Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 4532 0 пікір 25 Қазан, 2016 сағат 11:11

АЙМАҚ ШАЛАҒАЙ МА – ӘКІМ ШАЛАҒАЙ МА?

Шалғай аймақтарда шалағайлық көп болады ма деймін. Әрине, мен,облыс басшылығы тарапынан кетіп жататын кемшіліктерді айтып отырмын. Әкім – мемлекет басшысы тағайындаған менеджер. Басты міндеті – өзіне жүктелеген облыстағы елдің жағдайын жасау. Өзінің емес, елдің! Ал, елдің жағдайын жасау үшін, алдымен оны жұмыспен қамту керек емес пе? Дамыған мемлекеттерде солай, биліктегілердің жұмысын қалай тиімді атқарғаны жұмыссыздықпен қалай күрескеніне байланысты бағаланады. Бұл қағиданы сол шет елдерде оқып келген жас буын әкімдер жақсы түсінсе керек еді. Алайда, ауылға қайтқан соң,  ауаны өзгере ме – кешегі «болашақкер», бүгінгі әкім –  өзіміздің «ыбырай» болып шыға келеді. Алған білімі қайда? Көрген өнегесі қайда? Әлде, «әләуләймен»  өткізіп алды ма, оқу мен тоқуға жіберуі керек алтын уақытын? Біздің бюджеттен бөлген ақшамыз «осылар болашақта елді алға сүйрейді» дегенге сенген инвестициямыз емес пе еді? Қарапайым қазақ мұндай да «әй, не істейсің, тоқпағы мықты емес пе?» дей салатын. Жарайды, тоқпақ па, немесе қызмет сатысымен өрлеуге ыңғайлы соқпақ па – бәрібір, әйтеуір,  сенімді қызметке алынған екен – сенімді ақтау керек емес пе.

Шалғай аймақтың бірі – Батыс Қазақстан облысы. Осы облыста соңғы тоғыз ай ішінде он жеті мың адам жұмыссыз қалған. Бұл ресми ақпарат. Меніңше, облыс әкімі атқарып жатқан жұмыс нәтижесі осы көрсеткішпен айқындалса керек. Кейбір сөзге сенсек, келешегі бар деп, сенім артылған облыстың жас әкімі, өңірдің проблемаларын өндіре алмай, енді, «тағынан таюы» керектердің қатарында көрінеді. Мүмкін. Әлеуметтік мәселелерді шеше алмаған басшы кім үшін де «сүйкімсіз балаға» айналары хақ қой. Жұмыссыздықпен күрестің басты шарты – жеке кәсіпкерлікті қолдау. Оны президент те ылғи айтып, әкімдерге тапсырудан жалыққан емес. Ал, облыстағы шағын кәсіпкерлік  туралы мәлімет алу да мүмкін болмады. Әкімдіктің сайтына кірсеңіз, ондағы ақпарат тек 2013-ші жылдан бері  жаңартылмаған. Сонда, сол уақыттан бері ешбір де жұмыс істелмеген бе? Алқымнан алып келе жатқан жұмыссыздықтың негізгі себебі осында жатқан жоқ па? Табиғи ресурстарға бай бұл өңірді жайлаған ел де жасампаз, білімді де білікті мамандары бар, не нәрсені болса да дөңгелетіп әкетер шамалары бар,  еңбекқор жұрт. Әйтсе де, Батыс облыс көштің соңына байланып қалғандай, «сылти» басып, артта келеді. Мұндай «мүгедектікті»  тудырып отырған кім?

Мүгедек демекші. Облыста мың үш жүзге жуық мүгедектер бар. Оның 124-і жасөспірім, балалар. Бұлардың басындағы мәселе де қиын-қыстау. Олардың жүріп, тұруына кедергі көп, көрер көмегі шамалы. Бұларға бюджеттің «бүйрегі» бұра бермейтін көрінеді – мәселеге жауапты шенді қаржы аз бөлінеді деп, жалтарады. Олай болса, салық төлеуші қаржысына жеке басты жарнамалауды доғарған дұрыс болар. Үнемделген қомақты қаржыға қаншама автобусты, қаншама баспалдақты  қайта жабдықтап шығуға болар еді.

Бір жағынан қарасаң, облыс басшылығы әлеуметтік мәселелерді шешудің орнына, оларды өздері тудыратын секілді. Әйтпесе, осы өңірдегі Емболат өзенінің мұнай қалдықтарынан былғануын неге балаймыз? Сол маңдағы Январцево ауылының тұрғындары бұл өзеннен малдың су ішпей жатқанын айтып, арыздануда. Мұнай компаниялары жергілікті жұрттың, олар пайдаланып отырған жердің тағдырына неге бұлайша  немқұрайлы қарайды? Оларды қорғап шығатын әкім қайда? Экологиялық қатерге ұшыраған жерді ел тастап кетуге мәжбүр болады. Малсыз қалады, жұмыссыздар қатарын көбейтеді. Әкімнің өзі күресуі керек проблемаға айналады. Міне, іске жоспарсыз, жөн-жосықсыз, жергілікті ерекшеліктерді, елдің қажетін ескермей кіріскенде, осындай келеңсіздіктер кезек, кезегімен кездесіп жатады. Шалағайлық деген де осы болар. Әлде, «есебін тапқан жігітке», елдің  жәйі сөз болмай қалған ба?..

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5646