Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2855 0 пікір 25 Қазан, 2016 сағат 23:17

«Сыбағадан» сыбаға алған

Мемлекеттiк «Сыбаға» бағдарламасы аясында биыл Қажымұқан ауыл округiнiң шаруалары жоспар бойынша 133 iрi қара сатып алуы тиiс болатын. Бүгiнде, бұл бағытта 290 сиыр және 10 бұқа сатып алынып, жоспар екi есе артық орындалған.

«Сыбағаның» шарапатын көргендердiң бiрi Гүлмира Бейiмбетованың отбасы.

Гүлмираның бәрiне үлгеретiнiне таң қаласыз. Алты баланың анасы жұмысты тындырып iстегендi ұнатады. Үйi тап-тұйнақтай. Есiк алдында кiлем жуып, оған қоса қысқа дайындық жасап, тосап қайнатып жүр. Үйiнiң қапталынан дүкен ашып қойған. Қызығасың.

Ежелден-ақ жайлау төсiнде мыңғырған мал бағып өскен халықпыз ғой. Гүлмира да атакәсiптен қол үзбептi.

Оның малға да күтiмдi жақсы жасайтынын қора-қопсысының тазалығынан аңғаруға болады. Бiз барғанда мал жайылымға кетiп, қорада бiрен-саран жылқы мен бұзау, асыл тұқымды бұқа ғана қалыпты.

– «Сыбаға» бағдарламасы шаруашылығымды көтеруге кәдiмгiдей септiгiн тигiздi. 30 сиырымның жем-шөбi үшiн 540 мың теңге субсидия алдым. Одан бөлек, жақында Тараз қаласынан 350 мың теңгеге асыл тұқымды ақбас бұқа алып келдiм. Оның да жарты ақшасын, яғни 154 мың теңгесiн мемлекет қолдау ретiнде бердi. Көзiн тауып жұмыс iстесең мемлекеттен қашан да қолдау болатынын анық сезiндiк. Шүкiр, тiрлiгiмiздi дөңгелетiп отырмыз, – дейдi «Бейiмбетова» шаруа қожалығының төрайымы.

Жұбайы Ғалымбек екеуi жылқы бағуды да қолға алыпты. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 6 пайыздық несиемен 3 миллион теңгеге 20 жылқы әкелген. Оның бiреуi құлынды бие. Гүлмираның күнделiктi тiршiлiгiне күнiне 5-6 мәрте бие саууды қосыңыз. Несиенi 3 жылда әр 6 ай сайын 600 мың теңгеден төлеп құтылады. Сонымен бiрге, мемлекеттiк бағдарлама аясында кепiлге үйiн қойып, 3 миллион теңге несие алып, 200 қозы алған. «Несиемiздi 7 сауын сиырдың сүтiмен-ақ өтеп отырмыз. Жазда күнiне 100-120 литр сүт алатын едiк. Қазiр 60-70 литр сүттi қалаға жөнелтемiз. Күн сайын 50-60 литрдi балмұздақ цехына өткiзсек, қалғанын дүкендерге таратамыз. Сүттiң өзiнен күндегi түскен табысты жинап, айына 150 мың теңгеге толтырамын. Бұл балаларымның несiбесi шығар» дейдi Гүлмира.

«Сыбаға» бағдарламасының шарапатын шалғайдағы ауыл тұрғындарының сезiне бастағаны қуантады. Несие алып, шаруасын шалқытуды, атакәсiптi ары қарай дамытқысы келетiн жандарға қашан да мемлекеттiң қолдау бiлдiретiнiн осыдан-ақ аңғарасыз.

Гүлмира жұбайы Ғалымбек Мырзабаев екеуi мал шаруашылығымен айналысуды былтыр ғана қолға алған. Өткен жылы әрқайсысын 250 мың теңгеден сатып алған 10 сиырдың бұзаулары бүгiнде 130-140 мың теңгеге сатылатын өгiзше болды. Ал, 10 сиыр биыл тағы бұзаулаған. Жоғарыда 3 млн. 100 мың теңгеге 15 500 теңгеден 200 қозы сатып алғанын айттық. Жолдасы мен ұлы бiр айға жуық қозыларды ауладағы жоңышқаға жiберiп, оңалтып, әрқайсысын 20 мың теңгеден сатқан. Мiне, пайда! Бiр айда 900 мың теңге табыс тауып отыр.

– Жүрексiнбей жұмыс iстеуге болады екен. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген ғой. Жұмыс iстесең, берекесiн бередi. Ендi алдағы уақытта жылқы басын көбейтiп, шаруа қожалығының аясын кеңейткiмiз келедi, – дедi Гүлмира.

Мемлекет басшысының сөзiмен айтсақ, ел болашағы – аграрлық секторда. Ендеше, ауылдағы ағайын ойланайық!

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5627