ҚАРАСАЙДА ЖАҢА ЗЕРТХАНА АШЫЛДЫ
Жеке зертхана заманауи автоматтандырылған құрылғылармен жабдықталған.
Қарасай аудандық емханасының базасында «Олимп КДЗ» ЖШС-мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде Жоғары технологиялы зертханалық диагностика орталығы ашылды. Енді аудан тұрғындары мен емделушілерге анализ тапсыру үшін ұзын-сонар кезекке тұрудың немесе басқа қалаға барудың қажеті жоқ. Жаңа жекеменшік орталық қаржы мен уақытты үнемдейді, анализдің нәтижелерін алу да ыңғайлы болмақ.
«Орталық дәрігерлер мен емделушілер үшін зертханалық зерттеулерді үздіксіз орындауды қамтамасыз етеді, заманауи автоматтандырылған құрылғы зерттеу сапасын 3 деңгейлі бақылауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің басты пайдасы – аудан тұрғындары мен дәрігерлері бюджет қаражатын үнемдей отырып, көптеген сапалы зертханалық қызмет түрлеріне қол жеткізеді, диагностика мен науқастарды емдеу деңгейі артады», – дейді бас директор Ерлан Сүлейменов.
«Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі медициналық қызмет көрсету нарығында 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді, бүгінгі таңда Қазақстандағы жекеменшік зерханалардың ішіндегі көшбасшысы. Зертхананың 14 облыста және республикалық маңызы бар 2 қалада филиалдары бар. 2014 жылдан бері компания ISO халықаралық сапа стандарты бойынша аккредиттелген. Тағы бір үлкен артықшылығы: емделушіні ем алуға шетелге жіберген жағдайда, компания нәтижелерді қосымша төлемдерсіз ұсына алады. Бүгінде емделушілер үшін 2000-нан астам зерттеу қолжетімді. «Олимп» зертханасы Synlab, Limbach, Centogene
сияқты ірі еуропалық зертханалармен және Ресейдегі Қорған облысының «Молекулярлы-генетикалық сараптама орталығымен» тығыз байланыста.
Аталған жоба аясында заманауи зертханалық құрал-жабдықтары бар және бағдарламалық жағынан қамтамасыз етілген Орталықтандырылған медициналық зертхана құрылады. Ол кейін компанияның сенімді басқаруына беріледі. «Олимптің» бұл жағынан жақсы тәжірибесі бар. 2010 жылдан бері Қарағанды қаласындағы барлық амбулаториялық зертханалық қызметтер табысты түрде орталықтандырылды.
«МЖС шеңберінде әріптестіктен халық қана емес, мемлекет те пайда көреді. Өйткені аудандық аурухана бизнеспен әріптестік орнату арқылы инфрақұрылымдарға инвестициялар тартады, анализаторлар паркін заманауи модульді жүйелермен жаңартады. Ол зерттеулер аймағын кеңейтуге және заманауи жоғарғы ақпараттық тестілер енгізуге мүмкіндік береді. Олар дәрігерлер мен емделушілерге диагностика мен емдеу сапасын арттыруға қажет. Мұндай серіктестік жөндеу жұмыстарына, құрал-жабдықтарды ұстауға, реагенттер сатып алуға кететін шығындарды азайтып, штаттың жұмысын тездетіп, Қарасай ауданы орталық аудандық ауруханасының еңбекақы қорын үнемдейді», – дейді бас директор Ерлан Сүлейменов.
Abai.kz