Жексенбі, 24 Қараша 2024
Көк тудың желбірегені 2380 0 пікір 23 Қазан, 2016 сағат 00:00

Аймақтарда жұмыспен қамту бағдарламасы қалай іске асуда?

Петропавлдан – Өмір ЕСҚАЛИ«Егемен Қазақстан»

Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 6,4 миллиард теңге бөлініп, 340 адам әлеуметтік, 3001 адам бос жұмыс орындарына орналасты. 352 түлек «Жастар тәжірибесінен» өтті. 115 мүгедек бағдарлама қатысушысы атанды. Жобаның бірінші бағыты бойынша мектеп, аурухана, жолдар, тағы басқа салаларды қамтитын 67 әлеуметтік маңызды нысандар жөнделіп, 564 адам маусымдық жұмыстарға тартылды. 135 пәтерлі 6 жастар жатақханасын салуға жергілікті мамандар қатысты. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 743 миллион теңгеге 309 несие берілді. 175 кәсіпкер жеке ісін ашып, 134 адам кәсібін кеңейтті. Мұның өзі 401 жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді.

Табысы аз отбасыға шартты ақшалай көмек (ШАК) көрсету жөніндегі «Өрлеу» жобасына қаты­сушылар қатары көбейіп келеді. Оның негізгі мақсаты – кірісі төмен азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді қимылына ынталандыру, кедейлік шегіндегі отбасының нақты табысын көбейту, өмір сүру деңгейін жақсарту. Жоба былтыр 4 ауданға енгізілсе, биыл барлық аудандарды қамтып отыр. Бұл мақсат үшін 63,5 миллион теңге қарастырылып, 200 отбасымен әлеуметтік шарт жасалды. 875 адамға 18,5 миллион теңге төленді. Олардың арасында құс, ұсақ және ірі қара малдарын сатып алып, жеке қосалқы шаруашылықты өрістетіп отырғандар аз емес.

Солтүстікқазақстандықтарды пайдалы қоғамдық еңбекке тартуда жүйелі түрде өткізілетін бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің маңызы айрықша. Жыл басынан бері 134 кәсіпорын мен мекеме 1671 бос жұмыс орындарын ұсынып, 341 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Өңірге жолдамамен келген 80 жас маманның 43-і ауылдық жерлерге барып, біржолғы өтемақылар мен жеңілдікті несиелер алды. Өңірімізде 150-ге жуық дәрігердің жетіспейтінін ескерсек, мәселе әлі күрделі күйінде қалып отыр.

Бүгінгі күні 15 және одан жоғары жастағы экономикалық белсенді тұрғындар саны – 329,3 мың адам болса, олардың 95 пайызы еңбек етеді. Өзін өзі жұмыспен қамтығандар – 99,3 мың адам. Жұмыссыздардың 39,4 пайызы – әйелдер.

 

Атыраудан – Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,  «Егемен Қазақстан»

Тұрақты табысы бар жұмысты іздеушілер Атырауда да бар. Өйткені, өңірде тұрғындардың бәріне бірдей мұнай-газ өнеркәсібі саласынан нәпақа табыла бермейді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масының мәліметінше, жыл басынан қыркүйекке дейін жұмыспен қамту органдарына 10 524 адам хабарласыпты. Осы кезеңде 4 413 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Аймақта 50 жұмыс бе­руші­­мен 5000-нан астам адам  жұ­мысқа орналастыруға келісім жасалған.

Өңірде жұмыссыздықты азайту­дың бір­неше жобалары іске асыры­луда. Соның ішінде жұмыссыздықты азайтуға жаңа жұмыс орнын ашудың септігі тиіп отыр. Жыл басынан бері 9 857 жаңа жұмыс орны құрылса, оның 6 201-і – тұрақты, ал 3 656-сы –
уақытша. Көп жылдан бері өз нәтижесін берген қоғамдық жұмыстарға 3 964 жұмыссыз және кәсіби оқуға 168 адам жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 376 адам орналастырылыпты. Алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау үшін ұйымдастырылған жастар тәжірибесіне 528 түлек жіберілді. Мұның барлығы жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын бітірген.

Аталған басқарманың ұйытқы болуымен өткізілген 32 бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 3,5 мың адам қатысқан. Олардың арасынан 867 адам тұрақты жұмыс тапты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының өңірде іске асырылуына республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге бөлініпті.

