Журналистерге арналған семинар өтеді
Жақында Елордада «Бұқаралық ақпарат құралдары және тіл мәдениеті» республикалық семинар–тренингі өтеді. Бұл туралы «Abai.kz» порталы хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі
Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасымен
«Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» РМКҚ үстіміздегі жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының «Мырзатай Жолдасбековтың мемориалдық кітап коллекциясы» залында «Бұқаралық ақпарат құралдары және тіл мәдениеті» тақырыбында республикалық семинар-тренинг өткізуді жоспарлап отыр.
Аталған шараның маңызы мен мақсаты туралы ұйымдастырушылар, «кез келген елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуын насихаттаудағы бұқаралық ақпарат құралдарының ерекше орын алатыны белгілі. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуі мен оны дамытуда да БАҚ рөлі айрықша» дейді.
Халықтың жыры мен сырын үнемі жарыққа шығарып, үздіксіз байланыс орнататын БАҚ өкілдері, оның ішінде телеарна, радиотілшілерімен кездесу ұйымдастырып, олардың сөздік қорын, сөз саптауын, тіл мәдениетін жетілдіруге арналады.
Семинар-тренингте кәсіби мамандар дәріс оқып, бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілде ақпарат тарату, соның ішінде тіл нормасының сақталуы, сөйлеу мәдениеті, терминдердің бірізді қолданылуы мәселелері бойынша шеберлік сабақтарын көрсетеді.
Шараға тіл білімі және журналистика саласының ғалымдары, бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл саласына жауапты құрылымдардың басшылары мен мамандары, телеарна, радиотілшілері қатысады.
Сондай-ақ, семинар-тренингке қатысқан тілшілерге сертификат табысталады.
Abai.kz