ХАБИБА ЕЛЕБЕКОВА ДҮНИЕДЕН ОЗДЫ
Қазақ өнері орны толмас ауыр қазаға душар болды. 101 жасқа қараған шағында әйгілі актриса, қазақ театр өнерінің алтын буынының ірі өкілі Хабиба Елебекова дүние салды.
Хабиба Қарақбайқызы 1935 жылдан бері қазақ театр өнеріне талмай қызмет етті. Ол театрдa ұлттық бояуы қанық, рухани құнары мол талай образдарды сомдады. Кино өнерінде де өз қолтаңбасын қалдырды.
Марқұмын отбасына, туған-туыстарын, шәкірттеріне қайғырып көңіл айтамыз!
Хабиба Қарақбайқызын ақтық сапарға шығарып салу, қоштасу рәсімі 20 қазан күні сағат 10-да М.Әуезов театрында өтеді.
Хабиба Елебекова
Елебекова Хабиба Қарақбайқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Мәдениет үздігі» төсбелгісінің иегері.
1916 ж. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Томар ауылында дүниеге келген.
1934-35 ж ж. Қарқаралы халық театрында қызмет істеген.
1935-37 ж ж. М. Әуезов атындағы драма театр жанындағы екі жылдық студияны бітірген.
1935 ж. бері М. Әуезов театрында үзіліссіз қызмет етті.
Хабиба Қарақбайқызы қазақтың тұңғыш кәсіби театр режиссері Ж. Шаниннің өзі жазып, өзі қойған «Арқалық батыр» тарихи драмасындағы Қаракөзден бастап, қара шаңырақ театрда ұлттық құнары мол көптеген роль жасады.
Сахнадағы рольдері:
Ұлттық классика мен заманауи драматургияда: «Арқалық батыр» тарихи драмасында Қаракөз, М. Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысында» Күнікей, «Абайында» Қаныкей, Ұлжан, Б.Майлиннің «Майданында» Мамық, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Мақпал, Ш. Құсайыновтың «Марабайында» Мәрияш, «Амангелдіде» Ақжан, Қ. Аманжоловтың «Досымның үйленуінде» Айғаным, А. Тасымбеков пен Қ.Ысқақтың «Кебенек киген аруларында» Тұтқын, А. Сүлейменовтің «Жетінші палатасында» Кемпір, Иран-Ғайыптың» «Естайдың Қорланында» Айнаш т.б.
Әлемдік драматургияда: Г. Лорканың «Бернарда Альбаның үйінде» Понсия, Островскийдің «Найзағайында» Кезбе әйел, «Таланттар мен табынушыларында» Д. Андреевна, Гогольдің «Ревизорында» Пошлепкина, «Вьетнам жұлдызында» Тхань, М. Метерлинктің «Соқырларында» Соқыр әйел т.б.
Х. Елебекова біраз көркем және деректі фильмдерге түсті. Олардың ішінде әйгілі режиссер С. Қожықовтың «Егер біздің әрқайсымыз…» (1961), сондай-ақ, актриса түскен ең соңғы фильм Д. Жолжақсыновтың «Біржан салын» (2009) атауға болады.
Х. Елебекова өзінің өмірдегі әрі өнер серігі Ж. Елебеков және ХХ ғасырдағы қазақ өнері туралы «Үні кетпес құлақтан» (1981) кітабын жазды, бұл еңбегі толықтырылып «Ән-аманат» (1984) «Қайран, Жүсекем» (1998) деген атаулармен қайта басылды. Ұлттық өнер тарихын жақсы білетін актриса біраз әннің, мысалы, Абайдың «Сегіз аяғы», т.б. әндердің түпнұсқасында жетуіне үлкен еңбек сіңірді. Кеудесі алтын сандық, көнекөз Хабиба апа көп жырларды, соның ішінде Мағжан Жұмабаевтың жырларын түгелдей дерлік жатқа оқитын еді.
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1976), ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет үздігі» төсбелгісімен марапатталды (2012).
«Хабиба Елебекова» атты кітап (жоба авторы Ә. Бөпежанова) «Әйгілі адамдар» сериясымен «Өнер» баспасында жарық көрді (2012).
Abai.kz