ҚАЛДЫҚ ПЕН ТЕЗЕК
Құрысын, бір алапат жиналысқа кіріп кетіппін. Айналаның бәрі «шоқпардай галстук бар, бет жоқ бірақ». Бет жоқ дегенде жаман ойлап қалмаңыздар мен бет, мұрын, бұғақ, мойын, шеке деген мүшелердің бәрін «шиқа-шиқа май екен», – деп бір-ақ ауыз сөзбен айтуға болатынын меңзеп отырмын. Сонымен, ортаңғы қатардан орын бұйырып, көзім бақырайып тыңдауға кірістім. Мінбердегі біреу көсіліп жатыр:
– Біз ел өркендесін десек малдар шаруашылығын, мал болғанда да ауыл шаруашылығындағы малдардың шаруашылығын көтеруіміз керек.
«Ауыл шаруашылығындағы малдар» дегенде малға бізді қосып айтып тұр ма? – деп біраз шамырқанып-ақ қалдым. Тек:
– Оларға қаржылай көмек беріп, мемлекеттік және жергілікті бюджеттен, арнайы қорлардан, заңды және заңды емес тұлғалардан, басқа мемлекеттерден тартуға болатын ақшамен қамтамасыз ету керек...– дегенді естігенде «е, не десе, о десін ақша берсе бопты», деп төбемдегі үрпек шашым орнына түскендей болды. Бірақ, әлгі әлде қазақша, әлде қазаша емес анықтамасынан «қаржылай көмек... ақша» дегенді ғана қағып қалған басым: «Мынау не деп кетті, қалай бермек?» – деп қасымдағы әжейден сұрай қойғам. Бәлеге қалдым. Әуелі:
– Субсидия айтады-ы-ы, – деді де «ә-ә!» дей берген маған ежірейе қарады.
– Сиз ким, мені танымайд, да?
– Кешіріңіз, мен ауылдан кеп ем... Шырамытам, бірақ жыға танымадым...
Әжейдің сары шашы желп етті, шағыр көзі шытынап барады.
– Калай? Мен Гульжана. Баяғыда принцесса болган Гульжана деген, от сол үшін мені Гульжана деген әжем... Гульжана малдардың дамуына көп жасаған... Білмейсің, да?
– Енді, кешірім сұрадым ғой, танымай қалыппын, кешіріңіз.
Ол танауын көтеріп теріс қарады. Өкпелегені. Осымен әжейден құтылғандай болдым. Бұл кезде мінберге галстукті жастардың бірі шыққан еді. Ол мал шаруашылығына қатысы жоқ екенін, бірақ бұған үлес қосу әр азаматтың парызы екенін айта келе пәлсапа соғып кетті.
– Міне, қараңыздар, «Әйел бала туады, Ана адам туады» деген дана сөз бар!
Ұзақ қол соғылды. «Ә, болашағы зор екен. Мыналар текке жарымсақтанып жатқан жоқ» деп бір қойдым. Одан әрі «осы менің балам адам ба, оларды туған қара қатыным ана ма?» деп іштей пәлсапаны жалғап көрмек едім, болмады. «Тегін адам таз болмас» деуші ме еді, мынауың тегін емес.
– Сіз бен біз әйелден тудық па, анадан ба? – Ол залға ежірейе қарады. – Анадан тусақ көмектесуіміз керек.
Ду-ду шапалақ. Осыған қанаттанып кетті ме әлгінің еңсесі тіктеле түсті.
– Біз қазақ сөзін толық түсінбей еш жетістікке жетпейміз. Жаңағы Абайдың сөзін көбіңіз естімегендеріңізді көздеріңізден көріп тұрмын! Соның жалғасын да айта кетейін. «Әйел бала туады, Ана адам туады, Адамды туатын ана – әйел, туғызатын – еркек».
Мәссаған, бұрын теледидардағы жалғыз тартымды хабар «Тамашаға» халықтың бұлай қол соққанын көрмеппін. У-ду. Осы кезде жылмиған бір келіншек келіп, құлағына сыбырлаған еді әлгінің түрі бұзылып кетті. Сосын саусағын шошайтып елді тыныштандырып, микрофонға:
– Кешіріңіздер... бәсе солай секілді еді... общым туғызатын еркек емес, акушер! Жазып алғандарыңыз сөйтіп түзетіп қойыңыздар, – деп түсіп кетті. Әлгі жылмиған келіншекті желкелеп, ұрсып барады.
Осыдан кейін «ауыл шаруашылығындағы малдар шаруашылығын» көтеру мәселесі қызу талқыға түсті. Керемет, керемет ұсыныстар айтылды. Есімде қалғаны арықша келген, қу жақтау жігіттің сөзі екен. Ол: Малдарды өсіру үшін бұқалардың еңбеккүнін дұрыстау керек. Әйтпесе біздің бұқалар түнде ғана жұмыс істейді екен. Бұлай болмайды, дауай, күндіз де жұмыс істесін, – деп мәселені төтесінен қойды. «Е, «еңбеккүні» жем-шөп шығар, тоқ бұқаң күндіз-түні тоқтамайды дегені ғой. Сөзіңе болайын, білгішім», –деп мырс еттім. Бұлар бұқа түнімен топырлатып табынды қуып жүреді деп ойлайтын болде-е-е... Осы кезде біреу шыр ете қалған.
