Талғат Аянов: Мен шақырмасам, митингке ешкім келмеуші еді
Атырау қаласында Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша басты сот отырысы әлі жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта іске қатысы бар куәгерлерден жауап алынып, оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.
Бүгінгі отырыста митингке қатысқан Т.Аяновтың сыныптасы Жеңіс Нұрпейісов куәлік етті. Куәгердің айтуынша, оған Аяновтан WhatsApp арқылы митинг туралы хабарлама мен бейнеролик келген. Дәлірек айтсақ, митингке шақырған ұраны бар 3 сурет пен 2 бейнеролик түскен. Хабарламада «Атыраулықтар, митингке келіңдер. Үкімет 1 шілдеден бастап Қытайға 1 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін 25 жылға жалға бермекші. Барлығымыз жиналып, бұған қарсы тұруға уақыт келді. Әйтпесе, кеш болып кетеді, жерімізден айырылып, құлға айналамыз. Ал өздеріңе және балаларыңа қытай тілін оқуға тура келеді...» делінген. Хабарлама соңында бұл ақпаратты WhatsApp, Facebook, ВК желілеріне таратыңыздар деп айтылған. Сондай-ақ, Аянов 21 мамырда Исатай-Махамбет алаңында митинг өтеді деген хабарлама жіберген.
Сот отырысында Талғат Аянов осындай хабарламаларды жібергенін мойындады. «Мен адамдарды шақырмасам, митингке ешкім келмеуші еді. Мен оларды шақырдым, оны мойындаймын», - деді Аянов.
Ал М.Боқаевпен және Т.Аяновпен әлеуметтік желіде дос болған куәгер Темірғали Жұмашев митингке қатыспаса да, сол туралы ақпаратпен, бейнероликтермен танысып, таратқанын айтты. Куәгердің мәліметінше, ол видео арқылы Боқаев пен Аяновтың митингке қатысқанын және сөз сөйлегенін көрген. Куәгер, сондай-ақ, өзінің тұрақты түрде мемлекеттік саясатқа қарсы мәліметтермен, жер мәселесіне қатысты материалдармен бөлісіп отырғанын жасырмады.
Еске сала кетсек, М.Боқаев пен Т.Аяновқа ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айыптар тағылуда. Атап айтсақ, олар: 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйымдастыру, өткізу және оған қатысу.
К. Жарбосынов