БАЙҚОҢЫРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН РФ БАҚЫЛАЙТЫН БОЛДЫ
Байқоңыр ғарыш айлағының қауіпсіздігін енді РФ Қарулы күштері қорғайтын болды. Бұл туралы ресейлік «РИА Новости» агенттігі сүйінші сұрап, жазды.
Ресей Федерациясы Ұлттық гвардиясының орталық округі баспасөзінің мәліметтеріне сүйенсек, Ресей ҚК сарбаздары Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағының қауіпсіздігін күзетеді-мыс.
Генерал-лейтенант Певел Дашков бастаған РФ ҚК Ұлттық гвардиясының Мәскеу облысы бойынша орталық округінің бір топ офицерлері Қазақстанға арнайы келіп, Байқоңыр ғарыш айлағында болған. Сөйтіп, Ресейден келген офицерлер мен Байқоңыр басшылығы ғарыш айлағының территориясына арнайы мақсаттағы әуе күштері жасағын кіргізу мәселелерін талқылаған.
Бұл шешім нысанның Ресей ұлттық гвардиясы Орталық округы құрамына енуіне байланысты қабылданған.
«Генерал-лейтенант П.Дашков пен Николай Авдеев алдағы уақытта Байқоңыр қаласы басшылығымен ақылдаса отырып, құқық қорғау органдары мен РФ ҚК Ұлттық гвардиясы әскерилері қаладағы және ғарыш айлағындағы қауіпсіздікті қорғауды жүзеге асыруды жоспарлап отыр»,-дейді хабарламада.
Солтүстіктегі көршілеріміздің еліміздің солтүстік өңіріне көзі түсіп жүргені белгілі. Ал Байқоңырды болмашы тиын-тебенге жалдап отыр. Көңілімізді күпті ететін жалқы сұрағымыз мынау: Қорғануға тиісті обьектіден қауіпсіздігімізді қорғауды сұрағанымыз қалай?
2015-2016 жылдар арасында ескі үкімет Байқоңырдың тағдырын табанға басқандай тоз-тозын шығарды. Естеріңізге түсіре кетейік:
.Экс-вице министр Владимир Божко «Протон» апатынан Байқоңыр халқының ешқандай зардап шекпегенін айтты.
·Инвестиция және даму министрлігі Қостанай облысы мен Ақтөбе облысынан зымыран қалдықтарын құлатуға 63 мың гектар жер беретін болды.
·Біздің Байқоңырдан біздің ғарышкеріміз Айдын Айымбетовты ғарышқа ұшырдық. Ол үшін 20 миллиард тағы бердік, Ресейге.
·10 млн. гектарға тең Қазақ жерін сынақ алаңына айналдырғаны үшін ресейліктер елімізге небары 27 млн. доллар төлейді деген. Рас ол да төленбеді.
·32 мәрте «Протон» зымыранын құлады.
Ертең алағай да бұлағай кезең туа қалса, Путин мырзаның пиғылы ауысып, орыстілді тұрғындардың құқығы дегенді желеу етіп, басып кіруі де ғажап емес. Ондай жағдайда қазіргі жарылқап берген қарулары мен әскері қазақтың өзіне қарсы бағытталмасына ешкім кепіл бола алмайды. Бұған қоса, Қазақстан аумағындағы Ресейге жалға берілген аймақтардың мәселесі тұр. Бұл тек Байқоңыр қаласына қатысты емес, Байқоңырдан өзге Қазақстанда 11 миллион гектар жер Ресейдің әскери полигонына айналып отыр. Осы полигондарды жабу мәселесіне келгенде билік басындағы бишіктер бейтараптық танытып отырғаны туралы осыған дейін де жаздық. Біздің биліктің Байқоңырға бейтарап қарайтыны белгілі. Ары айт та, бері айт, енді Байқоңыр тыныштығын РФ Қарулы күштері қорғайды екен.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz