БЕЙБІТ ҚОЙШЫБАЕВ. МӘДИ ӘЛЕМІ
Жазушы Мәди Айымбетовтың өз балалық шағын суреттеген бір тамаша хикаяты бар. «Ол дәурен – бір көрген түс» деп аталады. Оған тақырыбына қосымша «Автобиографиялық фрескалар» деген анықтама беріпті. Дәл анықтама. Шынында да, егер қаламгер шығармаларының әлемін бір биік жартасқа баласақ, хикаятты, құдды, сол жартас бетіндегі өмірбаяндық кескіндемелерден тұратын көркем жолақтар дерсің. Дау-дамайсыз солай, өйткені бұл туынды өзіндік қолтаңбамен бедерленген көркемсөз фрескаларынан тұрады. Солар тұтаса келе, балалықтың ұмытылмас сәттерін сөз арқылы бейнелеген көркемсурет полотносы болып шыққан. Тоғыз тарау-фреска құраған осы хикаятты автор өмірімен тығыз байланысы бар «өркеш-өркеш ақ шағыл құмның керуенімен жарысып ағатын кішкене өзен Сағыз бойындағы жиырма-отыз түтін шағын ауыл» тіршілігінің елестері, шабындық жақтағы «ұшарынан жел суылдаған зәулім теректер» жапырақтарының сыбдыры туғызған сағыныш толқындары дүниеге әкелген екен.
Аталмыш фрескалар топтамасының алғашқысында автордың ауыл балаларына өзіндік баға беріп жүретін, «бүкіл болмыс-табиғаты жайсаң, адамға деген жан ишарасы түзу, үлкен-кішіге қадірлі-қасиетті болған» көк есекті атасы мен оның Шиаяқ атанған немересінің соңдарынан «құйрығын екі бұтының арасына» қысып, «қара үзбей, бүлкілдей» ілескен Майлыаяқ төбетпен танысамыз. Мұнда сол үшеуінің «құм арасының алапат дауылына» тап болу оқиғасы мен одан кейін болған жәйттерге байланысты әжесінің түйген түйіні әңгімеленген. Келесі фрескаға балалардың көлшіктен сарала қаздардың балапандарын қарақшылық тәсілмен айырып алуы және одан туындаған ахлақи түйін бедерленіпті. Үшіншісінде әңгімешінің бала көңілін «мөлтеңдеп мұң тұнып қалған ақ-қарасы айқын көздері» өзіне тартқан әдемі, бірақ ауру қыздың «сұлулығы бір демде ада болған сұп-сұр суық» бейнесі қорқытып, «оқтай атылып тысқа» шыққанында, қарсы алдынан «әзірейілдей үрейлі, бас жібін сүйреткен», «көзі қып-қызыл боп қанталаған қасқа сиыр мүйізін төсеп» шыға келгені, сонда әлгі қыздың оны арқасынан итеріп қап, «сүзеген қасқаның мүйізінен құтқарған» сәті суреттеледі. Оқиғаны еске алып отырған қаламгер «өң мен түстің арасында өтіп жатқандай» сол көріністің бәрі «сол қалпында көкірек-сарайымда өшпестей боп жазылып» қалды дейді... Төртінші фрескадан жөнді бас білдірілмеген торы құнанға мініп шапқан қайсар баланы көреміз. Ол торыдан «бозша жусанның түбіндегі кішкене шұңғылша... кәдуілгі бозторғайдың ұясы» жанына құлайды. Құлаған жерінен пыр етіп ұшқан бозторғай төбеде шыр-шыр етеді, ал «ұяда – бір-біріне тығылып ұйысқан қызыл шақа сарыауыз балапандар»... Торы құнан содан бері жүгенделмей, ұзамай «омырауы биік, қаз мойынды, құйрық-жалы тоқпақтай, бітімі ерекше, келісті торы айғырға айналып», «ауылдың жылқысынан бие, байталдарды бөліп алып, өзі жеке үйір құрған». Ол үйірін қорғаған айғырлар шайқасында жеңіске жетеді, есесіне, жеңілген айғыр иесінің «үшкірленген бақанды торының қапталына қадаған» қастандығы салдарынан ауыр жарақат алады да, құнан кезінде тізгінін ұстаған қайсар баланың үйіне жетіп өледі. «Малдан өш алған адамның қай жері – адам?! ...