Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Алашорда 8427 0 пікір 31 Қазан, 2016 сағат 13:05

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «АЛАШҚА!» (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың (суретте) «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

 

Алты Алашқа аян, 1916 жылғы 25-июнь жарлығы әлегiнен Жетiсу облысындағы қырғыз-қазақтың басына қиямет-қайым күндер туды. “Жiгiт бермеймiз” деп қарсылық қылғаны үшiн оққа ұшып, қаншасы өз жерiнде бiр қырғын көрдi. Басшы адамдары дарға асылды. Рақымсыз хүкметтiң қарулы әскерiне қарсы тұра алмай көбi Қытай жерiне босты. Мал-мүлкiнiң көбi орыс әскерiнiң қолына олжаға түстi. Көршi мұжықтар жау болып, тал түсте таланды: өлтiрдi, адамын байлап, малын айдап алды. Босқанда айдап көшкен мал-мүлiктен жолшыбай айырылды.

Жаяу-жалпы, үйсiз-күйсiз Қытай жерiне жеткенде қар жауды, қыс түстi. Онда жанашыр жақын таба алмай жанталасты. Аштан өлiп бара жатқан соң қалмақ қытайға бала-шағаларын сата бастады. Адам базары ашылып, баланың құны бiр шелек бидайға шықты. Бойжеткен қыздарын, жас келiншектерiн қаны қара қалмақтар қатынданып кеттi. Аш-жалаңаш, ауызына не түссе соны жеп, қайда болса сонда жатып, неше түрлi дертке ұшырап тағы қырылды. Бақытсыз сорлылардың мұңзарын, көз жасын естiр құлақ, көрер көз болмады. Туған жер, өскен ел, кешегi бастан кешкен қызық дәурен көздерiнен бiр-бiр ұшты. Мыңдап айдап, жүздеп сапырып шалқыған байлар бiр үзiм нанға зар болды. Әлпештеп өсiрген балалары телмiрiп көрiнгеннiң көзiне қарап, мойнына дорба салып қайыршы болып кеттi. Бай-кедей, жас – кәрi, жақсы – жаманның айырмасы бiтiп, бәрi бiрдей сорлы болды. Бәрi бiрдей мұңды болды. Атадан – ұл, анадан – қыз, жардан – жар айырылды. Жүрек – қанға, көз-жасқа толды.

Жетiм-жесiр ботадай боздады.

Жұрттықтан, тiршiлiктен күдер үзiп, Бұл опасыз дүниеге қош айтысуға таянып тұрғында бостандық туды. Бұл хабарды естiгенде жүректерi жарылғандай куанып, аh дүние, тым болмаса елге жетiп, Алаштың ортасында өлсек, арман бар ма-деп қайта шұбыра бастады.

Тағы аштық, тағы жалаңаштық, тағы өлiм... Әлi жоқ, дымы құрыған сорлылар жаяулап қозы көш жерге жүруге жарамай, кез-келген жерде жығылды жығылғаны тұрған жоқ, өлгенi тiрiлген жоқ...

Басы қасында болмаған, көздерiңмен көрмеген алаштың балалары, бiр минут көздерiңдi жұмып, қиялға салып қараңдар, сонда көргендей боласыңдар: бiреу тәлтiректеп аяғын баса алмай жығылып жатқан, бiреу аштықтан iсiнiп, қандай күнә, сұмдығымыздан мұндай күйге ұшыраттың құдай! -дегендей қимылдауға шамасы келмей көлге қарап жатқанын, жолдың бiр шетiнде өлiп, өлгенiне рақаттанғандай, мәңгiлiк ұйқыға кеткен шалды көресiң. Жас баласын бауырына қысып, құшақтаған күйiнде өлген қатынды көресiң. Бұлардың мұндай халiне қайғырар ешкiм жоқ, тек қуаныш пен ас пен тойға жиылғандай топ-топ қарға-құзғын, ит-құс өлгендердiң көзiн шоқып, етiн жеп, сүйегiн кемiрiп жатқанын көресiң. Бұл өлiктер құдайдың кең даласын сасытқан. Ық жағынан жан жүрерлiк емес, мұның иiсiн өзiң иiскегендей боларсың...

Мұның бәрi ертегi емес, болған iс! Кеудеде шыбын жаны қалғандары елiне жеттi. Бұлар не көрдi? Қора-қопсы ойран болған, қоймалары таланған, малдан адал қара қалмаған, жерiне егiн шықпаған, егiн салар жан қалмаған. Аяқ жетер жерде азық жоқ, азықты жерге жетер көлiк жоқ, көлiк болса – азық жоқ, қалың алаш алыста, қаны басқадан қайыр жоқ.

Тағы дағдарыс, ашаршылық, тағы өлiм...

Бостандық туды, жадырап жаз шықты, күркiреп күн шықты, бiрақ ол бишаралардың басынан қара тұман серпiлмедi, ғазiрейiл қылышын қынабына салмады. Басы аман, малы түгел ағайын жеткiлiктi жәрдем бере алмады. Әрi-берден соң жұрт олардың халiн ұмытуға айналды.