– Сіздер «ауылды қолдайық, малдарды көбейтейік» –деп ұрандап жатырсыздар. Ал біздің осы ықыласымызды ауылдағылар түсіне ме? Олар ең құрығанда жаңағы Сіз айтқан бұқа және оның әйелдерінің, басқа да ауыл шаруашылығы малдарының тіршілік ету кезінде қалыптасқан қалдықтары үшін салық төлемейді. Қашады! Осындайларды түзеп алмай... «...ауыл шаруашылығы малдарының тіршілік ету кезінде қалыптасқан қалдықтары...» Осы түсініксіз сөз үшін менен тағы ақша сыпырып алмақ... Шыдамадым.
– Әй, менің бес ешкі, екі сиырымнан төлден басқа қандай «қалдық» шығады, ей... Сойғаннан кейін де төрт тұяқ, екі мүйізден басқа түгі қалмас. Оны да жалмауыз Ақтөс тып-типыл етеді?
Зал ішінде отырғандар сілтідей тынды. Жүздеген көз маған қадалды. Бір уақытта біреу мырс етті, одан соң бәрі қарқылдай күлді. Құлағымды бастым, мына қарқылдан ғимараттың қабырғасы бұрқ ете түсе ме деп қорықтым.
– Осындайларды кім жібереді жиналысқа, а?! –деді біреуі күлкісіне булығып.
– Бұндайлар барда ауыл шаруашылығындағы малдар атаңның басы көбейеді, мемлекеттің тормозы ғой бұлар, - деді екіншісі көз жасын сүртіп жатып. Маған түсініксіз сөзді айтқан ғана күлген жоқ, ақыл-есі кем мүсәпірді аяғандай мүсіркей қарады. Сосын:
– Экскременттерді айтып отырмын, – деді.
Бұл сөз де мен үшін бөтен екенін бақырая түскен көзім сатып жіберсе керек зал тағы ду етіп күлді. Кірерге тесік таппадым. Нем бар еді бұл жиналыста, ақылдылар арасына қайдан кіріп кеттім? Осы кезде біреу ақырын иығымнан түртті, бұрылсам әшкилі бір ханым екен.
– Сіз саспаңыз, түсініп алыңыз. Сіз ет жейсіз ғой, сосын кекірігіңіз
азады, асқазаныңыз қыжылдайды... Мысалы мені үнемі осы қыжыл қинайды. Ол қыжылдан құтылу үшін әжетханаға барасыз, сол жерде түсіп қалатын нәрсені «тіршілік кезіндегі қалдықтар» деп атайды.
Екі самайым шың ете қалды. Қаным басыма тепті.
– Тезек пе?!
Даусым қатты шығып кетті. Енді олар маған ежірейе қарады, «ақылдан шатасып, сандырақтай бастады» деп ойласа керек.
– Әй, тезекті айтасыңдар ма?! Құмалақ, жапа... Көң, қи?!
Жым-жырт. Даусым күшейе түсті. «Скорый» шақыру керек шығар? – деген сыбырды естіп қалдым. Жалт қарадым, әшкилі ханым екен. Шошып кетті, қатты кекірді:
– І-і-к!
– Әй, тірі мал тыш... ой, әкең... қалай еді... «қалдық» тастамаса мына қазақтың даласы осы уақытқа дейін тозып кетер еді ғой, білесіңдер ме? Жердің құнарын қопарып, жасартып отыратын сол малдың тұяғы мен тезегі ғой. Боқ үшін ақша алмақсыңдар ма?
– Фу-у-у, – деді Гульжана әжей.
– Ондай тәртіпсіз сөз айтпаңыз, – деді «бұқатанушы» жігіт.
– Міне, әлемнің тілін түсінбей бұл қазақ оңбайды, – деген осы.
Тынышталыңыз! – деді «қалдықтанушы».
– Әй, сендердің «ауылшаруашылық малдарыңның» не тыш... ой,
әкең... қандай «қалдық» тастайтынын білмеймін, менің төрт түлік малымның тезегі жеріме майдай жағады! Ол үшін көк тиын төлемеймін. Тонап біттіңдер ғой...
– Мә, мынау бүлік қой! – «бала мен адамтанушы» жас маман шыр ете
қалды. – Күзетшілер қайда, ұстаңдар?!
Қайдан сап ете қалғанын білмеймін еңгезердей екі жігіт тап берді. Орнымнан оп-оңай суырып алғанда жүрегім су ете түсті.
– Вот так
– Қойыңдар, ей, ойнап айтам, – дегеніме қарар емес, дедектетіп сүйреп барады.
- Мало тебе... Гульжана принцесса жайлы сказканы білмейді, еще
бунтарь.
– Колхозник, сауатсыз!
Біраз адамның айызы қанған секілді. Менің оларға қарар мұршам жоқ.
– Ағатайлар-ай, әкем марқұм «малдардың тіршілік кезіндегі қалыптасатын қалдықтары» деуші еді, ұмытыппын, мен алжығанда қайбір ес қалды дейсіңдер... Оу, айналайындар-ау, енді тезек деген сөзді өлсем айтпаймын, шыбын жанымды қиыңдар... кешіріңдерші... Әй... әй! – деп жатып оянып кеттім. Қарасу боп терлеп жатыр екенмін.
– Уһ, әкең... түсім екен ғой...
Серік Әбікен
Facebook-тегі парақшасынан