НОБЕЛЬ ЖАЙЛЫ...
Сонымен 2016 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының иегері де анықталды. Ол – АҚШ әншісі, музыканыты - Bob Dylan.
Бұл сыйлықты АҚШ-тың әдебиет саласы 1993 жылдан бері күтіп келгені белгілі. Осы аралықта «Неге АҚШ әдебиеті Нобель сыйлығынан қағылды?» деген сұрақ жиі-жиі көтерілді. Швед әдебиет академиясының атына да біраз сөз айтылды. Шведтер де қарап қалған жоқ. Олар: АҚШ әдебиеті әлем әдебиетімен араласпайды, өзге жұртты аудармайды, басқалардың әдебиетін көп біле бермейді, олар тұйқталып қалды...» - деді. Десе де осы жылдарда АҚШ-тық Philip Roth, Joyce Carol Oates, Don Delillo сынды қаламгерлер сыйлыққа үміткерлер тізімдігінің басында тұрды. Бірақ, соңғы нәтижеде жоғарыдағы мүйізі қарағайдай авторлардың бірі емес, әнші, сазгер - Bob Dylan АҚШ әдебиетінің бүгінгі өкілі ретінде таңдалды.
Таңдау неге бұлай түсті? - деген сұрақтың туатыны белгілі. Меніңше, бұған төмендегідей бірнеше себеп ықпал еткен болуы мүмкін.
Алдымен, АҚШ мемлекет ретінде тарихы ұзақ емес. Соған сәйкес оның мәдениеті де анау Еуропа елдеріне салыстырғанда кенжелеу дамыған деп қаралады. Мәдениеттің бір көрінісі тарих та жатыр. Өткен ғасырда АҚШ әдебиеті Ernest Miller Hemingway, William Faulkner, Saul Bellow, Issac Bashevis Singer, Toni Morrison, т.б. жазушылардың еңбегімен әдебиеттегі өз тарихын түгендеп тастады деуге де болады. Содан кейінгі жылдарда АҚШ әдебиеті Еуропалықтар айтпақшы «өзімен-өзі» болып кетті. Тарих пен мәдениет тұрғысынан әлем әдебиетіне жоғарыдағы авторлардай ықпалды шығарма бере алған жоқ. Оның орнына АҚШ-тың бүгінгі мәдениеті мен қоғамы Sidney Sheldon, Dan Brown, Stephen Edwin King, т.б. авторлар жазған шығарадағы қоғамға барынша жақындады. Рас, Philip Roth, Joyce Carol Oates, Don Delillo-тың қай-қайсысы да мықты жазушы. Бірақ, адамзаттың тарихы мен мәдениеті тұрғысынан олардың қай біріне Нобель сыйлығын беру ештеңені өзгертпейді: ол мықтағанда жұртты постмодернистік АҚШ қоғамына назар аудартудан ары аспауы мүмкін. Ендеше АҚШ-қа қатысты болса, бүгін кімді таңдау керек? Міне, бұл Швед әдебиет академиясының соңғы кешіккен бір аптада шешуге тиісті түйіншегі болған түрі бар. Олар ақырғы есепте - Bob Dylan-ды таңдады. Бұлай болатыны аталған әнші-музыканыт жоғарыдағы ауыр жазатындар мен жеңіл жазатындарды бір шетке сырып қойып АҚШ-тың өткен елу жылдық тарихына, қоғамына тіке қарауға мүмкіндік беретін тұлға болып отыр. Оның өмірі мен өнеріне назар салсақ осыны айғақтайды. Оның үстіне бұл әнші-музыканыттың өнердегі шыққан биігі тап-таза АҚШ-тық ерекшелік алады. Оны таңдағанда АҚШ-тың әдебиет саласы болсын, басқасы болсын, аузына құм құйылады. «Бізге бермедің!» - деп айта алмайды. Шындығына келгенде Bob Dylan АҚШ-тың бүгінгі мәдениеті мен қоғамына керемет өкіл бола алатын өнер иесі! Сондықтан 2016 жылғы Нобель сыйлығын АҚШ-қа беру арқылы Швед әдебиет академиясы күллі әлемге өзінің бүгінгі АҚШ қоғамы мен мәдениеті туралы өзінің түсінігі мен бағасын айтты деуге болады.
Ардақ Нұрғазы
Facebook-тегі парақшасынан