Қазақ-қырғыз қырылып жатыр екен табиғат өзгермедi, тағы да қыс туды. Бишаралардың халi бұрынғыдан мың есе жаманға айналды. Бiр жылдың iшiнде өлгенi жүз мыңнан асты. Ендi Бұл талайын өлтiрген шығар. Қанша өлгенiн ақ кебiндей қар жасырып жатқан шығар. Мiне, қар кетiп, жаз шығуға айналды. Құзғын, қарға той қылар, ауа сасыр... Бiрақ адам баласы жан себiл екен: әлi өлiп бiткен жоқ көрiнедi, тiрiлерiне тамақ та табылып қалды дегендi естiп отырмыз: тiрiлерi өлгендерiнiң етiн жеп жатыр дейдi. Бұған Алаш, иә қуанарсың, иә жыларсың, өзiң бiл. Жыласаң – ағайындығың. Бiрақ сенiң көз жасын ашқа – тамақ, жалаңашқа – киiм болмайды. Көз жасы көмекке жарайтын болса, өзгеден кенде болса да, олар көздiң жасынан көңiлдiң қайғысынан кенде емес едi. Ағайынға, алаш, шын жаның ашыса, шын жыласың – көмегiңдi көрсет, жылуыңды бер. Жайшылықтағы қайыршыға беретiн тиыныңды берме, рулы елiң өлiмнен қалғандай жылуыңды бер.

Жоғарыда айтылған оқиғаны Жетiсудың қазақ қырғызы басынан кешiп отыр. Ендi Бұл күнде Жетiсуға көршi Сырдария облысының қазағы ашаршылыққа, қырғынға ұшырай бастады. Бұл елде жаз егiн, шөп шықпай, қысқа қарсы малдары жұтап, шеттен астық келмей, келтiруге шамасы келмей, жетiсудай болмаса да бастарына қараңғы күн туды. Шет жағасы бөтен елдерге ауып, бұлардың да адамдары сатылып, берекесi, елдiгi кетуге айналды.

Осы екi облыстағы аш, жалаңаш қазақ-қырғыз бауырларға жұрттан жеткiлiктi жылу жинап, рулы елiмiздi өлiмнен аман сақтап қалу мақсатымен Семей облысының “Алаш” қаласында қазақ комитетi hәм жастардың “Жанар” атты ұйымы басшылық етiп қауым жасады. 5 мартта қауым ортасынан iс басқаратын 5 кiсiлiк комитет сайлап шығарды. Қауымның бастығы Әлихан Бөкейханов, жәй бастығы Мұқаш Поштайұлы болды.

Комитет председателi – Міржақып Дулатұлы, орынбасары – Жүсіпбек Аймауытұлы, хатшысы – Мұхтар Әуезұлы, қазынашы – Абдолла Есiркепұлы, тағы бiр мүшесi Абдолла Қоскейұлы. Мәжiлiсте 7 мың сомдай жылу жиылды. Комитет қазiр iске кiрiстi.

Саналы Алаш!

Мына екi облыстағы бауырларымыздың жайы жоғарыда айтылды, бiз жұрт боламыз, өзi тiзгiнiмiздi өзiмiз аламыз деп отырмыз: жұртымыздың бiр жағы мынадай жоғалғалы тұрғанда кiммен жұрт боламыз?! Кеше бiр облысымыз ойран болса, бүгiн екiншi облысымыз мынадай апатқа ұшырап тұрса, ертең үшiншi, арғы күнi төртiншi облысымыздың басына, сүйте-сүйте бәрiмiздiң басымызға мұндай халдiң келмесiне қандай көзiмiз жетедi?!

Тұтанған өрттi мезгiлiнде сөндiрмесек, ол өртке ертең бәрiмiз де шалынбаймыз ба? Шарпылмаймыз ба? Сонда бiздi кiм жұрт қылады! Онда бiз жұрт болмаймыз, жоғаламыз.

Мейiрлен Алаш!

Рулы елiң қан жұтып тұрғанда сен май жұтпа!

Ата-аналар! Сендер балаларыңды еркелетiп маңдайынан сипап, күнге, желге қақтырылмай отырғанда өздерiңдей адамдардың балалары сатылып, көздерiне шыбын үймелеп, жетiмдiкте жүргенiн, бiр түйiр тамаққа, бiр жұтым сусынға зар болып, жылап отырғанын ойлаңдар! Сендердiң қатын-қыздарың алтын-күмiске малынып, бойларын түзеп жылы үй, жайлы төсекте отырғанда, олардың қатын, қыздары күңдiкте, аш-жалаңаш абұйырын жаба алмай отырғанын ойлаңдар!

Атқа мiнген азамат! Сендерге ел керек, жұрт керек болса басшылық қылып, Алашты аман сақтау қамына кiрiсiңдер!

– Намыстан, Алаш!

– Жiгерлен, Алаш!

– Тас бауыр болма, Алаш!

