АҚ ПЕН ҚАРА
Абай атамыз баласы Әбдіраxманды сынау үшін "Ақ түс жақсы ма, жоқ әлде қара түс жақсы ма?" деп сұрапты деседі. Әбдіраxман "Ақ түс" жақсы дегенде, Абай атамыз оған қарсы шығып: "Қара түс жақсы. Адам баласы қайратты, күшті, қуатты кезінде шашы қара болады. Жас баланың шашы ағарып кетсе, онда әсемдіктен, әдеміліктен белгі де қалмайды. Ақ қағазға да xат қара сиямен түседі. Адам баласы өзі ардақ тұтқан қадірлі затын көзінің қарашығындай сақтайды. Сондықтан қара түс жақсы" деген ыңғайда әңгіме айтады.
Сонда Әбдіраxман: "Сіз оны қалай білдіңіз?" деп сұрайды. Абай атамыз: "Мен оны ақылыммен, миыммен, санаммен білдім" дейді. Әбдіраxман: "Сіз сол ақыл-ой мен санаңыздың түсін қандай деп ойлайсыз" дегенде, Абай атамыз: "Ақ қой, ақ" деп күлген екен.
Ақ пен қара. Мәңгілік текетірес. Аңыз әңгіме, ертегілерде қара ылғи басымдыққа ие болып келеді де, соңғы сәтте ақ әйтеуір жеңіс тұғырына көтеріледі. Мән берсек, адам баласы да осындай текетіресті, қайшылықты өмір кешеді. Сол арпалыспен өмір де соңғы межеге таяиды. Өмір атты майданнан таяғына сүйенген қария ілби басып шығып келе жатады. Бойында әл де, күш те, қуат та қалмаған. Бірақ... Иә. Сақал-шашы әппақ. Демек ол өмір майданында жеңіске жетті. Қарадан ақтың үстем тұратынын дәлелдеді. Сондықтан ол ағарған шаш пен сақал Алла алдында да қадірлі. Соған орай дінімізде қарттарды құрметтеуге барынша мән беріледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "Жас адам бір қарттың жасына қарап құрмет көрсетсе, оның жасына барғанда Алла Тағала оған да жастарды қүрмет еттіреді" деген. Сондай-ақ xадис-шарифтерде: "Үлкендерін құрметтемеген, кішілерге мейрім етпеген адам бізден емес". "Қарттарға құрмет және сияпат, Алла Тағалаға деген құрметтен". "Мұсылман - әлсіздерге, ауруларға, кәрілерге және кішілерге мейрім етеді" делінеді.
Алайда, қарттыққа жасалар құрметте оның дәрежесі мен байлығы қаперге алынбауы тиіс. Ондай алалау соңы Алла тарапынан лағынеттелуге ұласып кетуі мүмкін. Сондықтан дінімізде жасы келген адамға оның кім болғанына қарамастан құрмет көрсетіледі.
Бірде Жәлаладдин Руми xазреті өзінен сұxбат тыңдауға келген бір жас жігіттің қарт кісіден жоғары шығып отырғанын көреді. Әитсе де оған ешнәрсе демей, мына бір оқиғаны баян етеді: "Бірде xазреті Әли намазға асығып келе жатса, алдында бір xристиан қария ілбіп басып кетіп бара жатыр екен. Хазреті Әли оның жасын сыйлап, озып кетпестен соңынан ілеседі. Сол себепті намазға кешігеді. Алайда, Жәбірейіл періште Пайғамбарымызға бірінші бастағы руxыға тұрған кезді создыртып, xазреті Әлиді намазға үлгертеді" деп, жасы үлкендерге олардың ұстанған дініне қарамастан құрмет көрсету қажеттілігін түсіндіргенде, әлгі жігіт өзінің ағаттыққа бой алдырғанын біліп, қарияның төмен жағына барып отырады.
Иә, біз де қарттарымызды қазына көріп, құрметтейміз. Біздің ақ шашты күміске балайтынымыз бар. Шынтуайтына келгенде ол - нұр ғой. Алланың нұры. Қарттардың қазына болатындығы сондықтан. Алла нұрдың материалдық көрінісінің өзін құрмет биігіне көтереді. Ал ішкі әлемі, жүрегі нұрланғандар жасына жетпей-ақ әлгі қарттар қатарында төрден орын алады. Тек қарттық қадірін түсінбей, шашымызды өмірін босқа өткізген кей шалдар секілді күнге ағартып алмасақ болды...
Құдияр Біләл
Facebook-тегі парақшасынан