Сондай-ақ, жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бағытымен 605 адам қамтылып, оның ішінде, 41 адам кәсіптік оқуға, әлеуметтік жұмыс орындарына 232 адам, ал жастар тәжірибесіне 332 адам орналасты. Дегенмен, қыркүйекке дейін жұмыс орындарынан қысқартуға ұшырағандар кездеседі. Мұның бас­ты себебі ретінде жұмыс көлемінің азайғаны алға тартылады. Осындай себеппен 30 мекемеден 434 адам жұмыстан қысқартылғаны белгілі болып отыр. Бұлардың арасынан жұмыспен қамту органдарына 291-і тіркеліп, толықтай әлеуметтік көмек түрлерін алып үлгерген.

 

Қызылордадан – Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан»

Елдің еңсесін тіктеп, етегін жауып, әлеуметтің әлеуеті артып, эко­номикалық жағдайының түзел­генін білдіретін бірден-бір критерий не? Біздіңше, ол – халықтың жұмыспен қамтылуы болса керек. Егер жұмыссыздар саны аз, кәсібін тапқандар көп болса, он­да мемлекеттің де мерейі биік деуге толық негіз бар. Осы орайда Қы­зылорда облысындағы халықты жұмыспен қамту мәселесінің қалай жүріп жатқанын аз-кем айта кетелік.

Дәл қазір Сырдың бойында 340,7 мың адам жұмысқа жарамды. Ал оның 323,7 мыңы жұмыспен қам­тылған. Аймақтағы жалпы жұмыс­сыздық деңгейі 5,0 пайызды құ­рай­ды. Сықиған цифрдың өзінен Ақмешіт атырабында екі қолға бір күрек тапқандардың саны басым екені, жұмыс таппай жүрген азамат­тар­дың әлдеқайда аздығы көрініп тұр.

Жыл басында 9342 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған екен. Қазан айының алғашқы күнінің дерегі аймақта биыл 9156 жаңа жұ­мыс орны ашылғанын хабарлайды. Ал соның ішінде 8026 тұрақты жұмыс орындары екен.

Биыл  25192 адам жұмыспен қамту органдарына хабарласқан. Хабарласқан кісілердің 10635-і жұмысқа орналасқан. Қоғамдық жұмыстармен 6024 адам қамтылып, оларға 251,6 миллион теңге төленсе, кәсіптік даярлау курстарына 488 адам жолданған. Облыста 85 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, 1012 жұмыс беруші 4542 бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңкеге 6,6 мыңнан астам жұмыс іздеушілер қатысып, оның 4013-іне жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне жолдама берілді.

 

Ақтөбеден – Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Облыста жұмыссыздық деңгейін төмендету және шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылық негізінде ұсақ тауарлық өндірісті дамыту арқылы ауылдық жерлерде өзін өзі еңбекпен қамсыздандыратын адамдар санын арттыру, өндіріс және ауылшаруашылық өнімін қайта өңдеу көлемін арттыру, ауылдық жерлерде өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында 2016 жылы облыста «Ауыл тұрғын­дарын жұмыспен қамту» жобасы жүзеге асырылуда.

Жобаны іске асыруға 4,0 млн теңгеден астам қаражат қарас­ты­рыл­ды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 5 жылға 6,7 пайызбен бір­та­лай қаржы бөлінді. «Алмэкс» ХК» АҚ , «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» АҚ қаражат­тары есебінен 900,0 млн теңге бөлінген.

«Ақтөбе ауыл шағын кредит» МҚҰ» ҚЖС өз қаражаты есебінен – 900,0 млн теңгені 5 жылға 8,3 пайызбен қарастырды.

1167 адамға жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге шағын несие берілді.

Нәтижесінде мал шаруашылы­ғын дамытуға – 684, қоян өсі­ру қоныс-жайларын құруға – 3, ешкі сүтін өндіруге – 2, құс ша­руа­шылығына – 27, өсімдік ша­руашылығына – 38, отбасылық сүт қоныс-жайларын ашуға – 40, сүт қабылдау бекеттерін ашуға – 2, ха­лыққа қызмет көрсету нысандарына 104 адамға қаржылай көмек көрсетілді.

Облыста «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жал­ғастырылуда.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5673