НАЗАРБАЕВ ПЕН АБЭ КЕЗДЕСТІ. НЕ ШЕШТІ?
- Қазақстан-Жапония қарым-қатынастары қай деңгейде?
- Арадағы тауар айналымы 1,5 миллиард доллар.
- Қазақстан уранына сұраныс бар
..............................................................................................................
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапония премьері Синдзо Абэмен Токиода кездесті. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың барлық тетіктерін талқылаған жиын қорытындысы туралы аз кем тоқтала кетейік.
Жапония Тәуелсіздіктің 25 жылында біздің Мемлекетті әм оның бастамаларын белсенді қолдап келеді. Мұны Елбасының өзі де айтты.
«Жапония – біздің тәуелсіздігімізді осы 25 жыл бойы белсене қолдап келген мемлекеттің бірі. Сіздің елмен достық әрі әріптестік қарым-қатынасты дамыту Қазақстан саясатының басым бағыты болып саналады»,- деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Токиомен жан-жақты серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін және ол үшін қажетті әлеует бар екенін айтты.
Айтпақшы, 2015 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымының көрсеткіші 1,5 миллиард долларды құраған. Бұл әрине көңіл көншітерлік көрсеткіш емес.
«Алайда, бұл деңгей біздің әлеуетімізге сай емес. Біз жоғары технология, ауыл шаруашылығы, атом энергетикасы, көлік құрастыру және металлургия саласында өзара іс-қимылымыздың аясын ұдайы кеңейтіп отыратын боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөйтті де, екі елдің басшылары бірсыпыра келісімдерге қол қойды. Атап айтар болсақ, Жапония келер жылы Елордада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатын болды. Сондай-ақ, Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту, Қазақстан аумағындағы жапон компанияларының жұмысына жәрдемдесу, теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Корей Халық Демократиялық Республикасының (КХДР) мәселесі секілді құжаттарға қол қойылды.
Жапония Премьер-министрі Қазақстан Президентінің сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауының 25 жылдығы қарсаңына тұспа-тұс келгенін және Токио үшін бұл қатынасты одан ары нығайтудың маңызы зор екенін атап өтті.
«Елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті одан ары дамытуға бағытталған бірлескен Жапон-Қазақстан мәлімдемесіне қол қойғанымыз мені қуантады. Бұл құжат біздің алдағы ынтымақтастығымыздың бағыт-бағдарына айналады», - деді С. Абэ.
Естеріңізге сала кетейік, Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ тұп-тура бір жыл бұрын, Астанаға арнайы келіп, Президент Назарбаевтың қабылдауында болған.
Назарбаев мырзамен Синдзо Абэ 2014 жылдың наурыз айында Гаагада, ал қазан айында Миланда кездескен. Бұл кездесулер өз кезегінде нәтижесіз болмағаны да рас. Бұлардың сыртында, Қазақстан мен Жапонияның ядролық қаруға қатысты ұстанымдары да сәйкес екен-мыс.
Сондай-ақ, жапон тарабы Қазақстан уранына инвестиция салуға ниетті екендіктерін жеткізген болатын. Жапониядағы «Фукусоми 1» атом энергия станциясындағы жарыластын кейін, жапондықтар қазақстандық атом энергетикасына көз тіккені рас. Ал 2012 жылы Жапония жер бетінде сирек кездесетін минералдарды өндіру және қайта өңдеуге, табиғи газын игеруге Қазақстан мен көршілес мемлекеттерге 700 миллион доллар бөлген.
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz