Облыс әкімі Шымкенттегі құрылыс нысандарын аралады
Бүгін қала активімен танысқан өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Шымкенттегі құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарды аралап көрді. Ең алдымен, облыс әкімі Тəуке хан даңғылының күрделі жөндеу жұмыстары мен Қапал батыр көшесіндегі көпірдің құрылысымен танысты.
Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын көпірдің бір жағы пайдалануға берілген болатын. 1 млрд. 142 млн. теңгеге бағаланған теміржол өткелінің бір бөлігіндегі құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған.
Сонымен қатар, облыс әкімі қаладағы салынып жатқан əлеуметтік тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын аралап көріп, "Shymkent-City" жобасымен танысты. Жұмыстардың сапалы болуы қажеттігіне айрықша көңіл бөлген аймақ басшысы нысандардың сырт келбетіндегі сәніне де назар аудару керектігіне тоқталды.
Шымкент қаласын аралау барысында аймақ басшысы жаңадан ашылған Жайлаукөл демалыс аймағында болды. Мұнда ТМД елдерінде биіктігі жағынан үшінші орынды алатын, ал Орта Азия бойынша ең биік аттракцион орналасқан.
Айта кетейік, осыған дейін Оңтүстік тізгінін Жансейіт Түймебаев ұстағанын хабарлаған болатынбыз. Қазақстанның Түркиядағы елшісі қызметін атқарған Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып тағайындалды. Бұған дейін Оңтүстік өңірдің тізгінін Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов ұстаған болатын.
Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласының активімен кездесіп, қала əкімі жəне оның орынбасарларының бүгінге дейін атқарылған жұмыстарының есебін тыңдады.
Алқалы кездесуде қала әкімі өңір басшысына қалаға қарасты мемлекеттік құрылымдардың басшыларын таныстырып, Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі бес жылдық даму тұжырымдамасы жобасындағы бірқатар мәселелер мен жаңа бастамалар туралы баяндады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі