Созақта жыл басынан бері 600-ден астам бала балабақшамен қамтылды
Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданына қарасты Жуантөбе ауыл округінде 50 орындық «Алуа» балабақшасы ашылып, ел игілігіне берілді.
Бұл туралы «Абай ақпарат» порталы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Бұл осы жылы пайдалануға берілген 7-ші бөбекжай. Осылайша Оңтүстікте «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған балабақшаларда 660 бала балабақшамен қамтылып отыр. Соның нәтижесінде ауданда бағдарламаның орындалуы 84,5 пайызды құрады.
Жуантөбе ауылы тұрғындарының қуанышымен бөлісе келген Созақ ауданы әкімі М.Исеав балалар тәрбиесі әрқашан басты назарда екеніне тоқталып, бүгінгі ұрпақ - еліміздің ертеңі екенін айтты. Сондай-ақ, ол аталған нысан кәсіпкердің жеке иелігінде болса да, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтінін жеткізді.
Елу бала тәрбиелетін мектепке дейінгі білім беру ұйымында жергілікті 10 адам жұмыспен қамтылып отыр. Соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған балабақшада, екі жатын бөлме, асхана, демалыс бөлмесі, медбике бөлмесі бар.
Айта кетейік, Созақта жыл соңына дейін «Балапан» бағдарламасы аясында тағы 5 балабақша ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.
Abai.kz