оған сөз шығындап жүрмеңдер», – деп сабырға шақырады балаларды қарт әже. Бесінші фреска «Қопа ауылының он шақты түтін үйінің балаларын оқытатын төрт жылдық бастауышының маңдайына біткен жалғыз мұғалім» мен оның қолындағы символдық мәні бар қоңырауды бейнелеген. Ұстаз «қаңтар мен ақпан айларында апталап соғатын ақ түтек боран әр жерде шашырап отырған кішкентай бұйығы ауыл» балаларының мектепке жиналуын күтпей, «күртік қармен омбылап, орта жолдан» алдарынан шығып, «ұста дүкенінің ығына тұрып кішкене жылынып» алуға шақырады, сабақ соңында соғыстан кейінгі алғашқы оқу жылына тиісті салтанат әкелген, «ауыл ұстасы әспеттеп соғып берген бір қастерлі бұйым», сол күндері шәкірттерді «күнде сабаққа шақырып, үзіліске шығарып жүрген» жез қоңырау жайын әңгімелейді. Алтыншы фрескада «аңсақ, ізшіл» иттің өскен үйіне берілгендігі, адалдығы суреттелген. Жетінші фрескадан көктемгі қаракөл елтірісін дайындау науқанындағы қозы қырған қасапшылықтың бала санасына қатты әсер етіп, «жауабы қиын сауалдар» туғызғанын көреміз. Сегізінші тарау жазғы ыстықта, «талма түсте бастарын төмен салбыратып үйездеген бес жүз қошқарды... сайдың табанындағы шыңыраудан шығыр тартып» суару үшін қойшыға көмекші боп келген мектеп оқушысының «жапан түздегі қойшының жадау, жалқы тіршілігіне көндіге» алмауы өз алдына, Bolat Batyr
bolatbatyr@mail.ru
«тіршілікте адамдар арасында болып жататын кейбір әділетсіздік пен қиянат атаулыға, кейбіреулердің бойындағы тоғышалық пен қорқаулыққа» куә болып, одан әрі сонда болуға шыдамы жетпегені әңгімеленеді. Тоғызыншы фреска мектеп бітірердегі болашақ жолды таңдау және бозбаланың балғын сезімге адалдығы жайын баян етеді.
Бір хикаятқа тұтастырып түзген осы тоғыз үзік, тоғыз өмірбаяндық фреска арқылы қаламгер оқырманын балалық шағында өзін қоршаған ортамен, қилы тіршілікке толы жанды табиғат пен айналасындағы адамдар арасында өткен алғашқы өмір мектебімен таныстырады. Хикаятын аяқтай келе, азамат болып қалыптасудың алғашқы баспалдағында елеулі орын алған, «мезгіл керуені ұзаған сайын тағы-тағы айқындалып, тағы-тағы жаңғыра берер үзік-үзік осы естелік-көріністер» жайында жазушы: «...жүрегіме соншама ыстық сол әлемнің арасынан жұқалтаң, аңғал бір балақай таң-тамаша қалпымен, жанарында мың-сан сұрақ тұнған кейіпімен маған жалтақ-жалтақ қарай беретін сияқты», – дейді. Сол балақайдың көзінен «сен қазір қандайсың, алыста қалған балалығыңа, маған ұқсайсың ба, әлде мүлдем басқасың ба?» деген сауалды оқиды. Оқиды да, өзіне өзі: «...тез қуанып, тез мұңайғыш, құбылысы кейде қызық, кейде түсініксіз болмысымда балалығымның титімдей де жұрнағы қалмаса, сені осынша сағынар ма едім, бір көрген түстей болған балалық дәурен!» деп жауап береді.