                                  Мадияр”.

Осы бiр қилы заманда Мұхтар дүние тарихына жүгiнiп, өз ұлтының мұндай ауыр халге түскен себебiн iздейдi. “Адам баласының тұрмысы тарих тезiне iлiнгеннен берi қарай дүние майданына талай жұрт келiп көрнектi орын алып, азды-көптi өмiр сүрiп, артынан iрiген қаудай таусылып келiп, заман тұманында қарасы өштi. Сол жұрттың тарихын алсақ, әрқайсысының бастарынан кешiрген әр түрлi дәуiрлер бар. Бiр дәуiр: өзгеден шоқтығы асып, iсi өркендеп, “тасы өрге домалаған” кез. Бұл уақыттың адамы өмiрдiң қуанышы, көрiктi жағын көп көрiп, күлiп туып, күлiп өткенге ұқсайды. Бұдан соңғы бiр дәуiр: елдiң шебi жарылып, iрге ыдырап, “ерi мойнына кетiп” жұрттығымен қоштасуға айналған кезi. Бұл уақыттың адамы жан ашыр жақыны жоқ, жетiм қалған жас баладай, тiрлiгiнде баға жоқ, азып туған, жылап туып, жылап өткенге ұқсайды”,- деп толғанады Мұхтар. Сонда өксiп туған ұрпаққа кiмдi жатқызды? Егер де ашығын айтсақ, дәл сол тұста Мұхтар өзiн соңғылардың қатарына жатқызып: “тұяқ серпер” құрбандық ретiнде бағалаған жас алаштар едi. Iлгерiдегi ағаларының көкiрегi де шерге толып, шерменде күй кешкен алмағайып дәуiр едi. Сондай қысылтаяң заманның аңғарында салынды боп суға кетпей, жағаласып жағаға шығып, халқын құтқарып қалғысы келедi. Сабылысқан ойдың, сарсаңға түскен сананың ащы запыраны ащы сөз айтқызады: “Әр адамның туып-өскен елi, жасынан жаттап өскен ғадетi, нанымы, тұрмыс қалпы сол адамның ақыл, мiнезiне iз қалдырмай тұрмайды. Бұл қалдырған iз көңiлге кiрiп, ерiктi билеп әр адамға өзiнiң елiң сүйгiзiп, елдiгiн iздетедi. Елдiкке келген қауiпке оқыған, оқымаған бiрдей күйiнiп қарсысына бiрдей шығады. Елдiгi аман қалуы үшiн екiнiң бiрi бейнетке, өлiмге иә басқа түрлi қазаға шыдап кететiнiн тарих жүзiнен көрiп отырмыз. Ерте заманнан болып келе жатқан бес-он, жиырма-отыз жылдық соғыстардың бәрiнде болатын екi-ақ түрлi мақсат бар. Бiр мақсат – жұртты жем қылу, екiншiсi – елдiктен айырылмау, өзгеге айырылмау, өзгеге жем болмау”.

Жас алаштар екiншi жолды таңдады және араларында ел үшiн жанын қиған алғашқы құрбандық та шықты. Өспiрiм кезiнен қанаттас, бiр жатақта жатып, жан сырын, арман – мүддесiн бөлiскен, елдiктiң жолын бiрiгiп, iздеген құрбысы Қази арандатудың кесiрiнен оққа ұшты. “Абай” журналында бұл туралы үлкен қазалы сөз айтылып, оның жаназасын Шәкерім шығарды. Алаш ұландарының қабырғасын сөккен бұл қаза олардың кейiн көретiн құқайларының басы едi. Сол атылған оқ кейiн Жүсіпбектiң, Халелдiң маңдайына қадалды. Қази Алаш әскерiн жауынгерлiк тәртiпке үйретiп жатқан кезiнде солдаттар атқан. Ел арасындағы сөз бойынша. Бұлар ақтар емес, солардың киiмiн киген қызылдар едi, арандату үшiн қасақана iстеген деген жорамал бар. Кiм бiлсiн, қайсысы дұрыс екенiн, әйтеуiр бұл екi әскер де дәл сол уақытта қазақтың мүддесiн көздемегенi анық. Олардың өз әуресi өзiнде едi.

“Өлiп таусылу қаупi” атты мақаласында қазақ халның басына төнген қара бұлтты, отаршылдықтың аярлығын барынша әшкерелеп, айдаhардың аузынан қалай құтылудың жолын қарастырады. “Соғыс деген нәрсе – адам баласының жыртқыштық құлқына айғақ болған бiр iс. Соғысып жеңiп алған жұртына жеңген жуан ел не iстемейдi? Бұған ескiден келе жатқан даңғыл жол, жеңiлген елдi өз бетiндегi жұрттық қалпынан айырып, өн бойына сiңiрiп бөтен ниет ойлатпай, бөтен тiлеу тiлетпейдi. Алдымен торыған елдiң дiнiн қақпайға алады, бұдан соң ғұрып-әдетiн араластырады, артынан аламыштап жүрiп тiлiн жоғалтып, елдiң белгiсiн күнгiрттендiрiп ақырында бiр ұлтты жұтып кете барады. Әрине, бұған бұл айтылғандай болып жұтылып кететiн қандай ел – мәдениетi төмен болған ел ғана...”

