Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2495 0 пікір 25 Қазан, 2016 сағат 23:07

Кооперативке бiрiгудiң келешегi зор

Елiмiздiң даму стратегиясын айқындайтын бағдарлама қабылдау барысында Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы №372-V Заңына сәйкес ауыл шаруашылығы кооперативтерiн құру көзделген-дi. Ауыл шаруашылығы кооперативi дегенiмiз не? Бұл көптеген кәсiпкердiң ойында жүрген күрделi сұрақ.

Жалпы, кооперация сөзiнiң мағынасы ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң экономикалық тұрғыдан iрiленуiн бiлдiредi. Фермерлердiң бiрiгуiнiң арқасында еңбек өнiмдiлiгi артады, нарықта өнiм тапшылығы азайып, баға тұрақталады. Iрiленген шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан берiлетiн түрлi жеңiлдiктерге қол жеткiзу оңайға түседi. Фермерлердi кооперативтерге бiрiгуге ынталандыру мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi агроөнеркәсiп кешендерiне төленетiн субсидия нормативтерiн жоғарылатудың механизмдерiн қайта қарастырады. Шаруа қожалықтары кооперативтерге бiрiксе, пайдаланылмай жатқан егiстiк жерлер игерiлiп, өнiм түсiмдiлiгi артып, егiн шаруашылығы дами түсер едi.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерiнiң қауымдастығы (одағы) – өз мүшелерiнiң қызметiн үйлестiрудi және олардың ортақ мүлiктiк және өзге де мүдделерiн қорғауды қамтамасыз етедi. Ол ауыл шаруашылығы кооперативтерiнiң ерiктi түрде бiрiгуi арқылы құрылады. Оның мүшесi жарғысында көзделген ақша түрiнде мүлiк (пай) жарнасын енгiзедi, сөйтiп, сол бойынша дивидендтер алады. Өзi енгiзген мүлiк (пай) жарнасының құнына қарай тәуекелдерге барып, залалын көтередi. Кеңесшi даусы болады. Бiр сөзбен айтқанда, кооператив мүшесi – жарғыға сәйкес құқықтары мен мiндеттерi белгiленген заңды немесе жеке тұлға.

Ауыл шаруашылығы кооперациясы кооперативтер мен олардың қауымдастықтарының (одақтарының) жүйесiн құрайды. Қауымдастық жүйе кооператив мүшелерiнiң әлеуметтiк-экономикалық және басқа да қажеттiлiктерiн қанағаттандырады, кiрiстерiн арттырады. Ауыл шаруашылығы және балық өнiмдерiн өндiру, оларды қайта өңдеу мен өткiзу және сақтау, сондай-ақ, қажеттi өндiрiс құралдарымен, материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етедi. Жабдық мәселесiнде бәсекелестiк орта құрып, өнiмдi өндiрушiден тұтынушыға тiкелей жеткiзiп берудi үйлестiредi. Кооператив мүшелерiнiң қажеттi ресурстарды тиiмдi шарттар бойынша сатып алуына, өндiрiстiк және өзге де шаруашылық қызмет түрлерiн қаржыландыруға жәрдемдесiп, олардың мүдделерiн қорғайды. Сонымен бiрге, жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш, гербицид, пестицид, ветеринарлық препараттар, жемшөп, ауыл шаруашылығы техникасы, технологиялық жабдықтар, қосалқы бөлшектер, құрылыс және ауыл шаруашылығы өндiрiсiне арналған өзге де iлеспе материалдарды алу жағынан көмектеседi.

ҚР «Әдiлет органдары туралы» Заңға сәйкес заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу, филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеу, сондай-ақ, бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiн жүргiзудi әдiлет департаментi жүзеге асырады. Сондықтан ауыл шаруашылығы кооперативiнiң заңды тұлға ретiнде жұмысы мемлекеттiк тiркеуге алынған сәттен басталады. Кооператив коммерциялық ұйым болғандықтан, жарғысында көрсетiлгендей, қызметтiң бiрнеше түрiмен айналысуға құқылы. Ол кемiнде үш құрылтайшының шешiмi бойынша құрылады. Ережеге сәйкес оған мүшелiкке кез келген азамат қабылдана алады. Мүлiк (пай) жарналарының мөлшерi мен санына қарамастан бiр мүше – бiр дауыс құқығына ие болады.

Бүгiнде әлем экономикасы күрделi жағдайды бастан өткерiп отыр. Түрлi дағдарыстарға тап болып, соның бәрiнен сүрiнбей өтудемiз. Бұл тәуелсiз Қазақстанның экономикасы едәуiр қалыптасып қалғанын, өсу динамикасының жылдан-жылға артып отырғанын көрсетедi. Мемлекетiмiздiң экономикалық тұрғыда иммунитетiнiң берiктiгiн байқатады.

Түптiң түбiнде отандық тауар өндiрушiлер ел экономикасының локомотивi бола алатынына сенемiз, соларға арқа сүйеймiз. Бәсекеге қабiлеттi болу үшiн дамыған отыз елдiң қатарына енуге талпынып жатқанымыз да сондықтан. Еуроодақ аясындағы қарым-қатынасты барынша нығайтып, Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүше болып отырмыз. Бұл кәсiпкерлерден, мамандардан барынша жауапкершiлiк пен жинақтылықты, нарықтық қатынастағы тұтынушылар сұранысын зерттеудi талап етедi.

Сондықтан «Ауыл шаруашылығы кооперативтерi туралы» Заңды шаруалар өз пайдаларына жаратуы керек. Дағдарыс кезеңi етек-жеңiмiздi жинап, құлшыныспен еңбек ететiн сәт. Бұл қиындық, бiр жағынан, фермерлер үшiн үлкен мүмкiндiктер берiп отыр. Өйткенi, Оңтүстiктiң сапалы өнiмдерiне бүгiнде жан-жақтан сұраныс көп.

Талғат ИСАҚОВ, ОҚО аумақтық инспекциясының асыл тұқым жөнiндегi мемлекеттiк инспекторы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5632