Бұл жазушының суреткерлік кемеліне келген кездегі, өткен жолына қайырылып, балалық шағына сағынышын түйсінгендегі сөзі. Соған дейін ол өз жеке басының емес, жалпы жас ұрпақтың балғын кезеңіне көп үңіліп, шығармашылық қаламын молынан тербеген болатын. Республика астанасында жоғары мектепті бітіріп, балалар баспасөзінде қызмет істей бастауы да оның бұл тақырыпқа мейлінше байыпты қарауына әсер еткен болса керек. Қазіргі заманғы балалар мен жасөспірімдердің бейнесін жасауға, олардың тыныс-тіршілігінен тәлімді көркем сыр шертуге Мәди көп көңіл бөлді. Бірнеше кітап шығарды. Балалар әдебиетінің көрнекті жазушысы ретінде танылды. Содан соң, оқырманға жоғарыда аталған тамаша хикаятымен аттас «Ол дәурен – бір көрген түс» жинағын ұсыну арқылы, ол өзін шығармашылық қабілеті әбден толысқан нағыз сөз шебері екенін көрсетті. Жинақтағы «Шырақшы Қалжігіт», «Құм киесі» хикаяттары мен бір кішкене ғана Құмөзек ауылы адамдарының тыныс-тіршілігін әр қырынан баяндаған он үш әңгіме оны іргелі қазақ жазушылары қатарына шығарып тұр. Автор қаламының қуаты арқылы аталмыш кітап өткен ғасырдың орта тұсында өмір сүрген ауыл адамдарының сан қырлы тіршілігі мен қилы бейнелері сомдалған, сөйтіп, үлкен әдебиетіміздің төрінен орын алатын ажарлы, көп суретті көркем полотно болып шыққан.
Кітапқа енген алғашқы хикаяттан имандылық пен құлқын жетегінде өмір сүретіндердің тіршіліктегі тайталасы жайында оқимыз. Мұнда жазушы ел-жұртқа қызмет көрсетудің өзіндік адал жолына түскен және одан опат болғанша таймаған Қалжігіт бейнесін толыққанды етіп сомдаған. Қалжігіт «аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» деп ұрандатып, елден сыпырып, тігерге тұяқ қалдырмай кеткен алағай да бұлағай заманның қасіретін, қайғысын» бастан кешкен ұрпақтан. Оның әкесі отбасын алып, «пиғылы түзу болмаған уақыт, пиғылы түзу болмаған ел төрелері халықтың басына... зауал әкелген» аласапыранды жылдарда «ел шетінен ұзап, Әмудің жағасына келіп, қараша үйін тіккен». Сол шақта оның «түсіне аты адай жұртының ұранына айналған Бекет батыр кіріп», аманатын айтады. Бекет батыр Атырау-Жайықтан, Барақ Жем-Сағыздан көтерілгенде, екеуі «елге пана, жерге қорған» болушы еді. Сол «ел шетіне келген жауға жанын аямай қарсы тұрған арлы, жаужүрек» замандасының, «атағына, ақыл-парасатына тәнті болған құрбылас арысы Барақтың басына ел-жұрт тағзым етіп келер тілеухана салып, бір жаз, бір қыс шырағын жақ» дейді. Алайда тағдыр оған аянмен берілген аманат-тапсырманы орындауды нәсіп етпейді, дертке шалдығып, «орындалмай бара жатқан арманын» үлкен ұлы Қалжігітке аманат етеді де, сол Әму бойында дүниеден озады. Ауыр жылдарғы індет Қалжігіттің анасын, інілерін әкетеді, сопиып жалғыз қалған ол соғыстың алдында бас құрағаны сол, әскерге алынады. Жеті жылда аман оралады, бірақ, шаңырағы сақталмай, тағы да жалғыздық қасіретін шегеді. Төрт-бес жыл тіршілік етіп, ақыры, азын-аулақ жиған қаржысын қалтасына салып, «бойдан әл-дәрмен кетпей тұрғанда әкей өсиетін орындағалы» жолға шығады. Хикаят оның Қоңыраттан шығып, Сам құмының шетіне іліккелі соққан құм дауылында атанын жетекке алып ілбіген, болар-болмас қыбырлап, қиындықпен жылжып келе жатқан кезінен басталады («Шырақшы Қалжігіт»). Дауыл басылғанда ол өзі секілді бұрынғы майдангер, қазір ақсақ-тоқсақ мал бағып отырған қойшыға кезігеді. Олар пікірлес