ОҚО-да кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту жайы қаралды
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен селекторлық жиын өтті. Мәжіліске облыстық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты.
Жиын барысында өңіріміздегі индустриалды аймақтардың мәселелері мен 2016 жылға арналған негізгі капиталға бағытталған инвестиция көрсеткішінің орындалу барысы және жылыжай шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды.
Облыс әкімі экономиканың қарқынын сақтап, сол арқылы тұрғындардың әл-ауқатын әлсіретпеуді яғни, аймақта жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықтың көбеюіне жол бермеуді баса айтты.
Сонымен бірге, аудан, қала әкімдіктерімен болған тікелей байланыста әкім индустриялық аймақ, жылыжай және инвестиция салаларына әлі де көп көңіл бөлу керектігін айтты. Жалпы, облыстағы индустриялық аймақтарда 83 жобаны жүзеге асыру көзделсе, бүгінге дейін соның 42-і ғана орындалған. Ал, экономикаға инвестиция тарту өткен жылға қарағанда 40 миллиард теңгеге кеміген. Жері шұрайлы, ауа райы қолайлы өңірдегі жылыжай өндірісінде ілгерілеу аз.
Өз кезегінде аймақ басшысы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбековтың есебін тыңдады. Ж.Түймебаев жылыжай өндірісіне, әсіресе өнеркәсіптік жылыжайларға ерекше маңыз беру керектігін ескертті. Сондай-ақ, әкім Өзбекстан мен Қытайдың өніміне тәуелді болмай, Оңтүстіктегі жылыжайдың отаны саналатын - Сарыағаштан бөлек, барлық аудан, қалаларда жылыжай өндірісіне жете мән беру керектігіне тоқталды.
Abai.kz