Шымкенттегі дендрарий саябағына ағашты қазып-отырғызу агрегаты сатып алынды
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Шымкент дендрологиялық саябағы» МКҚК-на облыста жоқ «Optimal - 1400» ағаш қазып-отырғызу агрегаты сатып алынды.
Бұл агрегаттың қылқан жапырақты ағаштардың биіктігі 2 метрден жоғары, ал қалған ағаштардың 4 метрден жоғары жасыл желектерді топырағымен қоса қазып алуға және басқа орынға отырғызуға арналған мүмкіндігі бар. Агрегаттың қазу тереңдігі 90 см болса, қазатын топырақтың үстіңгі диаметрі 140 см құрайды. Ал техникалық параметрі бойынша сағатына 3-5 ағашты қазып алып, келесі орынға отырғыза алады.
Қазіргі таңда, дендрарий саябағында 97 мыңға жуық жасыл желек жайқалып тұрса, соның бүгінде 7 мыңы орнынан қайта алмастыруды қажет етеді. Алуан түрлі ағаш түрлерінің жалпы аймаққа шашырай орналасып, үлкен аумақта аралас өсуіне байланысты оларды тамашалау ыңғайсыздық тудыруда.
Сол себепті, ағаштарды класс және түріне қарай шоғырландыру саябаққа келушілерге ағаш түрлерімен толық танысуға жағдай жасауға осы агрегат көп септігін тигізбек. Мамандар биылғы жылдың жоспары бойынша жаңа жылға дейін 2 мың түп ағашты аталған техниканың көмегімен «көшіруді» жоспарлап отыр.
Осылайша, облыс көлемінде мемлекеттік мекемелердің қажеттілігіне және жеке тұрғындарға ақылы қызмет көрсету арқылы осы күнге дейін құрылыс пен коммуникация жүргізуге кедергі болған ағаштар кесіліп алынған болса, аталмыш машинаның көмегімен ешқандай қиындықсыз басқа орынға көшіру мүмкіндігі туып отыр.
Абай ақпарат