болып шығады. Ұзамай Барақ зиратына тақау жерде баспана салу жұмысы басталып кетеді. Тілеухана тұрғызылғанға дейін де, құрылыс бітіп, «Барақ әулиенің басындағы Қалжігіт ұстап, шырақ жағып отырған тілеуханаға келушілердің қарасы көбейе» түскеннен кейін де, ізгілікті құрметтей білмеушіліктің небір түрлері алға тартылып жатады. Сталиннің өмірден өткен хабарын естігенде: «Кешегі соғыста Сталин жарықтықтың аты аталмайтын бір күн болмайтын еді-ау», – деп еске алған Қалжігіт шырақшыны «жабыңқы көңіліндегі құран оқып, аза тұту-тұтпауға қатысты екіұдайылықтан» «көсем дінінің басқалығы» құтқарғандай болады. Бірақ содан көп ұзамай, өзімен діні бірлер көрсеткен қорлыққа ұшырайды. Олар «өзіне қызмет істейтін жалшы ұстап отырған біздің социалистік қоғамға жат контраны» жазалауды мақсат етеді. Шырақшының «қайдағы бір моланың басына үй салып, аңқау елге арамзалық істеп, тапа-тал түсте момын елді алдау, арбау» арқылы «тиын-тебенін қағып алуын» тыю керек дейді. Кеңес өкіметінің заңына сәйкес келмейтін мұндай басбұзарлықты ауыздықтау үшін «партиялық тапсырма» ретінде тілеухананы бұздыруға тырысады. Ақыры, «көкірегіне ұялаған парыз-арманын қасиеттеп орындаған, бірақ сонау алыста қалған мекеніне оралуға дәм жазбаған» Қалжігіт шырақшы әлдебір қарақшылар қолынан жер құшады. Сонда Қалжігітке фәни тіршілік өзінің нұрлы тынысын сезіндіре алмады, ешкім оны жоқтамады да, «етбетінен түсіп, жансыз сұлап жатқан иесін» тек сетік атан ғана тұмсығымен түртіп, «көздерінен бұршақ-бұршақ жас төгіле», иіскелеп тұрды...
Билеуші партия атынан әмір айтқыш, ішіне арамзалық ұялаған белсенді, аупартком хатшысы Алданыш Жарылқасов дала еңбекшілерінің шаруашылық жүргізудегі таным-ұстанымдарына кереғар әміршіл-басқарушылық тәсілмен әрекет етеді («Құм киесі»). Ол әрдайым «жұрттың қас-қабағына қарап, әркімді шетінен жұбатып жүруді жағдай көтермейтінін», «коммунистік жауапкершілікті» сезінуді «партия, Сталин жолдас» талап ететінін жалаулатады. Шаруашылықта көрсеткен солақайлығы өз алдына, жұрттың рухани сезіміне де қаяу түсірер шешімдер жасайды. Ерте кезде ел-жұрттың ықыласымен «Самның меңіреу түкпірінде Тұрыш ишанның мешіті мен бала оқытатын медіресесі бой көтерген» де, осы мекенде сол кісі табан аудармай еңбек еткен. Білімнің жарық сәулесін талай шәкіртінің көкірегіне түсіріп, халықтың рахмет-сауабын алған. Соны бүгінгі үлкен өкіл Жарылқасов «надандық, қараңғылық» деп бағалайды. «Надан халыққа қайдағы бір жоқ құдайдың атын айтып, аузынан құраны мен алласы түспейтіндердің бәрі жатқан бір әулие», «тұтастай бір қала салуға жететін кірпіш, тас солардың моласына қаланыпты» деген кіжінісін жұрт естиді. Құлаққа тиген хабардан бастықтың «зираттың басындағы тастардан үй тұрғызамыз, мектеп, құлып, дүкен саламыз» деп ұйғарғанын ұғады. Шынымен де, «Тұрыш ишанның мазарын, мешіті мен медіресесін бұзып, тас-кірпішінен, ағашынан малшыларға үй, малға қора салдырмақшы ниеті бар» Жарылқасов «қорымға таяу төбенің етегіндегі Тұрыш ишанның мешітін өзі басы-қасында жүріп бұздырды. Жұрттың «қасиетті құтхананы бұзғанымызға тәңірдің кәрі тимес пе екен?» деген күңкілін құлағы шалғанда қаны басына теуіп, әлгілерге сесін көрсетеді. Діншілдікке салынып, үкіметтің тапсырмасынан бас тартсаңдар, түрмеге қаматтырамын деп қорқытты. Дегенін істетті. Құм далада ол өстіп жарты патшадай күн кешті.
Ұнатып иемденген таңдаулы айғыр кілт жұлқынғанда, үстінен жерге ұшып түскеніне кектеніп, оны атып өлтіреді. Және онысына еш қысылмайды, «бұл жердегі аудан – менмін. Самдағы малыңа да, адамыңа да жауап беретін – мен» деп мәлімдейді. Әрине, ештеңеге жауап берген жоқ. Ол іс жүзінде адам тағдырына да жауаптымын деп ойламайтын. Әсіресе, нәпсісін тояттату мақсатымен, «қойды күндегі өрісіне, ауылдан екі-үш белең асырып жайып кеткен» жас келіншекті қармауына түсіргенінде де ондай ойға келмегені анық. «Қорланған тәні мен жаны» келіншекті «арнасына сыймай өрекпіп жатқан» Жемнің құлама кемерінен төмендегі суға құлатқанын білсе де ол қиналмас еді. «Артында күңіреніп қалған атасы мен енесі өлі-тірісі белгісіз, хабарсыз кеткен жалғыз ұлының жарын, келінін дертті, айықпас уайымға ұшыратқан, оның албыраған жастық арман-үмітін күйреткен, ақыры қыршынынан қиып, опат қылдырған» жағдайға айыпты ретінде озбыр өкілді емес, «қанқұйлы соғысты қарғады». Ал Жарылқасовтың құмды өңірді шексіз билеуіне ойда жоқта тап болған талма ауруы тосқауыл салады.
Отыз жылдан кейін «шашы қудай аппақ, шаршаңқы, еті қаша бастаған тозыңқы сұп-сұр жүзіне әжім іздері терең түскен, кеудесі еңкіштеу, көсе иекті» Жарылқасов көрінеді. Ол соңғы он шақты жылдан бері «Самдағы Тұрыш ишанның басына түнеп, мінәжат етіп» жүрген... «Есер бас не істетпеді маған, соның зардабын шеккен сорлының бірі» болып қалғандықтан да, «есерлікпен залалым тиген киелі жер, киелі құмдағы әулиеге тәу етіп келе беруге менің де әл-дәрменім жете бермес», – деп, «қазандай басы қалтаң-қалтаң» етіп, кезінде үзеңгілес болған жергілікті шаруашылық басшысы Жұманмен қош айтысады. Жұманның ойына: «Құмның да, жердің де, адамның да киесі бар екендігін, әттең, ...кеш біліпсің...» деген сөздер оралады... (Бұл хикаят кейін ел қамын жан-жақты ойлайтын шаруашылық басшысы бейнесін негізгі тұлға етіп сомдаған «Дүние – керуен» атты тамаша романға дамытылды).
Аталмыш қос хикаятта жазушы Сам құмындағы ел ардақтысы бейітіне келушілердің зиярат етулеріне қолайлы жағдай жасауды ойлаған шырақшы айналасындағы оқиғалар мен мал шаруашылығын кәсіп еткен ауыл адамдарының бөтен ниеттегілердің қилы қиянатымен астасқан тыныс-тіршілігін шебер суреттеп, оқырманды тағылымды ойларға жетелейді. Жинақтағы әңгімелердің де айтары мол. Айталық, «Құла түздегі үнсіздік» кішкене ауылдағы толғағы келген әйелді орталықтағы босану үйіне апаруға алып шыққандардың жолшыбай аңшылық дертке еліріп, қос қасқырдың соңына түскенін көреміз. Ақыры олар қаншығын жанұшыра қорғаған арланды атып алды. «Сол ессіз қуғынның қызған шағында маңқиып жатқан таңғы қарлы дала» «аңшылар» босану үйіне әкеле жатып уақытша жерге жатқызып кеткенде толғағы жеткен әйелдің «аналық аяулы қиналысының ауыр сәтіне» куә болады. Адамдар қасқыр қууды жалғастыра берген, «кішкентай қызыл шақаның іңгәлай шыр еткен әлсіз үні» шыққан сәтте олардың қатыгез оғынан «түз көкжалы өз тіршілігінің жалғасы – қаншықтың құрсағында кеткен ұрпағының аман-есендігі үшін мерт болып» еді...
