«ХАЛЫҚ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ»
Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына арналған «Туған өңір – тұнған сыр» атты салтанатты іс-шара өтті. Солтүстікқазақстандықтарды мерейтоймен құттықтаған өңір басшысы Ерік Сұлтанов Қазақстан Республикасының 25 жылдығымен қатар келген мейрамның маңызы зор екенін атап өтті.
«80 жылдың ішінде облыс тарихында талай-талай оқиғалар бастан өтті. Қасіретке толы 30-шы, от-жалынды 40-жылдар, атақты тың эпопеясы, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, осының бәрі облыс тарихының ұмытылмайтын белестері. Солтүстік Қазақстан – артына өлмес мұра қалдырған Қожаберген жырау, Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұмабаев, Иван Шухов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Герольд Бельгердің туған жері. Біз Евней Бөкетов, Мақтай Сағдиев, Бәйкен Әшімов, Ермек Серкебаев, Владимир Шаталов, Александр Викторенко сынды тұлғалардың жерлесі екенімізді мақтан етеміз», - деді облыс басшысы.
Ерік Сұлтанов солтүстікқазақстандықтардың екінші дүниежүзілік соғыс пен 40-жылдардағы өнеркәсіптің дамуы, Тың игеру жылдарындағы өңірді дамыту жолында еңбек еткен қоғам және мемлекет қайраткерлерінің еңбегіне жеке тоқталды.
«Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан қуатты облыстардың қатарында. Өңіріміз мерейтойын жақсы нәтижелермен қарсы алып отыр.
Біздің өңір мемлекет аумағының 4 пайызын ғана алып жатса да, республикадағы жоғары сапалы астықтың үштен бірін өндіреді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өңірімізге жұмыс сапары кезінде: «Солтүстік Қазақстан — астық өндірудің үздік өңірі», - деген болатын. Осы жылы солтүстікқазақстандық шаруалар рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, гектарына өнімділігі 18 центнер болатын 5 миллион 768 мың тонна астық жинады», - деді Ерік Сұлтанов.
Облыс әкімі 2016 жылы орақ науқанында үздік нәтиже көрсеткен комбайншылар есімін атады. Олардың қатарында «Тайынша-Астық» ЖШС комбайншысы Николай Фесюн 5570 тонна, «Атамекен-Агро» ЖШС қызметкері Берік Даиров (Жамбыл ауданы) 4351 тонна астық бастырған.
«Облыстың индустриалды кешенінде де дамудың оң көрсеткіші байқалады. Солтүстiк Қазақстан облысы инвестиция тартуға қолайлы өңiр. Бiздiң облыста ауыл шаруашылығы кешендерi мен сауда саласы жақсы дамыған. Өңiрде әлеуметтiк, қаржылық-экономикалық, құқықтық салада инвесторлар үшiн қолайлы жағдай жасалды.
Солтүстік Қазақстан облысының ең басты байлығы – халық. Біздің мәдениет, өнер, спорт, білім беру, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және өзге де салалар бойынша мақтан ететін жерлестеріміз жеткілікті. Олардың есімдері мен ерліктері Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылған», - деп атап өтті облыс әкімі.
Әр саланың жетістіктеріне жеке тоқталған өңір басшысы Ерік Сұлтанов өнеркәсіп, құрылыс, білім беру, медицина, мәдениет, спорт саласының озаттары мен өндіріс жаңашылдарын, сондай-ақ өңірдің үздік еңбек әулеттерінің есімдерін атап өтті.
«Өңір тарихы өте бай. Бір шаңырақ астында 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері береке мен бірлікте, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Облыс жетістіктерінің басты негізі – солтүстікқазақстандықтардың еңбексүйгіштігі мен туған өлкесіне деген махаббат, жауапкершілік сезімдерінде», - деді Ерік Сұлтанов.
Облыс әкімі өңір дамуына үлес қосқан ардагерлерге және бүгінгі таңда бұл мақсатта табысты еңбек етіп жүрген қызметкерлерге алғысы мен ризашылығын білдірді.
«Даласы дәнге толы, береке мен бірлігі ұйыған Солтүстік Қазақстан облысы алдағы уақытта да тәуелсіз еліміздің одан әрі дамуына зор үлес қоса беретіндігіне сенімдімін.
Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін! Елімізбен бірге өңіріміз қарқынды дамып, жетістіктерге жете берсін!», - деді өңір басшысы құттықтау сөзінін соңында.
Ерік Сұлтанов ұзақ жылғы адал еңбегі, облысты әлеуметтік - экономикалық және мәдени дамытуға қосқан зор үлесі үшін 47 солтүстікқазақстандыққа Құрмет грамотасын, тағы 24-не алғыс хаттар табыстады.
Сондай-ақ, ҚР еңбек сіңірген энергетигі, Петропавл қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Александр Липовой, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры Жарасбай Сүлейменов және М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Татьяна Александрова құттықтау тілектерін жеткізді.
Мерейтолық іс-шара Солтүстік Қазақстан облысының шығармашылық ұжымдары даярлаған концерттік бағдарламаға жалғасты.
Ілияс Ақбай
Abai.kz