Тоқаевтың Вашингтон сапары: Қазақстанның салмағы артты
Вашингтондағы Ақ үйдің қақпасы қазақ көшбасшысына кеңінен ашылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына жасаған ресми сапары екі ел арасындағы байланыстарды жаңа биік деңгейге көтеріп қана қойған жоқ, сонымен бірге Қазақстанның халықаралық сахнадағы салмағын тағы бір мәрте айқындап берді. Кездесу барысында жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын маңызды келісімдерге қол қойылып, стратегиялық әріптестіктің аясы бұрын-соңды болмаған деңгейде кеңейді.
Қасым-Жомарт Тоқаевты Вашингтон әуежайында АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландауның өзі күтіп алды. Бұл – екі ел арасындағы өзара сыйластық пен сенімнің айғағы. Келесі күні Ақ үйдің төрінде Дональд Трамп Президент Тоқаевты қабылдап, екіжақты келіссөздер өткізді. Әңгіме ресми хаттамалық сипаттан гөрі, нақты нәтижеге бағытталған іскер диалог түрінде өрбіді.
Мемлекет басшысы Тоқаев кездесуде Трамптың президенттік қызметінің тарихи маңызына тоқталып, оның басшылығымен Америка Құрама Штаттары әлемдік саясат пен экономикада жетекші орнын нығайтып келе жатқанын айтты. «Сіздің басшылығыңызбен Америка жаңа серпінге ие болды. «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» ұстанымы біздің «Әділетті, Қуатты Қазақстан» идеясымен үндес», – деді Тоқаев.
Президенттің бұл пікірі кездейсоқ емес. Өйткені Қазақстан дәл қазіргі сәтте экономикалық жаңғыру мен әділ басқару үлгісін орнықтыру кезеңінде тұр. Бұл тұрғыда АҚШ-пен серіктестік – тек инвестициялық емес, технологиялық серпіліс пен жаңа өнеркәсіптік мүмкіндіктердің де бастауы саналады.
Ақ үйдегі келіссөздер кезінде тараптар авиация, минералдық ресурстар және цифрлық технологиялар саласында ірі жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Бұл бағыттар – XXI ғасыр экономикасының басты тіректері. Тоқаев америкалық компанияларды Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалды тиімді пайдалануға шақырып, «жеке қолдау көрсетуге әзірмін» деп ашық мәлімдеді.
Дональд Трамп өз кезегінде Тоқаевтың жетекшілік қабілетін жоғары бағалап, Қазақстанды табиғи байлыққа ғана емес, сарабдал саясатқа да бай ел деп атап өтті. «Барлық сала маңызды. Бір жылдан кейін не болатынын ешкім білмейді. Бірақ сіздердің еліңізде үлкен әлеует пен парасатты Президент бар», – деді АҚШ көшбасшысы.

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме өзегі – Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімі болды. Бұл – бейбітшілік пен өзара түсіністікке бағытталған батыл қадам. Дональд Трамп бұл шешімді әлемдік ынтымақтастықтың айтарлықтай ілгерілеуі деп бағалап, өзге елдерді де осы бастаманы қолдауға үндеді. Тоқаев өз кезегінде Ибраһим келісімдеріне қосылу – Қазақстанның көпжақты дипломатиясын жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына берік ұстанымын айғақтайтынын айтты.
Ресми келіссөздерден соң екі ел көшбасшылары бейресми жағдайда әңгімелесті. Ақ үйдің маңында жаңадан бой көтеріп жатқан салтанат сарайының құрылысын бірге тамашалаған сәт – терең символдық мәнге ие көрініс болды. Бұл жаңа ғимарат – жаңа дәуірдің нышанындай.
Тоқаев сапар шеңберінде өткен «Орталық Азия – АҚШ» (C5+1) саммитіне қатысып, аймақтық ынтымақтастықты дамытудың нақты тетіктерін талқылады. Ол саммитті тарихи белес деп атап, Трампқа Ақ үйде осындай формат ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. «Бұл кездесу Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы әріптестіктің жаңа кезеңін ашты», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық серіктестік бүгінде жарты триллион доллардан асатын әлеуетке ие. Америка – елімізге 100 миллиард доллардан астам инвестиция құйған ең ірі әріптестердің бірі. Қазір Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания сәтті жұмыс істеп келеді. Соңғы жылдары екі ел арасындағы сауда айналымы екі есеге ұлғайып, 5 миллиард доллар шамасына жетті.

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Бұл сапардың ең айшықты тұсы – Тоқаевтың геосаяси көрегендігі мен теңгерімді сыртқы бағытының жарқын көрінісі. Ол жаһандық тұрақсыздық пен жаңа блоктық шиеленістер жағдайында Қазақстанның дербес бағытын нық дәлелдеді. Ешкімге қарсы емес, бірақ барлығымен тең дәрежелі ынтымақтастық орнатуға негізделген саясат – қазіргі қазақ дипломатиясының тірегі.
Вашингтондағы кездесу нәтижесінде жасалған келісімдер – жай қағаз емес. Бұл – Қазақстанның әлемдік экономикалық жүйедегі орнын нығайтатын нақты жобалар. Энергетика, жасанды интеллект, көлік, қаржы және білім салаларындағы бастамалар елдің инновациялық болашағын айқындайды.
Қорытындылай айтқанда, Ақ үйдегі тарихи жүздесу – бір сапардың нәтижесі емес, көпвекторлы саясаттың жемісі. Тоқаевтың Вашингтон сапары Қазақстанды жаңа геосаяси кеңістікке шығарды. Ал Трамптың сөзімен айтқанда, «табиғи байлыққа ғана емес, парасатты көшбасшыға ие елдің» болашағы жарқын. Бұл жолы Ақ үйде айтылған сөздер мен бекітілген құжаттар – тарихтың жаңа бетін ашты. Сол бетте Қазақстанның аты айқын жазылған.
Abai.kz