Аңшылар елірмелігінің «бет қаймағы бұзылмай тұрған табиғат мәйегінің аядай ғана пұшпағындағы тіршілік үйлесіміне» қалай қиянатын тигізгені «Кәрі жыланның азасында» суреттеледі. «Той» атты әңгімеден ауылдағы автодүкеншінің кенже ұлын үйлендіру «қызығына әбден беріліп, ...бұл дүниеде әкесі мен шешесінің бар екендігін біржола жадынан шығарғандай» болғанын оқимыз. Керемет той өтіп жатқан кезде, той иесінің ата-анасы «қонақ лық толы бүркеме-шатыр құрулы» ауланың түкпіріндегі қоңырқай киіз үйде «өздерінің біртұтастық келісімдерін бұзбай, жарық дүние төрінен мәңгілікке бірге аттанып» кеткен еді. «Тәтті мұң» деген әңгімеге күйеуі майданнан оралмаған қаралы келіншектің назалы жалғыздығы арқау болған. Құмалақшы Нұрбердінің ауыл ішінде беделділігі аттас әңгімеде суреттеледі. Оған соғыстан қайтпаған ұлына Жұмағыз кемпір жылда құмалақ салдыртатын. Оның өмірін маздататын жалғыз үміт – баласының өлмегендігіне деген сенім болатын. Амалы жоқтықтан, Нұрберді құмалағын әдетте оң сөйлететін. Соңғы рет, кемпір ауыл шалдарына түстік беріп, өзін алаңдатқан түс көргенін, ұлы жайында биыл құмалақшы қайнының құмалағы не хабар берер екен деп жүрегі лүпілдеп отырғанын айтқанда, құмалақшы тұңғыш рет тосын жору жасауға тәуекел етті... Араға бір жұма салып кемпір дүниеден өтеді, ал садақа асының соңы ағыл-тегіл нөсерге ұласады...
Ауылдағы жұрт қорықшы шал дейтін Оспанқұл өзеннің арғы бетіндегі адам көзінен қопалы қамыс тасалаған қара суды көреді («Балық баққан әпенде»). Оның «жондарымен судың бетін тіліп, иір-иір қайнап, құжынаған балығы» есін алып, «мынау бір ауылды асырайтын балық қой» деп түйеді. Табысы жайында басшыларды, ауыл адамдарын хабардар етеді, бірақ ешкімнен қолдау таппай, қара суды өзі ғана қори береді. Сөйтіп жүріп, күзде суық тигізіп ауырып қалады. Сонда оған берілген балық сорпа жаздай қорыған өз балығынан пісірілген болып шығады. Аудан жақтан келген автобаза жүргізушілері кеше ғана дүкен алдында қап-қап балық сатыпты... «Күрең құнажынның уызы» Оспанқұлдың немересі кілтші Жантемірдің қызын алып қашқанын, «басқа-басқа, өзі ата жауындай көретін, сімер, тырысқақ Жантемірмен құда болам деген ой Оспанқұлдың үш ұйықтаса да түсіне кірмегенін», ақыры баяғы араздықтан арылып, екеуінің құда болып табысуын жып-жылы түрде баян етеді. Ал «Бектеннің үйленуі» ауылда «бес бөлмелі даңғарадай үйде сопайып жалғыз» тұратын, құрдастары әлдеқашан түтін түтетіп, алды бес-алты балаға әке атанғанмен, қатардан қалып жүрген сүр бойдақтың қолы, ақыры, тым ұзақ күткен жылы мейірімге жеткенін суреттейді... Бірі поштабай, әрі аудандық автоинспекцияның штаттан тыс инспекторы, екіншісі шопыр болып істейтін екі құрдастың арасындағы егес жайын «Қубайдың куәлігі» әңгімелейді. Бекдауылдың ешбір ауылдасын сендіре алмаған қасқыр соғып алу хикаясы «Қасқыр иттің терісі» әңгімесінде суреттелген. «Ақпанбайдың қалжыңында» Құмөзектің жеке сиырын бағатын падашы Ақпанбай үшті-күйлі жоғалып кетіп, ауылды біраз дүрліктіреді. Бесінші күні бір-ақ оралып, өзінің сәскеде ғана НЛО-ға кез болғанын, кешке қайтып келгенін, яғни бес күн емес, бір-ақ күнде, әдеттегі уақытта үйіне келгенін айтады. Мұндай хабар елеусіз қалсын ба, жан-жақтан ауылға уфологтар ағылады. «Ақпанбайдан өзге еш пенденің көзіне шалынбаған НЛО деген кереметтің өзін көрмесе де көргендей боп, уфология ғылымына өздерінше жаңа дерек қосып, келімсектермен дәмдес болған Құмөзектің озат падашысымен сүгеретке, киноға түсіп» алыстан келген қонақтар меймандос ауылдан әбден жайланып аттанды». Алайда бұл Ақпанбайдың жәй ғана әзілі боп шығады... Ауыл кітапханасы төңірегінде болған жариялылық кезіндегі тіршілік, «жұрттың көңілін сергіткен шарапатты күндер» жайын «Кемпіршуақ» суреттейді. Ал Құмөзектің маңдайына біткен қос аңшының қызығы «Тасымқұлдың шындығы» әңгімесінде жеңіл юмормен әсерлі баян етіледі.