Ар жағын талдамасаңда болады. Кiмдi, қай халықты, неге айтып отыр? Сол кезде Мұхтар айтқан “өлiп таусылу қаупiн” қазақ халқы бүгiнгi “социалистiк қоғамның арқасында” басынан кешiп, соған рахметiн айтып та, сол айтқанынан қайтып та үлгердi. “Сiбiрдiң бiрнеше облысында шет жағасы бiлiнген оба ауруы да қазаққа өзгеше қауiптi. Бұл ауру қазiргi суықпен жоғалған сияқтанып отыр, бiрақ оба ауруында көп болған дәрiгерлердiң тәжiрибесiне қарағанда, бұл биыл ұрығын ғана көмдi, жемiсi ендiгi жылы, одан арғы жылдары қызса керек. Бұл қонақтың қазақтан алатын бұйымтайы қандайлық болады, оны уақыт көрсетер”-деген қаупi де дәл келдi. Оба мен сүзек қазақ даласынан мыңдаған адамдардың жанымен қоса, Абайдың әйелi – Әйгерiмнiң және Мұхтардың атасы Әуездiң де “өмiрiн бұйымтайға” алып кеттi. Бұл жылдар туралы Мұхтар:

“Арасында ауырып, оқуды бiрлi-жарымды тоқтатып, доғарып қойып жүрiп, семинарияны 1919 жылы шалашарпы бiтiрдiм. Бұл кездерде февраль төңкерiсi болған. 19-жылдың аяғында кеңес өзгерiсi болды, әлеумет қызметiне араласып кеттiк. Содан кейiнгi баспа сөзiне толығырақ араласқаным 1918 жылы “Абай” журналының шығуымен байланысты. Ондағы сөздер сырлы әдебиет емес, жалпы мақалалар, балалықтың, жастықтың әр сайға басын соққан сандалысы, далбасалығы сияқты”,- деп жазды.

Әрине, “Қилы заман” сияқты шығарманы жазған соң жоғарыдағы мақалалалрдың өзiне ермек сияқты көрiнуi мүмкiн. Бiрақ “Абай” журналы ол үшiн шыңдалу мектебi болды. Жаңа басылымның негiзгi мақсаты ел тарихы, әдебиет-мәдениетi, өнер-бiлiмi туралы мағлұмат берiп, өзге жұрттың үлгiлi iстерiн, жетiстiктерiн таныстыру. Журналдың 13 саны жарық көрдi. “Абайдың” алғашқы саны ақпанда 900 оқырманның қолына тидi. Онда өзге ағымдық мақалалармен Лев Толстойдың “Будда”атты әңгiмесi басылды. Тәржiмалаған – Мұхтар Әуезов. Бұл – кездейсоқ көрiнiс емес. Журнал бағыты ғалам ғылымын қалың қауымға неғұрлым кең түсiндiру болғандықтанда, танымдық тағылымы бар дүниелердi iрiктеп басқан. Философиядағы үлкен ағымның бiрi – буддизмнiң шығу тегiн баяндайтын Толстойдың дәл осы шығармасын аударуы да сондықтан. Келесi жарияланған санында, Мұхтардың “Философия жайынан” атты ғылыми мақаласы алдыңғы тақырыптың заңды жалғасы. Мұнда философияның мән-мағынасы, даму тарихы, философия мен дiннiң ара қатынасы, таным мен болмыс, одан өзектесе тарайтын “психология” , “логика”, “гнесология”, “метафизика”, “антология”, “рациональная теология”, “рациональная космология”,“рациональная психология”, “жаратылыс ғылымы” хақында түсiнiктер берiлiп, Аристотельден бастап әр дәуiрде философиялық ағымдарға мұрындық болған Фалес, Декарт, Бекон, Кант теориялары талданды. Мұхтардың пiкiрлерiнiң қысқаша түйiндерi мыналар:

Философия – кең ақыл, терең қиял шығарған адамның жанын тәрбиелейтiн ғылым... Философияның құралы – толғаулы терең ой. Iздейтiнi – бүткiл дүниенiң ең әуелгi сыры, негiзгi хақиқаты... Философияның кiрiсетiн жерi – қолға ұстатып, көзге көрсетерлiк дәләлдер табылмайтын, таза ақыл шешетiн сауалдар. Философия адамның басынан шыққан бар ғылымның тамырын бiр арнаға жиып, сол шығарған қорытындысын адамның ақылына, жанына азық қылып бередi... Адамның өмiрiн көкiрегiндегi ақылдың идеясы билейдi.

