өзге де мерейтойларда зиялыларды бір минут есік көзінде күттірген жоқ.
Заманбек Нұрқаділовтің Қазақстан тарихында алтын әріппен сақталатын бір еңбегі - Алматы көшелерінің атын қазақшаға ауыстыруы. Осы күнгі айтып жүрген қазақша көше атауларының бәрі - Қалабайұлының қалауымен жасалған дүниелер. Көше атын ауыстырудың да өзіндік жыры болды. Керекті құжаттарды дайындап, Қалалық атқару комитетінің күн тәртібіне өткіздім.
Бірақ жоспарға ілінбейді. Бір емес, екі, тіпті үш рет қайталанды. Өйткені Зәкеңнің Артамонова деген орынбасары болатын. Ол кезде бүкіл Алматының пәтер беруінен бастап, үлкен-үлкен шаруаларының бәрін Қалалық атқару комитеті шешетін. Бірақ Комитет төрағасы Заманбек болғанымен, құжат алдымен Артамоноваға түсетін. Мен дайындаған құжаттар кейіннен біртіндеп, Артамонованың сейфіне түсе берді. Сөйтіп, Алматының 16-17 көшесінің атын өзгерту туралы құжат Зәкеңе жетпеді. Құжат Нұрқаділовтің қолына тимеген соң, шешім шықпады.
Арада екі-үш ай өтті. Ақыры, шыдамай, газет редакцияларына бардым. Олар да шешім болмаған соң, жариялауға батылдық ете алмады. Бір күні қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті, сол кездегі «Егеменді Қазақстанға» бардым. Онда «Егемендіде» қазіргі «ДАТ» газеттері жобасының бас оқырманы Ермұрат Бапи тілші болатын. Ермұратқа барлық жағдайды түсіндіріп айттым. Ол бірден жанып кетті: «Береміз!» - деді. Сонымен Зәкеңнің мөрі жоқ, қолы қойылмаған құжатын газеттің бірінші бетінде 1991 жылы 13 қараша күнгі санында жариялауға мұрындық болды.
Әрине, ол кезде мұндай батылдық екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа еді. Газет шыққаннан кейін, Алматыдағы біраз негізгі көшелердің коммунистік атауы қазақшаланып, бүкіл республика шулады. Зәкең осы мақаланы көрді де: «Қазақстанның бірінші газеті осылай деген екен, ендеше, көшелердің атауы өзгеруге тиіс!», деп, мөрін басып, қолын қойып, көшелердің атауын бір күнде өзгертіп жіберді.
Содан 1991 жылдың тамыз айында «ГКЧП» деген шықты. Ол республикалардың тәуелсіздігіне, одақтың тарауына қарсы жұмыс істейтін құпия ұйым еді. Оған Алматы мен Орал қаласының Қалалық атқару комитеттері көмек етіпті. Сол уақытта Зәкең демалыста жүрген. Орайды пайдаланған Храпунов пен Артамонова «ГКЧП»-ны қолдайтын тиісті құжаттарға қол қойыпты. Ол құжатты мен көшіріп алдым. «Қазақ қоғамының» жігіттері мен Желтоқсан батырларын жинап, бірнеше күн митингіге шықтық. Нәтижесінде, Артамонова жұмыстан кететін болды, ал Храпуновты Зәкең өзі қорғап қалды. Артамонова орнын босатпай, бір айдай жұмыстан кетпей жүріп алды. Біз оның орнына сол кезде Алатау ауданының Ішкі саясат бөлімінде қызмет етіп жүрген Сапура Жүсіпованы ұсындық.
Желтоқсан көтерілісінің 5 жылдығына орай Алматыда үлкен митинг өткіздік. Соған ұзын саны 25-30 мың халық жиналды-ау, шамасы. Сол митингіні өткізуге Зәкең рұқсат берген болатын. Содан кейін бірде-бір рет желтоқсандықтардың дәл сондай ауқымды жиынын көрген емеспін. Заманбек Қалабайұлының азаматтығы тамаша еді. Мәселен, билікте жүрген кездерінде жіберген кемшіліктері мен жаңсақтықтары үшін баспасөзде кейбір азаматтардан кешірім сұрады. Есімізде қалғаны - Әкежан Қажыгелдин мен Алтынбек Сәрсенбайұлынан баспасөз арқылы мәдениетті түрде кешірім сұраған жалғыз азамат - Зәкең болатын. Заманбек аға көреген жан еді ғой, ол - Қазақстанға алғаш рет қытай қаптағанда, ең бірінші болып, ашық қарсы пікір айтқан адам. Пікір айтумен ғана шектелген жоқ, Алматыдан қытайлықтарды қуған батырлығы сол кезде ел ішін дүр сілкінткен жоқ па?..
