Несие алған түркістандық шаруалар кәсібін дөңгелетіп отыр
Шүкір, қазір ауылшаруашылық саласында кәсібін дөңгелетемін дегендерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау жасалады. Түркістан қаласында «Максимум» АИО ашылғалы бері жергілікті шаруалардың жалпы сомасы 2,9 млрд. теңгені құрайтын 1038 жобаны қаржыландырған. Оның ішінде 1,6 млрд. теңгені құрайтын 1018 жоба «Ырыс» микроқаржы ұйымына тиесілі.
Жергілікті әкімдіктің тиісті мамандарының мәлімдеуінше, қазіргі таңда аталған жобалар сәтті жүзеге асып, кәсіпкерлер еңбегінің жемісін көріп жатыр екен. Мәселен, 3 гектар жерге жылыжай кешенін ұйымдастыруды жоспарлаған жергілікті «Дидар» шаруа қожалығы 2014 жылы «Максимум» АИО-нан 270 млн. теңге несие алып, жоспарлаған ісін жолға қоюға мүмкіндік алған. Істің көзін тауып, кәсібін берекеге айналдырған кәсіпкер бүгінде сол жылыжайында өндірген өнімдерін алғаш жергілікті нарыққа шығарса, қазір Ресей еліне де экспорттап жатыр. Ал, 3 ай бұрын ғана 9 млн. теңге көлемінде несие алған кәсіпкер Ербол Ашабаев ірі қара малды бордақылауды жолға қойып үлгерді. Ол жылына 70 тонна ет өндіруді алдына мақсат етіп қойған. Осылайша, өз өңірінде мал шаруашылығын дамытуға елеулі үлесін қосуда.
Сол секілді индустриалды аймақта орналасқан «Grand Miks» - жиһаз цехы ғимаратын заманауи жабдықтармен жабдықтауда. Ол «Максимум» АИО-нан 68 млн. теңге көлемінде алған несиені Қытайдан соңғы үлгідегі жабдықтарды сатып алуға жұмсапты. Осылайша цех жұмысына жан бітірген кәспкер алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Қазірдің өзінде бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жеке кәсіпкер Нұрлан Сәулебаев та «Ырыс» МҚҰ тарапынан қолдау көрген азаматтардың бірі. 12 млн. теңге несие алған ол бұл қаражатты ағаш өңдеу бизнесіне бағыттапты. Оның ашқан цехынан шыққан бұйымдар лезде-ақ үлкен сұранысқа ие болып, соның арқасында 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтыды. Алдағы уақытта цех қуаттылығын арттыруды ойлаған Н.Сәулебаев алғашқы несиесінен құтылғаннан кейін жаңа қадамдарды бастау үшін тағы да осы ұйымның көмегіне жүгінбек. Талапты ерге нұр жауар демекші, талапты азаматтың алға қойған мақсаттары орындала берсін деген тілек білдіргіміз келеді.
Abai.kz