Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 6255 0 пікір 20 Қазан, 2016 сағат 16:02

МЫҢ КІСІЛІК СӨЗ ЖИҒАН ОТАРБАЕВ

Редакциядан: Әуелі бірер сөз автор туралы. Иса Момбаев. Кәсіби заңгер. Талдықорған мен  Алматы және  Атырау облысында заң саласында қызмет атқарды. Қазір ҚР Парламентінде заңгер-кеңесші.

Исекең – сүйегіне сөз дарыған азамат. «Айдаса, қойдың – көсемі, сөйлесе, сөздің - шешені».  Қазақ пен орыс ақындарының жырларын жанын қинамай-ақ  жатқа соғатын ол  - арғы-бергіден дерегі мол, құйма құлақ, құтты білік иесі. Исекеңнің төгіліп сөйлейтінін білетін біз төгілдіріп жазатындығынан мақұрым екенбіз. Бүгін сол «мақұрымдығымызға» нәмақұл болып отырған жайымыз бар. Исекең  ФБ-дағы жеке парақшасында жазушы Рақымжан Отарбаевты 60 жасымен құттықтапты. Рақаң, сөз жоқ, қазақтың ғажап жазушысы. Кемел дарын. Лингвистикалық прозаның интеллектуалдық парасаты Отарбаевтың бойынан көрінеді. Ағамыздың алапатын асыратын алпыс жасына құтты болсын айта отырып, іні-досы Иса Момбаевтың әдемі әңгімесін оқырман қауымның назарына ұсынғанды жөн көрдік.

...........................................................................  

“Мен Сізді сыйлаймын да сүйемін де,
Тумасам да Жайықтың жиегінде”, - деп Мұқағали айтқандай, жазушы Рахымжан Отарбаевпен сыйластығымыз осы ғасырдың басында Атырау қаласында жаңа салынған зәулім үйден пәтер алып, қоңсы қонғанымыздан басталды. Орыста сөз бар: «Бог видит все, сосед видит еще больше» деген. Көзін ілер түні болмай, ойлаумен күнді батырып, жазумен таңды атырғанына талай рет куә болдым. Кейіннен Рахаң:
«Бір жыл тұрып өзіңде,
Кітап жаздым екі елі,
Менен саған өкпе жоқ,
Дон-Жуандар мекені»- деп басталатын әзіл-шыны аралас «Көршілер» деген өлең жазды. Сол кезден бері “Жақсымды жауыма айтамын, жаманымды саған айтамын” деп Жарасқан ақын айтқандай, сыйласымды қарым-қатынастамыз. Әзіл демекші, Ұлықбек Есдәулеттің Рахаңды “қаба жалды қара айғыр" дейтін жарасымды әзілі болатын.
Рахаң үлкен шежіреші. “Көктен түскен жоқпыз, жерден өңген жоқпыз, бәріміз де, атаның күшінен, ананың сүтінен жаралдық” деп Ысық аталығының шежіресін жазды. Рахаңның қолында елде жоқ, “қараңғы түнде туған жарық жұлдыздай” шежіре деректер бар екенін және сол деректер негізінде Сегіз Серінің Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысқанын дәлелдегенін жазушы Бексұлтан Нұржекеев жазды.
“Бес қасқа Беріштің хикаясын” оқып қызмет бабымен Атырауға қоныс аударған жер жаннаты Жетісуды жайлаған жалайырдың жайсаң жандарының бес қасқа беріштермен ағайын боп араласқанын көрдім.
Рахаң – көсіле сөйлейтін көсем, шешіле сөйлейтін шешен, өз сөзімен айтсақ, “қазақтың қара сөзінің қаймағын алып, қаспағын қырып жеген” адам. Ол кісі “ойдың бұлағын, тілдің тиегін ағытқанда”, “текеметтей тіліп”, “естіген құлақты елең еткізетін” сөздерін тыңдағанда намазға ұйығандай тыңдап отырамыз.
“Американың ұлттық байлығындағы” Қапарды, болмаса “Бидегі” Жәнібек пен Камилланы батыста туып-өскендіктен шебер суреттеді дейік, ал “Қытайдан жеткен сәлемдемедегі” Өмірбай мен Базаркүлді суреттегенін оқып, шығыста, тіпті арғы беттегі Шәуешек, Шихо, Шипанзелерде туып-өскен бе деп қала жаздадық.
“Мал жинаған бір кісілік, сөз жинаған мың кісілік” деп, өз басым Рахаңның сөздерін жинап жүрмін. “Бес жасар баланың басындай омырауы” ; «Күн көзіне таранған қырғауылдың қанатындай құлпырған»;  “Тоқ балтырлар торға түскен ашқарақ шортандай” ; “Желпілдеген жасы, жер жетектеген кәрісі, сүйректей сұңғағы, мимырт басқан мықыры, шілаяқ сидаңы, балпаң қаққан бөкселісі”; “Ақшаның бет-жүзіне қарамайтын сахилар, теңгенің мөрін жылап жалайтын сараңдар” , - деп кете беретін  тіркестері сөз қоржынымда өте көп.
Қазақ белі жоғалып, мықынмен бірігіп кеткен, белі мен кеудесі, кеудесі мен бөксесі тұтасқанды “дүрбілжің” дейді. Рахаң осындай дүрбілжіңді “Атырау-Алматы поезы” атты әңгімесінде: “Мойын жоқ, бас иықта, мықын жоқ, кеуде құйрықта” деп суреттейді.
“Сюжеттері пышыраған, мен де жаздым үш роман” деп Жұмекен айтқандай, үш роман жазбағанымен Рахаңның әр әңгімесі бір романға тұрады. “Литературная газетаның” сайтынан орыс тіліне аударылған “Би”, “Актриса” атты әңгімелерін тағы бір оқып шығып, Пауло Коэльодан артық болмаса, еш кем емес екендігіне тағы көз жеткіздім.
Сыйласымды, Раха! Асқар шың құтты болсын!
«Көшіп жатыр ауылым, қонып жатыр,
Қай айтқаны пенденің болып жатыр.
Асқарына алпыстың шықсаңдағы
Арман шіркін кеудеде толып жатыр» деп қазақтың қара өлеңінде айтылғандай армандарыңыз орындала берсін! Тілектеспін!  

Иса Момбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1503
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3275
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5712