Ақылдың жолы билейтiн болса, ол идеяны философия билейдi. Осымен адам баласының ақыл жолындағы тарихиятын философия билейдi... Философия шыннан шыңды туғызып, hаман iзденiстiң жолында әуелгi ашпақ сыры – дүниенiң ең жоғарғы негiзiн таппақ, қайдан жаралғанын шешпек, адамның дүниеге келген мақсатын тексермек... Философияның тарихын тексерушiлер бұл уақытты үлкен адым iстеуiнiң алдындағы мезгiлi деп есептейдi. Мұның анығын келешек заман көрсетер...

Философия – адамгершiлiк жолындағы қараңғы қалтарыстарда қолға ұстайтын шамшырақ. Адам баласы жан жемiсiн татпай өмiрдiң терең мағына, шын мақсатына жете алмайды... Адамның жүрегiне бақыт, махаббат ұрығын орната алатын да көкiрекке сiңген сол тұлғалы ой...”

Бұл жолдардың авторы осыдан жарты жыл бұрын “ел ағаларынан” жүрексiнiп, именiп сөйлейтiн ұялшақ шәкiрт емес, кәдiмгi кесек пiкiрлi, “дүниеауи ғылымының” тамырын басып, еркiн тұжырым жасайтын ой иесi. Философияның арғы-бергi тарихын қамтып, тегiн тектеп, ертеңiн болжайтын, өзгелермен терезесi тең парасатты ғалым. Сөз қолданысы да ширақ, ойын анық әрi қаңық жеткiзедi. “Қайсысын қолданамыз” атты алғашқы мақалаларының бiрiнде оқулықтардың бағдарламасын қай үлгiде пайдаланамыз, әйтеуiр, бiр жағына шыққан жөн деп, қорғанашақтай айтса, журналдың № 7 санындағы “Ғылым тiлi” деген еңбегiнде, сол мәселеге қайта оралып, бұл жолы төрелiк берiп, пiкiрiн шешушi тұжырым ретiнде ұсынады. Бұлтартпай дәлелдейдi. Ең дiлгiр мәселенiң шұғыл шешiлуiн талап етедi.

“Егер де бүгiнгi жол, бүгiнгi еңбек мәңгiлiк дейтiн болсақ, ғылым тiлi, аса қарауды көтермейтiн мәселе... Қазақ мәдениетiн түрiк үлгiсiне қарай тарта беретiн мұғалiмдердiң тұтынатын негiзгi жолдары – “пантюркизм”, “панисламизм”... Осы күнде көзiн жұмып, аузын ашып, тәттi қиялды қорек қылған адам болмаса, ширақ ақылмен қараған кiсiге бұдан кейiнгi “пан”– “саясат хаосы екенi мәлiм болған... Егер де араб мәдениетi болған бiр заман бар. Бiрақ, ойлап қарасаңыздар, бiз осы күнде оқысақ, сол XIII, XIV, XV ғасырлардың ғылымын оқимыз деп отырамыз ба? Мәдениет “пан-тюркист” болып, сол арабта болған қалпын әлi күнге сақтап тұр ма?... Медицинаны,... Механиканы... Химияны... Политика – экономиканы... Кiм шығарды? Европа шығарды!

...Түрiктiң университеттерiндегi тiл, онан соң жайшылықтағы ғылым тiлдерi кiмдiкi? Түрiктiң бiрiншi университеттерiндегi басты тiлдер Англия, Франция, Германияныкi. Бұған бiз не айта аламыз?... Бұл күнге шейiн түрiктен бiлгiш шығып, оның тапқан нәрсесiн түрiк тiлiмен қолданып жүрген Европа жоқ... Қазақтың оқуын Европа жолына салғанмен – қазақ түрiктен алыстап кетiп; оқу үлгiсiн түрiктен алумен – түрiкпен туысып кете қоюына кiмнiң көзi жетедi?... Бұл мәселе турасында қарсы пiкiрде болған кiсiлер болса дәлелдерiн баяндаған жөн...”

Әр сөзi шегеленiп, ңақ айтылған. Өз тұспалының дұрыстығына сенген, көзi әбден жеткен адамның тұжырымы. Ондаған жылдар бойы даурықпаға ұшыраған мәдени-рухани өмiрге көп кесiрiн тигiзген мәселенiң соңғы нүктесiн қойған. Тарих та жиырма бiр жасар жiгiттiң дұрыстығын дәлелдеп шықты. “Абай” журналы “Алашорда” кеңесiнiң ұлттық дербестiк туралы құлшынысын жақтап, олардың әрбiр iсiн халыққа неғұрлым жылдам жеткiзуге тырысқан. 1918 жылы 2 көкек күнi “Алаштың” төрағасы Әлихан Бөкейханов пен “Алаштың” Семейдегi төрғасы Халел Ғаббасов және Әлiмхан Ермеков үшеуi Семейден тiкелей байланыс желiсi арқылы Мәскеуге шығып, В.И. Ленинмен, содан кейiн ұлт iстерi халық комиссары И. Сталинмен сөйлеседi. Қазақ автономиясы туралы мәселенi сұрайды. Лениннiң “Өмiрнамасында”: “Көкек айының 2. Ленин мен Сталин екеуi оларды тiкелей желi арқылы байланысқа шақырған “Алаш-орда” үкiметiнiң өкiлдерiмен, Ә.Бөкейхановпен, Х. Ғаббасовпен, Ә. Ермековпен сөйлестi”, -деп жазылған. Байқап қарасаңыз, “Алаш-орданы” (“Алаш” партиясымен шатыстырмау керек. Т. Ж.) Мәскеу үкiмет ретiнде мойындаған. Тарихшылар болса мұны жоққа шығарып, “Алаш” партиясының аясында түсiндiруге тырысады. Үкiмет пен партияның айырмасын түсiнетiн және түсiндiретiн кез жеткен сияқты. Бұл хабарды алғаш естiп және оны асыға күткендердiң бiрi – Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов едi. Олар iле “Абай” журналы арқылы исi Алаштан сүйiншi сұрап мұқабаға алақайлап хабар жазды.