Аталған хикаяттары мен әңгімелері арқылы жазушы құмдағы кішкене ауылдың күллі тыныс-тіршілігін барша бояуымен оқырманның көз алдына әкеледі. Бұл кітапта, тұтастай алғанда, өткен ғасырдың ортасындағы ауыл өмірінің панорамасы жасалған. Мәдидің жазушы қаламын еркін меңгерген суреткерлігі кейінгі «Күн-Ғұмыр элегиясы» жинағында жаңа қырынан ашылған деуге болады. Кітапқа енген хикаяттар мен әңгімелер топтамасына қазіргі таңдағы өмір шындығы арқау болған. Жинақ «Алабай-дода» хикаятымен ашылыпты. Бұл бүгінгі жекеменшіктік сезім дәуірлеген замандағы қатыгез бәсекелестік пен бақталастықтың адамшылықпен үйлесе бермейтін кей көріністерін жайып салып, оқырман тезіне тартатын шығарма. Туындының өзегі жанкүйер-құмарымпаздар ортасында өтетін жауынгер төбеттердің қанды шайқасына негізделген. Қаламгер алабай-доданың бас жүлдесі үшін талас – қилы әрекет жасауға бейіл іс адамдарының да мәртебесіне сын іспетті болғанын хикаят тініне шебер тоқи келе, ғұмыры екі іскер жігітке байланған «нағыз табиғи көрікті тал бойына жиған келіншек» тағдырын да әсерлі көрсетеді. Әсіресе Атой және Дүр деп аталатын қос алабай тұқымды иттің төбелеске баулыну жолдары мен олардың шешуші айқасын және сол шайқас төңірегіндегі адамдарды бейнелеудегі жазушының сөзбен сурет салу өнері еріксіз риза етіп, оның жануарлар табиғатын терең білетіндігі сүйсінтеді. Хикаят құрылып жатқан капиталистік қоғам әкелген өзгерістер шындығынан сыр шерткен кемел туынды боп шыққан.
Ал «Өмір ойыны» хикаятында қаламгер сүйіспеншілік отына өртенген Танакөз есімді келіншектің басынан кешкендерін психологиялық дәлдікпен суреттейді. Мәди бұл махаббат хикаясы бейнеленген туындысына эпиграф етіп ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі арабтың аса көрнекті жазушысы әм философы Халил Джебран қаламынан шыққан: «Біз өздеріміздің қуаныштарымыз бен мұңдарымызды соларды бастан кешуден әлдеқайда көп бұрын таңдап аламыз», – деген афоризмін келтірген екен. Бұл тұжырым-сөзден үй-жайы, ері, бала-шағасы бар жас әйелдің болашақ сезім құбылыстарының бастауында өзінің күнделікті, әдеттегі тіршілігіндегі елеусіз басқан қадамы жатқанын қапысыз танимыз. Шынында, Танакөз қала автобусында кездейсоқ тіл қатысқан ер адам келешекте өзінің есіл-дертін билейді деп ойлаған емес. Хикаят «ғашық болуға жаралған әйелдің нәзік болмысына зорлық жасай алмаған Танакөздің ешкімге айтылмас, өзімен бірге тұп-тұнық өмір сүріп, жүрек тұңғиығында сақталар мәңгілік құпиясы» жайын жырлайды.
