Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 7158 0 пікір 8 Қараша, 2016 сағат 09:29

Серік ДӘУЛЕТОВ. БАҚТЫБАЙ БАТЫР ҚАЙДА ЖАТЫР? (басы)

Ұлт тарихына қызығушылық танытатын қалың оқырманға арналған Серік Дәулетовтің Бақтыбай батыр туралы зерттеу кітабында 18 ғасырда Қазақ елін сыртқы жаулардан қорғаған Шектінің ұраны Төлес Бақтыбай батырға және «Қыз Жібек»  жырының кейіпкерлеріне қатысты тың мәліметтер жарияланған.
 

abai.kz

Қазақтың төл тарихы далада жатыр, даламен  байланысты  

Серік Әжіғали                                         

 

  550 жылдай бұрын халық болып қалыптасқан қазақ бермен қарайғы тарихта басынан небір қиыншылықтарды өткерсе де, жоңғар сияқты жойылып кетпей, қалмаққа ұқсап қалтарыста қалып қоймай, өз жолын тауып, бүгінде мәңгілік ел болуға талпынуда. Сол жолдың бойында тәуелсіздігіміз үшін тер төккен, қан кешкен небір батырларымыз жатыр. Солардың бірі- тірі кезінде-ақ аты бүкіл Шектінің ұранына айналған  Төлес Бақтыбай батыр.                                                                                                                      

  Оған қатысты деректер негізінен Ресей императорларының тапсырмасымен елші Құтлы-Мұхамед Тевкелевтің, тілмәш Я. Гуляевтың, прапорщик  Муравиннің, инженер-подпоручик И.Ригельманның 18 ғасырда Қазақ даласына жасаған экспедициялары кезінде жазған журналдары мен күнделіктерінде, жазбаларында, хаттары мен хабарламаларында кездеседі.  

 Әйгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында Бақтыбай батырдың Ресей полковнигі Гарбердің сауда керуені болып бүркемеленген әскери-барлау экспедициясын тұтқындап, мүлкін тәркілеген ерлігі туралы айтылған.

  Бақтыбайдың ұрпағы Аманбай Құнтөлеуов батырдың өмірбаяны туралы «Аталар аруағы» , «Ұрпаққа ұран Бақтыбай», «Ұранға шыққан Бақтыбай» деген  кітаптар басып шығарды.

  Батырдың ұрпақтары Меркібай Тағыбергенов, Әділбай Оразбаев, Әбілахим Шаншаров әр түрлі республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдарға  ол  туралы  әңгімелер мен аңыздар, өлең-жырлар жариялады. Ақтөбе облысының Шалқар қаласында батырға арнап ескерткіш орнатылды, Ақтөбе, Арал  қалаларында атына көше берілді.

  Солай бола тұра батырдың өмірбаяны, туған және қайтыс болған жылдары, қайда жерленгені туралы деректер жеткіліксіз. Бұл жөнінде  тарих зерттеушісі Аманбай Құнтөлеуов былай дейді:   

«...менің әкем Құнтөлеу мен Сәндібектің үлкен баласы Әбіләзиз 1962 жылы осы Бақтыбайдың жерленген жерін тауып, бата қылып қайтқан. Бұл дерек бойынша бабамыздың қабірі Жем өзенінің шығыс жақ жағалауында, қазіргі Байғанин ауданы «Ақжар» совхозының  «Қаражар» бөлімшесіне жақын жерде жатыр... Батырдың өмір сүрген, сыртқы жаумен арпалысқан кезеңін тарихи мәліметтермен салыстырсақ, Бақтыбай Төлесұлы 1706 жылы, яғни Ит жылы дүниеге келіп, 1767 жылдың қаңтар айында жау оғынан қаза болған деген жорамалға келеміз... Қытай Халық Республикасындағы қазақ ғалымдары шығарған «Қазақтың көне тарихында» осы соғыс туралы кеңінен жазылған. Онда Адай руының мың сарбазы жау қолыныан қаза тауып, үш мың жігіті тұтқынға түскені айтылған. Осы кескілескен ұрыста, 61 жасында Бақтыбай батыр да ерлікпен шейіт болған сияқты деген де қауесет кездеседі. Қаза тапқан жауынгерлердің сүйегі тек көктемде, қар кете табылады. Үстіндегі тонымен құлаған Бақтыбай батырдың денесі бұзылмаған екен. Қауға қара сақалды бабамызды жұрт содан бері  «Қарасақал әулие» , ал жерленген жерін «Қарасақал қорымы» деп атап кетіпті  дейді аңыз. 

   Бірақ осы деректерге сенуге бола ма? Менің ойымша бұл әлі де терең зерттеуді қажет ететін деректер. Тарих қойнауына үңілсек, Бақтыбайдың туған жылы белгісіз. Өлген жылы белгісіз. Жатқан жері белгісіз. Оған себеп, жазбаша деректер жоқ,  осы жерге жерленді деген, көрген адам жоқ. Ауызша, жазбаша шежірелерде туған, өлген жылдары, жерленген жері жөнінде ешқандай дерек кездестірмедік.» (Аманбай Құнтөлеуов.  Аталар әруағы. Алматы, «Қаржы-қаражат» 1997-ж. 66-б)

   Осы сияқты күмәндарға қарамастан, Ақтөбе облысы Шалқар ауданында тұратын Бақтыбай ұрпақтарының ақсақалдарының ұйғарымымен оның жерленген жері аталмыш Қарасақал қорымы деп есептеліп, сонда 1998 жылы батырға мазар салынды. 

   Алайда, бұл шешім асығыс болған жоқ па екен деген ой содан бері батыр ұрпақтарының көкейінде жүр.

   Не себепті әрі батыр, әрі би Бақтыбай  түрікменмен соғысам деп жалғыз өзі жасы келген шағында Жем бойына желігіп кетіп қалған?

  Екіншіден, неліктен Бақтыбай батырдың есімі қаза болғасын Қарасақалға айналуы керек? Бүкіл Шектіге ұран болған адамды тірі қалғандар (тұтқынға түсті делінетін 3 мың сарбаздың ең болмаса біреуі тірі қалған болар) тануы керек еді ғой ...

   Үшіншіден, не себепті  Бақтыбай батыр әулие атануы  керек? Қаза болса да, денесі бұзылмай, сақалы көктемге дейін сақталғаны  әулие атану үшін жеткіліксіз. Әулие - халық арасына ерекше діндар-тақуалығымен, шипа дарытқан емшілігімен әйгілі болған, керемет қасиетке ие, қауымға рухани тәрбие жүргізуші тұлға. (Уикипедия-қазақша ашық энциклопедия. https://kk.wikipedia.org/wiki/Әулие_адам)

Бақтыбай батыр туралы ондай дерек жоқ.

   Батырдың ғұмырнамасына қатысты осы сияқты  сұрақтар мені де үнемі мазалап жүруші еді. Біраз жыл ізденістен соң, сол сұрақтардың кейбіреуіне жауап тапқан сияқтымын. Сол ойларыммен бөлісуді жөн көрдім.

(жалғасы бар)

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406