“Қуаныш кұтты болсын! Журналымыз басылып қойғаннан кейiн мынадай қуаныш хабар алып, теңдiкке, билiкке сусаған Алаштың ауылын қуантқалы журналдың тысына осы хабарды асығып отырмыз. 20 март күнi (ескiше) Мәскеудегi Совет өкiметiнiң басшысы Ленин мен народный комиссар Сталиннен Бөкейханов, Ғаббасов атына телеграмма келдi. Мұндағы Халел, Әлiмхан прямой проводпен ауызба-ауыз Ленин мен Сталинге телеграммамен сөйлескендегi алған жауабы мынау:

“Әр халықтың өз билiгiн өзiне беремiз деп шашқан закон-жарлығымыз әлi со қалпында, айтқанымыз – айтқан. Сiздердiң өкiлдерiңiз бiзге әкелiп тапсырған жалпы қазақ съезiнiң қаулысын түгелiмен қабыл аламыз, жалғыз-ақ совет өкiметiн танысаңыздар. Ендi бiздiң билiк беремiз деген сөзiмiздi iске асыру керек. Ол жердегi тұрған әкiмшiлiкпен бiрiгiп съезд шақырып, автономияны жария қылу жолында болатын комиссия жасаңыздар. Қазақ сияқты түрi, iсi, ғұрпы, елi, жерi басқа жұрттың өз билiгiн өзi алуға ерiктi. Қазақтың қамқорлары тезiнен комиссиясын жасап, автономиясын жария қылуға асығар деп бiлемiз. Ендiгi бiр ниет, бiр тiлектегi адамдармен ақылдасып, байлаған сөздерiңiздi бiлдiрiңiз”-деп Ленин, Сталин қол қойған.

Ал, Алаш! Қабығың қатып, көңiлiң жабығып тұр едiң, iлгерi басқан аяғың кейiн кетуге таянып едi. Бодандық көлiне түсiп жоғала жаздап едiң... Құдай бердi, жарылқады. Ақ түйенiң қарны жарылды! Өмiрi, қазақ-қазақ болғалы көрмеген қуаныш басыңа келдi – көрдiң. Кеудесiнде жаны бар, денесiнде қазақтың қаны бар, жүрегiнде Алаштың намысы бар, ары бар, Алаштың баласы! Көтер басыңды! Қуанышың құтты болсын! Тойың тойға ұлассын! Тiрiл, Алаш! Сiлкiн, Алаш! Қуан, Алаш! Жаса, Алаш! 21 мартта Бөкейханов, Ғаббасов, Ермеков атына Мәскеуден тағы телеграмма алдық: “Халық комиссарларымен сөйлеп жатырмыз. Алаштың автономиясына қарсылығы жоқ. Бүгiн, ертең “Алашордамен” Сталин өзi сөйлеседi“,- дептi Жаhанша, Халел Досмұхамедовтер. Жоғарыдағы өкiлдер сабаздар екен.

Басқарма”.

Аласапыран зауал шақта, солтүстiктен Колчак пен Анненковтың iстiктi мылтығы төнiп тұрғанда Кеңес үкiметiн дәл осындай қуанып қарсы алған партия мен үкiмет ол кезде жоқ шығар, сiрә! Оқыған қазақ зиялыларын сырттай оқ ұшына байлаған “пикарьлардың” жанығуы тегiн емес едi. Оның қатырында қазақтардың дербестiгiне қарсы болған Каменский, Крестинский, Брюханов, Лежава сияқты (Ә. Ермековтың естелiгi бойынша) большевиктер де болды. Д. Фурмановтың “Бүлiншiлiк” романындағы қызыл әскерлердiң көтерiлiске шығуының өзi де сол дербестiк пен қазақтан әскер құруға қарсылықтан туғанын және кейiнiрек баяндалатын “Отаршыл коммунистердiң” ұстанған бағытын айтсақ та жеткiлiктi. Мiне, Мұхтар ел тағдыры шешiлген осындай iргелi iстiң басы-қасында жүрдi. Күйдi, жанды, қуанды, өкiндi. Өкiнiшке орай, кейiн Сталин осы уәдесiн ұмытып, iзiн жасыру үшiн “Алашорданың” барлық көсемдерiнiң көзiн жойды. Яғни, Лениннiң уәдесiне қиянат жасап, қазақ халқының мүддесiн сатып кеттi. Мұның аты – екiжүздiлiк едi. Алайда Сталин оны соңдай бiр әдемi сылтаумен бүркемелеп, сырт көзге сездiрмей мысықтың ептiлiгiмен жүзеге асырды.