Сапура ЖҮСІПОВА,
«Шаңырақ» республикалық бірлестігі
төрағасының орынбасары
АЛМАТЫНЫ ҚАЗАҚҚА
ТОЛТЫРҒАН
Заманбек аға еді...
- Алматының айналасындағы шағын аудандар мен елді мекендерге қазақтардың қоныстануына бірден-бір себепкер болған адам - Нұрқаділов. Қала сыртындағы Думан, Шаңырақ, Бақай, Таугүл аудандарын, Рысқұлов көшесінің төменгі жағындағы, Аль-Фарабидің жоғарғы жағындағы иен жерлердің бәріне қазақтардың қоныстануы - Нұрқаділовтың кезінде басталды.
Бірде ол мені шақырып алып, баспанасыз жүрген қазақтарды қала сыртына қоныстандыруға жағдай жасайтын шешім дайындауды тапсырды. Біз шұғыл арада он жеті шешім дайындап, 15 мың қазаққа жер беруге негізі бар құжатты Зәкеңнің алдына қойдық. Ол менен: «Бәрі дұрыс па?» - деп сұрады. Мен: «Әрине, дұрыс!» - деймін. Зәкең: «Дұрыс екенін біліп отырмын, бәрі қазақ па дегенім ғой...» - деп, маған жымия қарады да, шешімнің шекесіне «Бекітілсін» деп, көстите қол қойды. Сондағы Зәкеңнің рақаттана қол қойған бейнесі әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Осы күнге дейін Алматыны басқарған қай басшы қазаққа Нұрқаділов жасаған жақсылықтың тым құрығанда жұрнағын жасады екен? Ешкімі жоқ, барлығы - Ақорданың арынынан қаймыққан қорқақтар!
Алматы қаласында сол кезде 8 аудан болған. Оның алтауының «Паспорт столының» басшылары орыстар еді. Зәкең соның бәрін қазаққа ауыстырды. Сонда айтқан еді: «Басшысы қазақ болса, Алматыға бұрынғыдан бір-екі қазақ көп қоныстанатын шығар. Мейлі, олар да пара алар, бірақ қазақ қой, қазақ қазақтың көзін шұқымас», - деп. Бұрын Алматыда 24 пайыз ғана қазақ болса, Зәкең қаланы басқарған жылдары бұл көрсеткіш 43 пайызға көтерілді. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары Қазақстаннан шетелге көшкен өзге ұлт өкілдері көп болды ғой.
Сонда марқұм Заманбек ағаның Үй басқармалары мен Техникалық инвентаризация бюроларына қатысты шығарған құпия қаулысы болды. Қаулыда «Ресейге, тағы басқа мемлекеттерге көшкен ұлт өкілдерінің үйлері мен пәтерлерін тек қазақтарға ғана сатуға жағдай жасау керек», - деп жазылған тармақ болғанын өз көзіммен көрген едім.
Сол қаулыны осы күнге дейін сақтап жүрген азаматтар бар арамызда. Кейде ұлты орыс басшылар қол астындағы қазақ қызметшілеріне: «Кет!» - деп ұрысса, Зәкең айқайлап: «Ол қайда кетеді? Кетсең - сенің Ресейің, Мәскеуің бар. Ал қазақтың Қазақстаннан басқа қай отаны бар?» - дейтін.
Заманбек Нұрқаділов билікте адал, өмір бойы таза өтті. 1994 жылы болатын, Назарбаев екеуі ара-тұра ұстасып қалып жүрген кезі еді. Бір күні бізді жинап алып: «Мен демалысқа кеттім, жұмыстарыңды өздерің істей беріңдер!» - деді. Бәріміз үйді-үйімізге кетіп қалғанбыз, кешкі сағат 7 кезінде жұмыстан хатшылар қоңырау шалады: «Тез жиналыңыз- дар!» - деп. Барсақ, Назарбаев Зәкеңді қызметінен алып, орнына Шалбай Құлмақановты қойыпты. Сөйтсе, Нұрқаділовты сол кездегі премьер-министр Сергей Терещенко сатып кеткен көрінеді. Бірнеше күннің алдында ғана Зәкең Терещенкомен сөзге келіп қалған болатын. Терещенко сол кезде Зәкеңнің барлық сөзін диктафонға жазып алыпты. Оны Назарбаевқа тыңдатыпты. Сол кезде Назарбаев Зәкеңді алып тастаудың амалын таппай жүрген болатын.
Сол күні түнде Мақпал телефон шалды: «Тезірек келші!» - дейді. Қасыма бір-екі «зәкеңші» жігіттерді ертіп, түнделетіп үйіне бардық. Үйге кіріп, сөйлесе келе ұққанымыз, Зәкеңе Назарбаев телефон соғып: «Сенің орныңа Құлмақанов келеді, кәбинетіңе бар, сол жерде жұмысыңды тапсырып бересің!» - деген көрінеді. Оған Нұрқаділов: «Бармаймын, менсіз істей беріңдер білгендеріңді!» - депті. Сөйтіп, Назарбаев пен Нұрқаділов телефонда бірін-бірі аямай боқтапты. Мақпал соны естіп алып, қорыққанынан көз жасына ерік беріп отыр екен.
Сондағы Мақпал екеуінің отырған үйлері әкімдіктің резиденциясы болатын. Онда ыстық су да жоқ еді. Қызметтен босаған соң, үйден де шықты. Баратын жері болмай, бір таныс жазушының саяжайында тұрды. Қазіргі Мақпал отырған үй сол саяжайда отырғандарында салынды ғой. Зәкеңнің тазалығы, қазіргі жемқорлар сияқты дүние-мүлік жинамаған адалдығы содан-ақ көрініп тұрған жоқ па. Қазір ойласам, сол жылдары Зәкеңнің қарамағында қызмет еткен бөлім қызметкерлерінің көбі қызметтерін пайдаланып, жағдайларын түзеп алыпты. Тек Зәкең ғана заман өзгермейді деп ойлады ма екен, жеке меншігіне бір бұрау темір де жаздырып алмапты ғой.
Зәкең адам қолынан жазым болды. Уақыт өте келе оның сыры ашылады, ақ пен қара айқындалады. Қазірше бұған басы артық пікірдің қажеті шамалы. Дегенмен оның артында қалған жесірі Мақпалдың еңбегін ескермеуге болмас. Ол жесірі ретінде күйеуінің өлімін жоқтап қана қойған жоқ, бүгінге дейін Зәкеңнің тау тұлғасын төмендетпей келе жатыр: әнін арнайды, концертін береді, артын жоқтайды.
Ал ұлы ше? Әкесі оққа ұшқан күннің ертесінде: «Бұл - жеке біздің отбасымыздың трагедиясы. Мұнда ешқандай саясат жоқ», - деп сөйледі. Тым болмағанда, ұлының үндемей қалуына да болатын еді ғой. Оған да жарамады. Зәкеңнің өлімінде қалай саясат болмасын, Заманбектей қазақтың өр тұлғалы азаматы өзін-өзі үш рет атып өліпті дегенге бесіктегі сәби сене ме екен? Құдай-ау, солай да жұртты алдайды екен ғой, бұ жазғандар!
Заманбек пен Алтынбек қаза болғаннан кейін, үкімет қаулы шығарған. Қаза болған саяси құрбандарға бес жылдан кейін атын атап, тиісті шаралар жасауға. Міне, Зәкеңнің қайтыс болғанына биыл бес жыл толды. Бірақ қаулыны қарап жатқан үкіметті көрген жоқпыз. Дегенмен мұны саяси партиялар қолға алуға тиіс. Заманбек батыр атаусыз қалмауы керек.
Топтаманы дайындаған -
Жұқамыр ШӨКЕ,
«D»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 40 (77) от 10 ноября 2010 г.