Жексенбі, 24 Қараша 2024
Деп жатыр 5046 0 пікір 27 Қазан, 2016 сағат 13:08

АҚТӨБЕДЕ ОҚУШЫ ҚЫЗ 150 МЫҢ ДОЛЛАР ҰТЫП АЛДЫ

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында 15 жастағы оқушы Мөлдір Жұбаева үш жылдың ішінде түрік тілін жетік меңгеріп алған. Соның арқасында оқушы қыз халықаралық байқауда ақын Қадыр Мырзалиевтің шығармашылығы жайында ғылыми жоба қорғап, 150 мың доллар көлеміндегі мемлекеттік оқу грантын ұтып алды.

Бұл туралы «Диапазон» хабарлады.

Мөлдір бірінші сыныптан бастап Ырғыздағы мектеп-гимназиясында білім алады. Бүгінде ол 11-сынып оқушысы. Бұл қыз жастайынан түрлі олимпиадаларға, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен түрлі байқауларға қатысқан. Мөлдір шығыс әдебиетін сүйіп оқиды. Осыдан үш жыл бұрын ол ғаламтор арқылы түрік тілін меңгере бастады. Әліпбиін, одан кейін күнделікті қолданатын сөз тіркестерін жаттап алған ол жуырда Қадыр Мырзалиевтің шығармашылығына арналған жобаны түрік тілінде қорғап шықты. Бос уақытында Мөлдір түрік телехикаяларын көріп, аударумен айналысқан. Оқушы қыз болашақта қазақ жазушыларының кітаптарын түрік тіліне аударуды армандайды.

«Ғаламтордан өздігімнен әртүрлі байқауларды қарап жүрдім. Бір күні жоба туралы байқауды көзім шалып қалды. Ол кезде мен жетінші сынып оқушысы едім, бірнеше байқауға қатысып та үлгергенмін. Уақытымның көп бөлігін ғаламторда өткізетінім ата-анама ұнамайтын еді. Бірақ дәл осы ғаламтордан мен жуырда өткен халықаралық байқау туралы хабардар болдым. Байқауға әлемнің 50 елінен келген оқушылар қатысты. Шынымды айтсам, бас жүлдені жеңіп аламын деп ойламадым, себебі қарсыластарым мықты болды, бірақ менің қолымнан келді. Жеңіске жеткенімді хабарлаған кезде мен сенген жоқпын. Енді ҰБТ тапсырмаймын», – деді жеңімпаз.

Мөлдірдің айтуынша, оның бұл жеңісі сынып жетекшісіне Тайландқа, мектеп директорына Дубайға, ал оның өзіне Парижге жолдама сыйлады. Одан бөлек, Мөлдір Түркияның кез келген оқу орнына грантқа түсе алады. Бүгінде оның қолында 150 мың доллардың сертификаты бар. Журналист мамандығын таңдаған Мөлдір болашақта өз телеарнасын ашуды армандайды.

Мектеп-гимназиясының директорының орынбасары Сайранкүл Әбдікәрімова Мөлдірдің көпбалалы отбасынан шыққанын айтып берді. Жұбаевтар отбасы Мөлдірден бөлек төрт перзент тәрбиелеп отыр. Ал қыздың анасы Майдагүл 25 жылдан бері бастауыш мектепте мұғалім болып қызмет атқаруда. Әкесі Кенжеқара Жұбайұлы болса зейнетке шыққанға дейін Ырғыздағы білім бөлімінде қызмет атқарған.

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5583