“Алашорда” үкiметi алданды, бiрақ алданса да бiр күнде болса мұратына жеттi. Олардың жаппай большевиктер партиясына кiрiп, оған белсене еңбек етуiнiң мәнi де осында едi.

Бұл реттегi Мұхтар Әуезовтiң азаматтық, жазушылық позициясын, пiкiрлерiнiң маңыздылығын дәләлдеп жатудың қажеттi шамалы. Тек ескерте кететiн бiр жай; жас жазушының қалыптасуына шешушi ықпал етiп, өмiр мектебiндей көрiнген “Абай” журналы қазан айында қаржының жоқтығынан шықпай қалды. Бүкiл Қазақстандағы жалғыз журналдың тоқталуы барша жұртты алаңдатты. Шығарушылардың атынан “Сарыарқа” газетiнiң 1919 жылы 20 ақпандағы санында берiлген: “Абайды” тоғыз жүздей алушы бар. “Абай” бiр жола жабылған жоқ. Есебi бiткенше, жалпы жиылысы болғанша, тағы сол сияқты себептермен уақытша тоқтап тұр. Бастырушы уақ қарыз қоғамы, “Абайды” тоқтатпас, шығарар. Шығармаған күнде де “Абай” жабылмас. Жалғыз журналын жауып қойып, тыныш отыруға жастардың, талапты азаматтардың намасы, ұжданы жiбермес, қайтсе де шығарар деген үмiтiмiз күштi”- деп жауапты шығарушы Жүсіпбек Аймауытовтың атынан хабар берiлгенiне қарамастан қазақтың тұңғыш ғылыми-көпшiлiк журналы қайтiп қолға тимедi.

Елдiң рухани өмiрiндегi елеулi оқиға ретiнде бағаланған “Абай” журналының және Мұхтар шығармашылығының ашылуына жасаған мүмкiндiгiн, сондай-ақ, талант отының тұтану кезiндегi мақалаларының көпшiлiк арасындай қандай қоғамдық ой салып, пiкiр қалыптастырғанын сол дәуiрдiң бiлiмге сусаған жас талапкерлерiнiң төменгi естелiктерiнен аңық аңғарамыз.

Әлкей Марғұлан – ол уақытта гимназия оқушысы: “Мұхтардың атын көпшiлiкке әйгiлi еткен ең алдымен “Абай” журналы едi. Бұл журналды Мұхаңның ең алғашқы бет ашары деуге болады. Өйткенi, оны бiрiншi рет ұйымдастырып, оның негiзгi мақалаларын жазған көбiнесе Жүсіпбек пен Мұхтардың өзi болатын. Бұл алғашқы өрлеуiнде Мұхаң көбiнесе журналист, публицист, ойшыл, сыншыл, философ ретiнде көрiндi. Оны “Ғылым”, “Мәдениетке қай кәсiп жуық”, “Қазақ iшiндегi партия неден?”, “Философия жайынан” деген мақалалары ашық сипаттайды. Мұхаңның алғашқы ой толғауына көбiрек ойысуы оның бiр ғана өз басының ерекшелiгi деуге болмайды. Мұхаң оны өзiнiң туып-өскен жерiнен, Абай мұрасынан дәстүр етiп шыққан. Мен ең алғаш Шыңғыстауға барғанда (1924 ж.) Ол жердiң адамдарының жайкүйi маған өзге өңiрден бүтiндей басқаша көрiндi. Олардың үлкенi де, кiшiсi де ойға батқан тұңғиық, аса кiшiпейiл, лепiрiп-лағуды бiлмейдi. Сөздi әдеппен тосып сөйлейдi. Тыңдайтын адамдары кездескенде данышпан қариялар шалқыған ойларын тебiренте, салмақпен құйылтып ой қозғайтын толғаулармен, түйiндi термелермен адамды ерiксiз өзiне тартып, кейде сөз арасында атақты ойшылдардан мысал келтiрiп отыратын. Шыңғыстаудағы атақты серi, жас күнiн бiр ғана Абайдың мәжiлiсiнде өткiзген, кейiн Мұхтардың ауылындағы досы болған Өтекелдi (кәрi – Қара) бiр күнi әңгiмелесiп отырғанда:

– Абайдан бұрын бiз орыс халқының данышпан адамдарын тiптi бiлмеппiз ғой. Бiздiң көретiнiмiз көбiнесе қатал, алаяқ қу, рақымсыз адамдар болған соң, бәрi де солай ма де түсiнушi едiк. Толстой мен Салтыковтың, Добролюбовтың, Лермонтовтардың жазғандарын тыңдап отырсаң, әулиенiң сөзiмен бiрдей, олардың ойлауы да барлық адам баласына қарлығаштай достық iстеу екен, -дедi.

