Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 4116 0 пікір 20 Қазан, 2016 сағат 12:39

АТОМ БОМБАСЫ немесе КИБРАЕВ НЕ АЙТТЫ?

«Жер тақырыбын желеу еткен митинг Атырауда мамырдың 21-і күні өтуі тиіс болды. Алдын-ала құрылған сценарий бойынша, халық «Исатай-Махамбет» алаңында қажет болса, апталап тұруы керек еді. Және оларды  уақытша шатырлармен, тамақпен қамтамасыз ету үшін қаржы да бөлініп қойылған. Талғат Аянов қажетті қаржыны Оңтүстік Қазақстан облысындағы демеушілерінің жеткізгенін ашып айтты» деп мәлімдеді куәгер Р. Кибраев, Атырауда өтіп жатқан атышулы Макс Боқаев пен Талғат Аяновқа қатысты сот барысында.  


Р.Кибраев

Алматы қалалық сотынан бейнебайланысқа шыққан куәгер Р. Кибраевтың айтуынша, бүгінде істі болып жатқан Талғат Аянов мамыр айының басында Алматыға арнайы сапарлап барған. «Талғатты біраз уақыттан бері білемін. Екеуміз достық қарым-қатынастамыз. Алматыға келген уақытта ол төрт-бес күндей менің үйімде жатты. Дос болған соң, сыра ішеміз, пікірлесеміз. Сол кезде ол  мамырдың 21-і күні Атырауда шеру өтуі тиіс екендігін қадап айтты. Сценарий бойынша, толқу ұзаққа созылуы керек болды» деген куәгер Кибраев, Талғат Аяновтың демеушілерден жеткен «сәлемдеменің» жарты бөлігін, (мемлекеттік айыптаушы тараптың мәліметінше, әңгіме 50 мың АҚШ доллары туралы) ортақ таныстары М. Есілбаевқа  сақтау үшін бергенін айғақтады.

Оның айтуынша, Аянов екеуі алдымен Семейден келген М. Есілбаевқа барады. «Ол кезде Есілбаев Алматыдағы «Қазжол» қонақүйіне тоқтаған еді. Сонда біраз әңгімелесіп, саунаға бардық. Сыра ішіп, демалдық. Сол кезде де Аянов Атырауда жоспарланған шеруді өткізу үшін, оған Оңтүстік Қазақстан облысының мәрт азаматтарының демеушілік жасап отырғанын тағы бір айтып қалды. Және де өзінің құқық қорғау органдарының көзіне түсіп қалғанынан секемденетіндіктен, демеушілер жолдаған ақшаның бір бөлігін, бейтарап адамның қолында сақтай тұрғысы келетінін айтты» деді ол.

Бұл фактіні сол Алматы қалалық соты арқылы бейнебайланысқа шыққан куәгер М. Есілбаев та қуаттады. «Макс Боқаевпен ұзақ уақыттан бері таныспын. Ал, Талғат Аяновпен мені жолдас жігітім Р.Кибраев өзім тоқтаған «Казжол» қонақүйінде таныстырды. Арамызда өрбіген әңгімеге қарағанда, Алматыға ол бұқаралық, қоғамдық сипаттағы іс-шараларды өткізудегі жеке тәжірибесімен бөлісу мақсатында келген екен. Жер тақырыбына байланысты Атырауда шеру өтетінін айтқан ол, маған қара пакетке оралған затты ұстатты. Пакетті ашып қарағанымда, онда буда-буда доллар жатты. Бірақ, ол ақшаны санауды қажет деп таппадым. Сөйтіп, ақшаны пакетімен қоса, қонақүйдегі нөмірімде қалған Талғат Аяновтың футболкасына орап, оны ноутбуктің сөмкесіне салып қойдым. Тінту болғанға дейін ақша сол күйінде менің үйімде жатты» деді ол.

Аяновтың футболкасының оның нөмірінде қайдан жүргенін де куәгер Есілбаев тәптіштеп айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, Талғат ара-тұра Есілбаевтың қонақүйдегі нөміріне жуынып-шайынуға келіп тұрған. Жолаушы адамның мұндайда жолсөмкесін де тастамайтыны белгілі. «Кейде ол сөмкесін менің бөлмеме қалдырып кетіп жүрді. Осындай жағдайда футболкасы менің нөмірімде қалған болса керек» деп нақтылап қойды Есілбаев.

Бір қызығы,  барлық фактіні қолмен қойғандай етіп айтып берген куәгерлерден не сұрарын білмей аласұрған қорғаушы тарап сұрақ қоюдан мүлде бас тартты. 

 Ақпарат айдынына кезекті рет осындай әдіспен қармақ тастаған қорғаушылардың бұл әрекеті, алдын ала талқыланып қойған тактикаға көбірек ұқсап тұрды.

Түйіндей келе айтарымыз, Кибраев пен Есілбаевтың куәгерлігі – Талғат Аянов пен Макс  Боқаевты митинг ұйымдастыруға, Төлешовтен келген көк қағаздардың итермелегенін дәлелдей түсті.

 Бір қызығы, жартылай бос қалған сот залы – бұқараның бұл іске деген қызығушылығының мүлде жоғалғанын байқатып отыр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, мақалаға журналистерге арналған залдан  түсірілген суреттерді де қоса жолдап отырмыз. Және журналистер қатарының да селдіреуі де өз алдына бөлек тақырып сияқты...

Айтпақшы, қорғаушы тарапқа «атом бомбасындай» әсер еткен Кибраев пен Есілбаевтың куәгерлігінен кейін, сот залында адвокаттардың өтініштері тыңдалды. Адвокаттар Атырауда өткен митингіге Боқаевтың қатысы жоғын дәлелдейтін куәгерлерді сот залында тыңдауды ұсынды. Судья Дәулешова ұсынылған куәгерлердің Боқаевтан жауап алынғаннан кейін тыңдалатынын айтты. Міне, осы бір ғана факті – соттың қос тарапқа да толық мүмкіндік беріп жатқанын көрсетеді.

Айтпақшы, Кибраев пен Есілбаевтың куәгерлігін тыңдағысы келмеген Боқаев пен Аянов сот процесіне қатысқан жоқ. 

Кемел Қарасартов

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1503
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3277
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5721