Махаббат тақырыбы жазушының «Ақша бұлтқа айналған Таңкөрік» атты әңгімесінде бір қарағанда мүлдем оғаш, ешкім күтпеген қырынан қозғалған. Әңгіменің кейіпкері Әндірбай «ұлының жыныстық тәрбиесіне қатысты... өзімен «жездекем» деп көрген жерде әзілдесе беретін... Таңкөрікпен» сөйлесіп, олардың арасындағы болашақ қайғылы ғашықтық сезімнің тұтануына өзі себепкер болады... Осы мәңгі қозғала бермек тақырыптың тағы бір қыры – «жетпістің үстіне шығып, ақсақал атанған, немерелеріне ата атанған» Сырымбеттің бала кезгі арманын арнайы іздеп баруы «Сезім синдромында» суреттеледі. Бұлармен қатар, жинақтағы бірқатар әңгіме қазіргі заманның қатыгез шындықтарына бетпе-бет келгендер тағдыры жайын бейнелейді («Тамұқтан оралған бейкүнә», «Арнасаздың көпірі», «Ымырттағы жалғыздық»). Ал «Бозқараған гүлдегенде» атты мұңды әңгіме әжесімен бірге шағын ауласы бар жатаған үйде тұратын он беске жаңа толған, балғын қыз Мейіргүл жайын суреттейді. Бұл жеткіншек қызбала үшін «үйдің күнгей бетке қараған қос терезесінің алдында өсіп тұрған жалғыз түп бозқарағанның» жұпар атып гүлдеген шағы нағыз мерекеге айналады. Ол бұл күндерде әкесінің келуін тосады. Қанша күту керек болса, сонша күтер еді, бірақ бозқараған күте алмайды, қауызын ашқан әдемі гүлдері үлбірей-үлбірей, әбден оңып кетеді... «Көл жағалаған Әбіласан мен бозтайлақ» әңгімесі өмір бойы суретке түсірумен айналысқан фотограф жұрт демалатын көл жағасына жібек баумен ноқталанып, оюмен нақышталып, айыр өркешіне өрнектелген ақ киізді жапқан кезде жайнап шыға келген үлпілдеген жас түйені жетектеп келіп, жеке бизнесін ашқанын және оны қалай жүргізгенін көрсетеді. Ауыл өмірінің әр қырын қарастырған тәлімді көріністер «Оппозиционер Пайзырахман», «Сырлы зерен» әңгімелерінде суреттелген. Ал «Құлан-елесте» бір кездері құпия жүргізілген бактериологиялық тәжірибелер зертханасы ауласының қақпасын ғана күзеткен Диярбектің көп жылдар бойы жабық сынақ өткізіп келген жасырын елді мекеннің жұртында, жапандағы аралда жалғыз қалғандағы басынан өткергені әңгімеленеді...
Жалпы, кітаптағы туындылар өмір сахнасында орын алып жатқан сан түрлі тағдырды, адамдар ғұмырындағы арман-мұрат, әділет, ізгілік, қиянат сынды қасиеттерді ұмытылмас образдар жасау арқылы беріп, олардың іс-әрекеттерін, таным-түсініктерін көркем тілмен өрнектеуімен ұтымды шыққан. Өмірдің күрделі проблемаларына зерттеулер жүргізіп, солар жайында философиялық ойға берілудің эмоциялық нәтижесі іспетті көрінетін шығармаларының топтамасын «Күн-Ғұмыр элегиясы» деген лирикалық тіркеспен атағанынан-ақ кітаптың көркемдік қуатына жазушының ерекше күш салғаны байқалып тұр. Жинақты аяқтайтын «Портрет-эсселер» бөлімінде автор қаламына белгілі тұлғалардың (Зейнолла Серікқалиев, Қасым Тәукетегі, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Есенбай Дүйсенбайұлы) шығармашылығы мен өмірлеріндегі кей кездері арқау болған. Олардың әрқайсысы жайында жазылған сырлы толғаулар кітаптағы хикаяттар мен әңгімелер топтамасын, асыл тас қондырылған нәзік тұғыр секілденіп, сәтімен көмкеріп тұр.
Біз шолып өткен туындылар жазушы Мәди Айымбетов шығармашылығының шағын бір бөлігі ғана. Ол әдебиет сүйер қауымға өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында алғашқы әңгімесімен еліміздің бас әдеби журналы «Жұлдызда» көрінген еді. Содан бері өмірдің әр қырын роман, хикаят, әңгімелерінде суреткерлік шеберлікпен қарастырған көптеген прозалық кітаптар шығарды. Бүгінде жетпіс сынды елеулі белеске алқынбай жетіп қалған қарымды қаламгердің қаламынан туған көркем әлем қалың оқырманды тәнті етіп, қазақ әдебиетінің бағалы қазыналарының біріне айналып отыр. Үлкен суреткер досымыз Мәди Айтбенбетұлы Айымбетовті кемел жасымен құттықтап, жаңа шығармашылық табыстар тілейміз.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