Шыңғыстаудың әншiлерiнiң өзi кей жердегiдей есер әншi көрiнбейдi, адамның жан күйiнен шығатын сұлу үндi ойға бөлеп, тамылжыған әдемi қоңыр дауыспен домбыраға қосылып ән мен философиялық ойларды айтып жеткiзгендей болатын. Олардың үнiнен кейде Европалық музыканың сәулеттi ырғақтары шығатын. Ең ақыры науша жасөспiрiм балалардың өзi Байрон, Гете, Лермонтовсыз сөйлемейдi, ойнап жүрiп олардың қазақша аудармасын өлеңмен жырлайды. Мiне, Мұхтардың науша күнiнде тәрбие алып, түлеп ұшқан ортасы осы едi. Бұл ортаның көпшiлiгi, әрине, Абай ұрпақтары, кейiн Мұхаңның ауылдағы аяулы достары. Олардың сыпайы мiнездiлгiн, ашық ойшылдығын, сұлу дүниеге құмар болуын, барлық рухани азығы мен Абайдан қалған мұра деп түсiндiм. Өзгеше анықтау мүмкiн емес. Бұл рухани азықты жасауға, әрине, Халиолла, Мағауия, Ақылбай, Кәкiтай да қатысты. Бiрақ ол кездеге қараңғылық бұғауында шырмалған халық бұқарасының сезiмiн бiрiншi рет оятып, оларға терең философиялық ой айтқан, оларды топастықтан шығарып, нәзiк сезiмге шақырған, олардың жүрегiне сұлулық дүниесiнiң сәулесiн ашқан Абай екенi анық. Ең алғаш дәуiрлеп шыққанында Мұхаң Абайдың бұл жарқын ойларын еш уақытта есiнен шығарған емес, оны тiптi өмiрiнiң соңғы кезеңiне дейiн үлгiлi түрде ұстады”.

Мұсатай Ақынжанов – оқыған ауыл жасы: “Менiң Мұхтармен жақынырақ танысуым, оның 1919 жылы қырға демалысқа қайтқан кезiнде осы ауылда болды. Мұхтар ол кезде жиырмадан асқан байсалды, орта бойлы, қара торы, қою қара шашты, толықшалу келген сымбатты жас жiгiт едi.

– Қабдеш ағаның үйiне сенi Жекебай апамның бауыры Мұхтар шақырады, - деп ат үстiнен хабар айтқан Қабдештiң немере iнiсi – жас гимназист Шахан Әсiржановпен iлесiп, Шалқардың сыртында отырған Әсiржан ауылына қарай жүрiп келемiз. Шахан, жол қысқарсын дедi ме, әлде оқығандарды мақтау Шыңғыс елiнiң салты ма, ауылға жеткенше Мұхтар жөнiнде, Мұхтар ауылымен өздерiнiң аралас, жақындағы жайында әңгiмелеумен болды.

Мұхтардың даңқы өткен жылы, ақпаннан бастап Семей қаласында шыға бастаған журнал арқылы таралды.

Журналда Абай сөзi, Абай ұрпақтарының сөзi көп басылды. Соның iшiнде ауылға жаңа леп ала келген, ғылым-бiлiм арнасынан сөз қозғайтын Мұхтар мақалалары ерекше болатын. Журналдың бiрiншi санында жарияланған Мұхтардың “Ғылым” деген мақаласы Абай елiнде ауыздан-ауызға тарады”.

“Абай” журналының жабылуымен Мұхтар Әуезовтiң алғашқы шығармашылық еңбегiнiң бiр белесе де аяқталды. Тек, 1918 жылы қазанда Петропавловскiде шығатын “Жас азамат” газетiнде “Ескеру керек” деген атпен көлемдi мақаласы жарияланды. Осында тура бiр жыл бұрынғы “Оқудағы құрбыларына” арнаған лебiзiнiң идеясын одан әрi дамытып: “Ендiгi халық болуымызға ұйтқы болатын нәрсе – құрыш құрсаулы әдiл, қатал билiк. Ендiгi хакiмнiң алдына нашар да, жуан да теңшiлiкте болып, белгiлi негiзге құрылған закон болмаса, жуан атаның еркi ел iшiнде жүрмеу керек. Әлi де жуан ата билеп-төстеп, қадiрлi болатын болса – автономия деген, бөлектiк дегеннiң бәрi де сырты бүтiн, iшi түтiннiң iсi болады. Бiрақ мұндай күйдi бұрынғы уақыт көтерсе де қазiргi уақыт көтермейдi... Бiз әлi шикi жұртпыз, талай өзгерiске мойын ұсынамыз. Заман ерiксiз мойын ұсындырады... Бұл халдi hаркiм ескеру керек”-деп қорытындылайды.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2068